Жаңа жыл мерекесінде аудан орталығы Миялы ауылынан халық игілігі үшін екі кәсіпкерлік нысан ашылды.
Оның бірі - жеке кәсіпкер Самғат Әбуовтың «Әлішер» сауда үйі. Ол аталмыш сауда үйін ашу үшін ауылдық жердегі шағын және орта бизнесті дамыту бағдарламасымен «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» АҚ Атырау облыстық филиалы арқылы несие алған. Жаңа нысанның ашылуына ауыл тұрғындары мен кәсіпкердің ағайын-туыстары жиналды. Онда алдымен сөз алған Миялы ауылдық округінің әкімі Қайырғали Базарбаев:
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында шағын және орта бизнеске мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсету жүйесін жаңа жобаларға басымдық бере отырып, қайта құру қажеттігін және әлеуметтік бағыттарға – отбасы бизнесін құруға баса мән бере отырып, бизнеске қолдау көрсетудің жаңа тәсілдерін енгізу керектігін атап өтті. Шағын және орта бизнеске қолдау көрсетуді одан әрі өрістету, оларға мемлекеттік кепілдік беру кәсіпкерлер үшін орасан мүмкіндіктер мен үлкен қолдау болып отыр. Осындай қолдаулардың арқасында ауданда кәсіпкерлік нысандар бой көтеріп, халықтың әл-ауқаты жақсарып келеді. Осы орайда, жеке кәсіпкер Самғат Әбуовтың жаңа нысаны халық игілігі үшін жұмыс жасайды деп сенеміз. Жаңа жылда ашылған жаңа нысан отбасылық кәсіптің бастауы болсын,- деген тілегін білдірді.
Бұдан кейін сөз алған кәсіпкердің анасы Гүлнар Дүзелбаева ақжарма тілегі мен ақ батасын беріп, шашу шашса, аталмыш округ әкімі Қайырғали Базарбаев пен жеке кәсіпкер Самғат Әбуов сауда үйінің лентасын қиып, көпшілік «Жақсыны көрмек үшін» деген қағидамен сауда үйінің ішін аралап көрді.
Сөйтіп, жаңа сауда үйінің ашылуына куә болған ауыл тұрғындары арасы бір-екі сағатқа жетпейтін уақытта заманауи тұрғыда салынған «Нұрлан» супермаркетінің ашылуын тамашалады. Онда құттықтау сөз сөйлеген аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Зинеш Сарбуфеева Мемлекет басшысының әрдайым шағын және орта бизнестің дамуына қолдау білдіріп келе жатқандығын, соның арқасында ауданда көптеген кәсіпкерлер кәсібінен нәсіп тауып отырғандығын, солардың қатарында бүгінгі «Нұрлан» супермаркетінің иесі Гүлжихан Бекешованың да бар екендігін тілге тиек етті.
Ашылу салтанатынан кейін супермаркеттің лентасы қиылып, шашу шашылды. Заманауи супермаркеттің ішін аралап шыққан ауыл тұрғындары осынау сауда үйінен бәрін табуға болатындығына көз жеткізді.
Гүлмира МАҚСОТҚЫЗЫ