Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Қызылқоғада 360 адам екпе алды

Елімізде COVID-19 вирусына қарсы екпе алу жұмыстары жалғасуда.

Аудандық орталық аурухана жалпы тәжірибе бөлімінің меңгерушісі Эльвира Нүсіпованың айтуынша, пандемияға қарсы екпе алушылар саны күннен-күнге арта түсуде.

Дүйсенбі күні келген 200 доза вакцинаның тең жартысы (100 доза) Сағыз дәрігерлік амбулаториясына жіберілді. Үш күн ішінде Сағыз ауылында 45 адам егілсе, аудан орталығында қалған 100 доза вакцина егіліп бітті. Яғни, дүйсенбі күні 40 адам екпе алса, кеше 30 адамға, бүгін 30 адамға екпе егілді. Жалпы, аудан бойынша 360 адам екпе алды. Осыған қарап екпе алушылардың қатары көбейе түсті деуге болады. Бастапқы кезде әлеуметтік желілердегі жалған ақпараттарға сеніп қалған тұрғындар қазір екпенің маңыздылығын түсініп келеді.

– Біз келушілердің қан қысымын өлшеп, денсаулықтарын тексереміз. Егер қан қысымы көтеріліп тұрса, дәрі беріп қан қысымының түсуін күтеміз. 18 жасқа толмаған балалар, жүкті әйелдер және бала емізіп отырған әйелдер екпе алмайды. Сондай-ақ, бұрын анафилаксиялық шокты бастан кешірген, қатерлі онкологиялық аурумен ауырған, вакцина құрамындағы заттарға аллергиясы бар адамдарға екпе салынбайды. Ал, екпеден соң үш күнге дейін спиртті ішімдік ішуге, моншаға түсуге, денеге күш түсіретіндей жұмыс жасауға болмайды. Осы үш күн ішінде дене қызуының көтерілуі, бас ауруы, сүйектердің сырқырауы, егілген дене бөлігі ауырып, ісіну, қызаруы мүмкін. Егер дене қызуы көтерілсе парацетамол дәрісін ішу қажет. Сонымен қатар, жалпы сақтық шараларды (арақашықтықты сақтап, қоғамдық орындарда бетперде тағу) ұмытуға болмайды. Мен екпе салдырдым екен деп жайбарақат жүрмеу керек, - дейді аудандық орталық аурухана жалпы тәжірибе бөлімінің меңгерушісі Эльвира Нүсіпова.

Екпе медбибісі Бибігүл Есендияровадан білгеніміздей, қазір ұжым мүшелері ұйымшылдықпен келіп, екпе алуда. Мәселен, сейсенбі күні аудандық ішкі саясат бөлімінің ұжымы түгел егілсе, бүгін Ы.Шөреков атындағы мектеп-гимназиясының мұғалімдері пандемияға қарсы егілді. Сонымен бірге, денсаулықтарын ойлаған кәсіпкерлер, еріктілер де келіп жатыр.

– Бүгін біз пандемияға қарсы екпе алуды ұйғарып, ұжымнан 10 мұғалім келдік. Екпеден бұрын дәрігерлік тексеруден өттік. Вакцинациялаудан кейін қандай реакция болатынын түсіндірді. Әзірге ешқандай белгі болған жоқ. Қоғам арасында вирустың таралуын төмендету мақсатында, сонымен қатар денсаулығына байланысты вакцина салдыра алмайтындарды індеттен қорғау үшін екпе еккізу қажет. Өзіңнің және жақындарыңның денсаулығы үшін қажет екенін түсінетін кез келді, - дейді Ы.Шөреков атындағы мектеп-гимназиясының мұғалімі Гүлфайруз Қуанышева.

Расында, аталмыш мұғалім пікірінің жаны бар. Сондықтан мен де дәрігерлермен, екпе алып жатқан адамдармен әңгімелесе келе пандемияға қарсы екпе алуды ұйғарып, бірінші екпені алдым. Қазіргі таңда, көңіл-күйім жақсы, әзірге ешқандай ауырсыну, басқа да реакциялық белгілер байқалмайды.

Ендеше, денсаулығының мықты болуын ойлаған әрбір азамат екпе алудан бас тартпау керек деп есептеймін.

Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT