Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Екпе алудан неге қашамыз?

Әлемді әбігерге салған коронавирус дерті көктем шыға қайтадан өршіп, қазір ауырғандар саны күрт көбейді. Соның салдарынан Атырау облысы соңғы он күннен бері «қызыл аймақта» тұр. 2 сәуір күнгі мәлімет бойынша Атырау қаласында аталмыш дертпен ауырған 15 науқас жансақтау бөлімінде жатса, оның үшеуі өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Осы орайда, дәрігерлер мен ғалымдар вирустан тезірек сақтанбасақ былтырғы жағдай қайтадан қайталануы мүмкін деп дабыл қағуда. Ал, вирусты жеңудің бірден бір жолы – вакцина алу. Себебі, корона вирус қазіргі таңда мутацияға ұшырап, жаңаша қарқын алуда. Алайда, вакцинаның маңыздылығы қанша мәрте айтылып та, жазылып та жүрсе де екпе алудан қашатындар әлі де көп. «Мұның себебі неде, вакцинадан неге бас тартамыз, ауруды жеңудің басқа қандай жолы бар?» Міне, біз осы сұрақтарға жауап іздегенді жөн санадық.

 Мемлекеттік маңызы бар міндет

Жақында Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен еліміздегі коронавирус індетіне байланысты эпидемиологиялық ахуал жөнінде кеңес өтті. Онда сөз алған мемлекет басшысы:

– Жалпы алғанда, қазіргі жағдайымыз жақсы емес. Тіпті, ахуал өте күрделі деп айтуға болады. Коронавирус індеті қайта өршіп келеді. Мұны Қазақстан ғана емес, көптеген елдер бастан өткеруде. Нақты деректерге қарасақ, оның негізгі себебі вирустың мутацияланған жаңа штамдары болып отыр. Короновируспен күрестің бірден бір сенімді жолы – вакцина салу. Вакцина сатып алу үшін алдын ала келісімшарт жасау жөнінде былтырғы жылдың маусым айынан бері бірнеше рет тапсырма бердім. Осы уақытқа дейін Үкімет Спутник V вакцинасы мен отандық екпе өндірісі бойынша уағдаластықтар еліміздегі вакцинацияны толық қамтиды деп сендіріп келді. Осы ақпараттың негізінде Парламент Мәжілісінің жаңа құрамына арнаған Үндеуімде 1 ақпаннан бастап жаппай вакцина салынатынын айттым. Өткен екі айда халықтың 0,1 пайызына жетпейтін бөлігіне ғана екпе егілген. Жалпы вакцинация ісін созбалаңға салу – жәй ғана мәселе емес, мемлекеттік маңызы бар міндет. Әңгіме еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне қатысты болып отыр. Сондықтан бұл жұмыс төңірегіндегі бақылау өте қатал болуы керек. Мен барлық азаматтарымызды вакцина салдыруға шақырамын. Бұл өзіңізді, ата-аналарыңыз бен жақындарыңызды қорғау үшін қажет. Әрі-беріден соң, бұл – біздің азаматтық парызымыз, – деді.

Бұдан шығатын қорытынды – министр, депутат емес президенттің өзі осылай алаңдап отырса, онда жағдай шынымен де күрделі деген сөз.

 Аудандағы ахуал қандай?

 Коронавирус дерті шалғай жатқан біздің ауданды да айналып өтпеді. Былтырғы жылы ауырғандардан бөлек аты жаман аурудан қайтыс болғандар да тіркелді. Өткен жылдан бастап аудан көлемінде қауіпсіздік шаралары барынша қатаңдатылды. Арнайы мониторинг топтары құрылып, рейдтік іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Соған қарамастан індет толыққанды жойылған жоқ. Әсіресе, науқастармен тікелей жұмыс жасайтын ақ халатты абзал жандардың денсаулығы аса маңызды болып отыр. Соған сай, ауданға келген вакцинаның алғашқы дозалары денсаулық сақтау саласының мамандарына егілді.

Атап айтқанда, ауданның бас санитар дәрігері мен аурухана директорын қосқанда барлығы 20 адам бесінші ақпан күні алғаш болып «Спутник V» вакцинасын салдырса, 21 күннен кейін олар екінші мәрте қайталап егілді. Әзірге ешқайсысы денсаулықтарына шағым айта қоймаған, қалыпты жағдайда жұмыстарын жалғастырып жатыр. Наурыз айында аудан әкімі бастаған мемлекеттік қызметшілер, полициялар мен педагогтар екпе алды. Аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мәліметінше екі айда аудан бойынша барлығы 160 адамға екпе салынған. Атап айтқанда, 8 мемлекеттік қызметші, 51 медицина қызметкері, 30 балабақша қызметкері, 44 мұғалім, 27 полиция ерікті түрде екпе алды.

Осы орайда, аталмыш басқарма басшысының міндетін атқарушы Шолпан Асауова:

– Қазіргі эпидемиологиялық ахуалдың күрделі екендігі баршаға мәлім. Ал, вирустан құтылудың бірден-бір жолы – вакцина алу. Соңғы екі айда аудан бойынша тек 160 адам екпе алды. Бұл өте төмен көрсеткіш. Мәселен, округ әкімдері ішінен тек Миялы ауылдық округінің әкімі ғана екпе салдырды. Сондай-ақ, ауданда мыңға жуық мұғалім бар десек оның 44-і ғана екпе алды. Балабақшалардың да екпе алу көрсеткіші көңіл көншітпейді. Сол сияқты облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты аудандағы «Жедел жәрдем» бөлімінің бірде бір қызметкері екпе алмады. Әрине, екпе алу ерікті. Ешкім міндеттеп, мәжбүрлемейді. Оған заңмен тиым салынған. Алайда, біздің алаңдайтынымыз – вирус күшейіп кетіп, халықпен етене араласатын мемлекеттік қызметшілер, полициялар, «Жедел жәрдем» бөлімі қызметкерлері ауру жұқтырып алмаса екен игі, – деп алаңдаушылық білдірді.

 Сананы улаған теріс ақпарат

 Расымен де, ауру қанша жерден күшейіп жатса да екпе алудан бас тартушылар өте көп. Мұның басты себебі – әлеуметтік желілерде таралып жатқан жалған ақпараттар мен қауесеттер. Таратушылар мүгедек болып қалған балалар мен арбаға таңылғандарды көрсетіп, «Бұлар екпе алып, осындай болып қалды. Сақ болыңыздар!» деп жариялап жібереді. Әрине, әлгі бейнені көрген адам шошып кетеді де, екпеден бірден бас тартады.

Алайда, сол көріністі дұрыстап зерттеп, астарына үңілсек ол басқа мақсатта түсірілген болып шығады. Сондай-ақ, кейбір жалған ақпарат таратушылар жақында «Вакцина жеке біреудің бизнесі екен» деп те айды аспанға бір-ақ шығарды. Мұның байыбына бармай тағы шулайтындар да жетіп артылады. Осының барлығы айналып келгенде ақпаратты тексермей, тікелей қабылдай салғаннан болып отыр. Қоғамды дүрліктірген тағы бір жалған ақпарат өткен аптада тарады. Яғни медициналық бетпердеде құрт болады. Ол тыныс алғандағы бумен адамның ішіне түседі екен.

Тіпті көпшілік бетпердені ыстық суға салып, тәжірибе жасап та көрді. Ол тәжірибесін ұялы телефонға түсіріп, әлдебір жыбырлап жүрген қара талшықты құрт деп түсіндірді. Аталмыш оқиғадан кейін Нұр-Сұлтан қаласында құзырлы органдардың өзі бетперде шығаратын компанияларды тексеріп, арнайы сараптамадан өткізді. Алайда, ешқандай қауіпті құрт табылмады. Сонда әлгі жыбырлаған талшық қайдан шықты? Сөйтсе ол кейбір материалдың ыстық бумен синтезделуі салдарынан туындайтын реакция екен. Демек, қазіргі ақпараттық соғыс заманында кез-келген хабарды байыбына барып, талдап алған дұрыс. Әйтпесе, артынан опық жеп қаламыз. Оған былтырғы жылғы оқиғалар дәлел. Үкімет «Вирус күшейді, өте қауіпті» деп дабыл қаққанда «Бұл саясат, ауру жоқ» деп мән бермедік. Ал, жазда жағдай ушыққанда бетперде мен парацетамол таба алмай қалдық. Енді сол оқиғадан сабақ алатын уақыт келді.

 Вакцина алмаймыз, тойдан қалмаймыз...

Ақ халатты абзал жандар мен әкімдік мамандарының вакцина алу, бетперде тағу туралы ескертулері өте орынды. Себебі, ауру салғырттықты кешірмейді. Алайда, көп жағдайда оған аса мән бере бермейміз. Ең өкініштісі – екпені зиян санайтын көпшіліктің той-томалақтан бас тартпауы болып тұр. Ал, ондай көпшілік жиналатын жерлерде вирус өршімесе, жойылмайды. Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Азамат Жақсиевтің айтуынша, былтырғы жылы мониторинг топ мүшелері учаскелік полицейлермен бірге рейдтік іс-шаралар жасап, 29 той иесі мен бір кәсіпкерге айыппұл салды. Ал, биылғы жылы үйінде көпшілікті жинап, той жасаған үш тұрғын айыппұл арқалады. Бұл анықталып, түсініктемесі алынғандары ғана. Ал, анықталмай, үйде тығылып той жасап жатқандары қаншама?!

Тіпті кейбір тұрғындар «Полицейлер келсе келсін. Айппұлын төлейміз де, тойды жалғастыра береміз» дейтінді шығарған. Сонда мемлекет басшысынан бастап, ауруханадағы дәрігерлерге дейін «Сақ болыңыздар, көпшілік орынға бармаңыздар» деп дабыл қағып жатуы бекершілік болғаны ма?!

Түйін. Қазір жағдай расымен де күрделі. Мамандардың болжауынша, сақтанбасақ сәуір, мамыр айларында вирус күшейгелі тұр. Естеріңізде болса, былтырғы жылы ауданда ең алғашқы науқас сәуір айында тіркелген болатын. Демек, бұл арқаны кеңге салатын уақыт емес. Жасы 65-тен аспаған, денсаулығында созылмалы ауру болмаса екпеден бас тартпай алып алған дұрыс. Ендеше, өз денсаулығыңызды нығайту өз қолыңызда екендігін ұмытпаған кім-кімге де абзал.

Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН

Сурет: ашық дереккөзден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521