Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Қызылқоғада алғашқы сенбілік ұйымшылдықпен өтті

Өткен аптаның сенбісі күні «Көктеммен көркейген – таза Атырау!» атты сенбілік өтті.

Облыстық деңгейде ұйымдастырылған бұл шараға аудан тұрғындары да белсене қатысып, туып-өскен ауылдарының таза болуына бір кісідей атсалысты. Ауыл тұрғындары үйлерінің айналасын ретке келтіріп, қыстан шыққан қоқысты (мал тезегі, саман шөптер) көлікке тиеп, белгіленген жерге төкті. Ертеңгілік сағат тоғыздарда басталған шара түске дейін созылды. Бұл күні қолдарына күрек алып, сенбілікке шыққан лауазымды тұлғалар да біраз тер төге еңбек етті. Миялы ауылындағы А.Сарбөпе атындағы саябақты, орталық стадионды, Т.Қарабалин, Ж.Жабаев, С.Сейфуллин, Б.Көбенов, Х.Досмұхамедұлы көшелерін тазалауды аудан әкімі аппараты, аудандық мәслихат және аудан әкімдігінде орналасқан бөлімдер қолға алса, аудандық орталық аурухана, Ы.Шөреков атындағы мектеп-гимназия, Б.Аманшин, Х.Досмұхамедұлы атындағы орта мектептер мен балабақшалар, ауданға қарасты мекемелер мен бөлімдер өздеріне тиесілі аумақты тазартып шықты.

Сенбілік кезінде көшелерден басқа Мақат ауданына, Сағыз, Жангелдин ауылдарына шыға берістер де тазаланды. Бұл ретте, тұрмыстық қалдықтар төгетін алаңға төгілген қоқыстардан ауылға қарай желмен ұшқан түрлі целлофан пакеттер мен қағаздарды жинап, сенбілікке белсене қатысқан ақылы қоғамдық негізде жұмысқа тартылғандардың еңбектері атап өтуге тұрарлық. Миялы ауылдық округінің әкімі Сәндібек Салықовтың айтуынша, сенбілікке қатысқан 54 мекеменің 500-ге жуық адамы бөлініп берілген 27 аумақты тазалады. Жинақталып қапшыққа салынған қоқыстар, кесілген тал-теректер «Тазалық» ДК-нің 1 «Урал», 1 «Камаз» автокөліктері мен 1 трактордың екі тіркемесіне тиеліп, тұрмыстық қалдықтар төгетін алаңға жеткізілді. Шығарылған қоқыстың жалпы көлемі 30 тоннадай. Өткен жылы әлемді жайлаған пандемияның кесірінен тазалық айлығын өз деңгейінде өткізуге мүмкіндік болмады. Сондай-ақ, қыс бойы жиналған қоқыс көктем келгенде қар астынан шығып, ауылдың кейпін бұзып тұрған еді. Сондықтан да алғашқы сенбілікке белсене араласқан мекеме қызметкерлері қазіргі жағдайға байланысты санитарлық талаптарды сақтай отырып қатысты. Әрине, ауыл көшелеріндегі қар сулары әлі толық кеппегендіктен, бірқатар көшелерді тазалау келесі сенбілікке қалды.

– Облыстық сенбілікке аудандағы 10 округтен 1500-ге жуық адам, елдімекендер ішінен жиналған 113 тоннадай қоқыс тиісті жерге төгілді. Ол үшін 12 техника жұмылдырылды. Алға қарай да карантиндік шектеулерге байланысты санитарлық талаптарды сақтай отырып сенбіліктер ұйымдастырылады, - дейді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ерболат Иғали.

Осылайша ауданның барлық округтерінде өткен санитарлық-тазалық жұмыстарынан соң ауыл көшелері тазарып, жаңарып қалды. Облыстық шараға белсенділікпен қатысып, жауапкершілікпен қараған тұрғындар ауыл тазалығына бейжай қарамайтындықтарын дәлелдеді.

Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521