Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Жалынды жастардың көп болуын тілейміз

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ұсынысымен биылғы жылдың Жастар жылы деп жариялануы жастарды бір серпілтіп, бойына жігер сыйлағандай.

Бұл сәрсенбі күні «Тәуелсіздік ұрпақтары» атауымен өткен Жастар жылының ашылу салтанатында айқын көрініс тапты. Онда түрлі салада еңбек етіп жүрген жас кәсіпкерлер, еріктілер, ауыл шаруашылығы, ғылым және әдебиет саласындағы мамандар сөз сөйлеп, ұсыныстарын жеткізді.

Солардың бірі – махамбеттік «Сарайшық» ЖШС-нің жетекшісі Тамила Розметова өзінің атқарып отырған кәсібі туралы айта келіп, биылғы жылы Астана қаласынан алма ағашын егіп, бақ ашу туралы ұсынысын айтты. Оның бұл ұсынысын мақұлдаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласының әкіміне алма бағына арнайы жер беруді тапсырды. Басқа да сөз сөйлеген әр саланың өкілдері жасап жатқан кәсіптерімен таныстырып, пікірлерін білдірді.

Салтанатты шарада сөз алған Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев қоғам өмірінің барлық аспектілеріне жастардың кең ауқымда және тиімді қатысуы үшін Жастар жылының маңыздылығын атап өтті. Мемлекет басшысының жастарға қатысты қозғаған мәселелерінің бірі – тұрғын үй мәселесі. Бұл туралы «Бүгінгі таңда жастарға сапалы білім, жұмыс, баспана мен отбасы құруға мүмкіндіктер керек. Ғалымдар келешекте әлем өркениетінің 60 пайызы 600 үлкен қалада болатынын айтады. Сол себепті еліміздегі үш үлкен қалада кезекте тұрған жастардың тұрғын үй мәселесі назарға алынуы тиіс», – деген Елбасы Астана, Алматы, Шымкент сияқты үлкен қалаларда жұмысшы жастарға арнап жылына кемі 1000 тұрғын үй салуды қолға алуды Үкімет пен Президент аппаратына тапсырды. Салынатын тұрғын үйлер жалдамалы баспана негізінде және «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде берілетінін айтты.

Ал, қарттар үйінде тұратын қарияларды көргенде қабырғасы қайысатынын, бұл ретте үлкендер әрдайым жастардың жүрегінен жанашырлық пен қамқорлық күтетінін атап өткен Нұрсұлтан Әбішұлы «Қартайған әке-шешесін үйінде ұстайтын. Баласын жетімдер үйіне беру қазақта мүлде болмаған. Сондықтан, Қазақстанда жетімдер үйі болмауы керек. Жетімдер үйінің балаларын асырап алу адамға да, Аллаға да жағатын нәрсе», – деді.

Талантты да талапты жастар ауылда да бар. Ал, ауыл жастары қала жастарына қарағанда көп мүмкіндіктен қалыс қалып жүргенін қаперге салған Мемлекет басшысы ауыл жастарына кәсіп ашып, іс бастауға көмек қолын созу керектігін ескертті. Қашанда жастардың білімді болуын үнемі қолдап жүретін ол жас ғалымдардың зерттеулеріне қолдау көрсететінін атап өтті. «Жас ғалымдарға ойларын жүзеге асыруға көмектесуіміз керек. Осы орайда, Үкіметке іргелі және қолданбалы зерттеулерді қаржыландыруды ұлғайтуды тапсырамын. Жас ғалымдарды қолдауға жыл сайын үш миллиард қаржы бөлінсін», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Міне, мұның бәрі жастарға деген қамқорлықпен бірге жауапкершілікті де жүктейді. Бүгінгі жас – ертеңгі кәсіби білікті маман, болашақ отбасының тірегі. Әрбір жас қоғамда өз орнына ие болу үшін кез келген қоғамдық мәселеге бейжай қарамауы тиіс. Себебі, патриоттық рух та, рухани ерік-жігер де ортамен араласудан туындайды.

Мақсот КАРИН,

аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521