Қызылқоғалық шаруагер Асхат Үбіғалиев асыл тұқымды мал басын өсіріп, сонымен қатар аудан тұрғындарын мал азығымен қамтамасыз етіп отыр. Бұл туралы аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің сектор меңгерушісі Әділет Шаймерденов мәлім етті, деп хабарлайды Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі.
«Ақтан» шаруа қожалығының төрағасы Асхат Үбіғалиев екі жыл бұрын асыл тұқымды қой өсіру мақсатында 1000 гектар жер алған. «Бастау Қызылқоға» несие серіктестігі» ЖШС-нен қаржылай несие рәсімдеп, 300 бас еділбай тұқымды тоқты мен бір трактор сатып алған. Ал 80 бас сиырын түрлендіру үшін «Аян» шаруа қожалығынан екі бас ангус тұқымды бұқа алған. Өткен жылы асыл тұқымды қой мен сиырлары үшін оған 800 мың теңге субсидия берілген. Шаруагер Тайсойған өңірінен шөп шауып, аудан тұрғындарын да мал азығымен қамтамасыз етіп келеді. Сонымен қатар А.Үбіғалиев аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы екі адамға тұрақты жұмыс тауып беріп отыр.
- Қалада немесе ауылда отырып мал бақтырып, пайда табамын деу қате. Өзің басы қасында жүріп, бейнетін көру керек. Еңбекақысын уақытында беріп тұрса, мал бағушылар да табылады. Ұңғыма құдық қаздырып, байланыс үшін өз ақшама күн панелін қондырдым. Алдағы уақытта қолдан ұрықтандыру пункітін салып, малды көбейтуді жоспарлап отырмын, деді А.Үбіғалиев.
Қызылқоға аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің сектор меңгерушісі Әділет Шаймерденовтің айтуынша, «Ақтан» шаруа қожалығының төрағасы Асхат Үбіғалиевке былтыр алған үш жүз бас асыл тұқымды қойына биыл 4,5 миллион теңге, мал азығын дайындағаны үшін 744 мың теңге субсидия берілген. Ол жазғы мезгілде шөп шауып, Ойыл, Жангелдин ауылдық округтерінің тұрғындарымен бірге, Тайсойған ауылдық округі тұрғындарының 50 пайызын мал азығымен қамтып отыр.