Атырау облысының олимпиада командасы облыстар арасында жалпы есепте ІІ орынды, ал қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша І орынды иеленді,- деп хабарлайды Атырау облысы өңірлік коммуникациялар қызметі.
Бұл туралы облыстық тамыз маслихатында облыстық білім беру басқармасының басшысы Сатқан Есенгалиев хабарлады.
2020-2021 оқу жылында жалпы білім беретін пәндер олимпиадасының облыстық деңгейінде 72 оқушы үздік танылып, республикалық олимпиадаға жолдама алған болатын. Соның 42-сі республикалық додада топ жарып, 6 алтын, 17 күміс және 19 қола медаль иеленді
Оқушыларымыздың республикалық, халықаралық білім додаларындағы жеңістерінің артында ұстаздарымыздың табандылығы, қажырлы еңбегі тұрғандығы сөзсіз. Сондықтан осындай жетістікке қол жеткізуде оқушыларды олимпиадаға дайындаған ұстаздардың еңбегін ынталандыру мақсатында 29 мұғалімге сыйақы берілді, 10 мұғалімге еліміздің шипажайларына тегін жолдама берілді,- деді басқарма басшысы.