Жақында «Жангелдин» мәдениет үйінде ауылдың белсенді жастары Азамат Дүйсенбеков және Асхат Есенғұловпен «Бірлігі жарасқан жастар» атты кездесу кеші өтті.
Оның да өзіндік себебі бар. Өйткені, Азамат пен Асхаттың көмегімен көптеген ауыл тұрғындарына көмек көрсетілді. Мәселен, 1991 жылғы түлектердің мектеп бітіргендеріне 10 жыл толуына орай Жангелдин ауылына шағын футбол алаңын салдырып берді. Сондай-ақ, ауыл тұрғыны Ғаділбектің көзі көрмей қаупі туындап, дәрігерлер көзіне отаны тек Түркия елінде жасауға кеңес берген еді. Ауылдастарына көзіне отаны жасату үшін қомақты қаржы жинауда да сүбелі үлестерін қосқан қос азамат жан-жаққа хабарласып, қаржы жинастырып, өздері Ғаділбекті Түркия еліне апарып келді. Бүгінде Ғаділбек ауылдастарына дән риза. Қашан да қайырымдылықтың басы-қасында жүретін екі жас ауылдастарын қиын-қыстау кезінде үнемі қолдап, аз қамтылған отбасылар мен көпбалалы аналарға да ұдайы көмектесіп, қастарынан табылды.
– Алда жоспар көп. Өзіміз туып-өскен ауылымызға мешіт салып берсек деген ойымыз бар. Және тағы бір ауылдасымызға көзіне ота жасатуға қаржы жинастырып, Түркия еліне жүрмекпіз, - дейді Азамат Дүйсенбеков.
Шараға келген қонақтарға «Жангелдин» мәдениет үйінің қызметкерлері әнмен шашу шашып, ізгі тілектерін арнап, арнайы сыйлық табыс етті. Осындай жалынды жастарымыздың ауылдастары үшін жасаған игі істеріне жерлестері де дән риза. Әрқашанда бірліктері жарасқан, ынтымақтары ұласқан әрі қайырымды істермен айналысып жүрген осындай ауыл жастары көп болса игі дейсің.
Кәмшат Әбіш