Бұл туралы Қызылқоға ауданының әкімі Нұрсұлтан Бисембиев "Қызылқоға ауданының 2022 жылғы 5 айдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары" туралы баспасөз брифингінде мәлім етті, деп хабарлайды Атырау облысы Өңірлік коммуникация қызметі.
- Аудан көлеміндегі 26 елді мекеннің 13-і орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған, яғни тұрғындардың 95,7 %-ын құрайды. Қалған 13 елді мекен жер асты суын пайдалануда. Тайсойған жер асты су қорынан Миялы ауылына дейін магистралды су құбырының құрылысына жоба дайындалды. Ауыз су қажеттілігі тәулігіне 2200 текше метрды құрайды. Жобаның құны 4,7 млрд. теңге. Жоба іске асырылған жағдайда Миялы және Жангелдин ауылдарын, қажет болған жағдайда Жасқайрат ауылын үздіксіз ауыз сумен қамтуға толық мүмкіндік болады. Қазіргі кезде Су ресурстар комитеті арқылы мемлекеттік сатып алу ұйымдастырылуда, деді Н.Бисембиев.
Оның айтуынша, «Кереген-Сағыз-Жамансор» топтық су құбырының қайта жаңғырту жұмысының жобасы дайын.
Брифинг барысында аудан әкімі Айдын, Бүйрек, Қосқұлақ және Кенбай елді-мекендеріне ауылішілік су құбырының құрылысына 110,5 млн. теңге бөлініп, 99 тұрғын үйге су құбыры жүргізілетінін де жеткізді. Ал, Тасқұдық ауылына ауыз сумен жабдықтауға жоба жасақталғанын айтып өтті. Н.Бисембиев қалған 8 елді мекенде жобалық-сметалық құжаттама дайын екенін, аталған жобалар 2025 жылға дейін іске қосылса, аудан халқы 100% ауыз сумен қамтылатын атап өтті.