Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

«Жасыл ел»: Ауданда 100-ге жуық жас жұмыспен қамтылды

«Жасыл ел» – 2005 жылдан бастап жүзеге асырылып келе жатқан кешенді бағдарлама.

Сол жылы Астана қаласында «Жасыл ел» Жастар еңбек жасағының Республикалық штабы құрылып, ұлан-ғайыр мекеннің барлық аймағанда бөлімшелері ашылып, өз жұмысын бастап кеткен еді. Аталмыш бағдарлама он жеті жыл ішінде көптеген жастың Отанға деген сүйіспеншілігін оятып, елімізді жасыл желекке айналдыру мақсатында олардың жалын-жігерін, күш-қуатын бір арнаға тоғыстыра алды. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген қағиданы өскелең ұрпаққа ұғындырып, жазғы демалыстарын босқа өткізбей, жұмыс істеп, қосымша қаржы табуға молынан мүмкіндік тудырды. Қазір 1 маусымнан бастап  I топ өз жұмысына кірісті. Облыстық «Жеті жарғы» Үкіметтік емес ұйымының Қызылқоға ауданы бойынша координаторы Альбина Закарияның айтуынша, жалпы аудан бойынша 225 сарбазға жұмысқа тартылу жоспары берілсе, бүгінде 95 сарбаз жұмыс жасап жатыр. Атап айтқанда Миялы ауылдық округінде 25 көгалдандыру, 30 құрылыс, Сағыз ауылдық округінде 20, Мұқыр ауылдық округінде 20  сарбаз екі бағыт бойынша жұмыс жасауда. 

Сарбаздар қазіргі сәтте өз ауылындағы саябақтардың талдарын суару, арам шөбін жұлу сияқты жұмыстарды атқарып жүр. Осы орайда, Миялы ауылдық округінің тұрғыны Ақбота Нұрлыбекқызы:

 –  Жалпы Мемлекетіміздің жастарды қолдау барысындағы «Жасыл ел» Жастар еңбек жасағы тамаша жобалардың бірі деп айта аламын. Қыз-жігіттерді осы күннен бастап еңбекке қосу, олардың жанып тұрған мүмкіндіктерін қоғам үшін пайдалану дұрыс деп есептеймін. Халқымыз «Бір тал кессең, он тал ек» деп бекер айтпаса керек. Жасыл желек – жанғы сая. Қай дамыған мемлекетті алып қарасаңыз да, жастардың белсенділігі өте жоғары екенін көріп, бар шаруа жастардың жұмыла қатысуымен бітетіні белгілі. Сондықтан да, бұл жобаның әлі де жалғасуын қалаймын. Бұл жобаның мақсаты – жастардың еңбекке тәрбиелеу ғана емес, сонымен қатар достарының қатарын көбейтіп, ұйымшылдықпен бірлікте жұмыс жасауы, бір-біріне жанаршылық танытып, жеке өздеріне тән құндылықтарымен өзара қарым-қатынас жасай отырып алмасуы қуантады. Аға буын өкілдерінің бастауымен олардан үлгі ала отырып көптеген іс-шаралардың басы қасында жүру, өзіңді жаңа қырыңнан ашу тағы бір үлкен мүмкіндік. Қазіргі таңда сын сағатта сынға ұшыраған Баубек ағамыздың жағдайы бәрімізге аян. Ауылдасымыз ретінде ол кісінің жағдайы бізді де алаңдатпай қоймады. Аға-әпкелеріміздің бастауымен  Баубек ағамыздың емін қаржылай қолдау үшін көмек қолын создық. Бұның өзінде көпшілігі оқушылар мен студенттер екенін ескере отырып,  жастарымыздың қаншалықты жанашыр, жақсылық та жарысып жүретінін байқауға болады, - дейді. 

Әрине, оқу жылы аяқталысымен жастардың бос жүрмей қоршаған ортаға пайдасы тие отырып, адал еңбек ету қуанарлық жағдай. «Жасыл ел» Жастар еңбек жасағының сарбаздары былтырғы жылдан  бері арнайы сайт бойынша аталмыш жасаққа өтініш білдіріп келеді. Яғни, жұмыссыз жастар, студенттер, биылғы жылы мектепті бітірген түлектер де «Жасыл ел» сарбазы бола алады. Ендеше, жастарымыздың табиғатты аялауы, қастерлеуі көпшілікке үлгі болғаны жөн.

                                                                              

Нұрсәуле ЖАУЫНБАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT