Атырау облысының Сағыз ауылы маңынан шамамен IX-XI ғасырға тиесілі балбал тас табылды, деп хабарлайды «Қазақстан» арнасы.
Тасқара қорғанынан қазып алынған археологиялық олжаның биіктігі 1 метр 20 см, ал ені 50 см. Оғыз-қыпшақ дәуірінен қалған деп болжанған дәл осындай жәдігер аймақ тарихында алғаш рет табылып отыр.
Ал Миялы елдімекені қойнауынан тағы бір құнды тарихи жәдігер табылды. Савромат-сармат дәуірінің қорымындағы үш қорғанның бірінен шар тәріздес алтын алқа шықты. Б.з.б VI ғасырдан сыр шертетін мұндай әшекейдің әзірге аймақта баламасы жоқ. Қабірдегі әйел адамның сүйегінің жанына қола айна мен қола біз, пышақ, қойдың жілігі мен қабырғасы қойылған. Өзге қорғандардан да қыш ыдыстар мен қола жебелер, тас қайрақ, өрнектелген сүйек, қабан тісінен жасалған бойтұмар табылды.
“Зерттеуге негізінен үш қорған бекітілген. Үшеуі де қайта зерттеліп, өте жақсы жетістіктерге жеттік” ,- дейді “Астана” халықаралық университетінің PhD докторы Елдос Қариев.