Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Ұялы телефон газетті алмастыра ала ма?

Осыдан бірер күн бұрын жолым түсіп аудандық «Қазпошта» байланыс торабына бас сұққан едім.

Кісі көп екен. Содан кезегімді күтіп, ұзын үстелдердің біріне жайғастым. Қасыма өзімнен бір-екі жас кіші ауылдас жігіт келіп отырды. Амандық-саулық сұрасқаннан кейін:

– Аудандық «Қызылқоға» газетіне осы жерден жазыла ма? – деп сұрады.

Мен: – Иә, – деп едім, әлгі жігіт:

– Вахтадан кеше келіп едім. Үйдегі анам «Бар «Қызылқоға» газетіне жазылып кел» деп жұмсап жіберді. Осы үлкендерді түсінбеймін. Қажетті ақпараттың бәрі ұялы телефонда тұрса да, әлі күнге газетке жазылады. Әрі бағасы 1400 теңге екен, – деп ренішін білдіріп отыр. Онымен дауласып жатудың жөнсіз екенін білдім де, жай ғана:

– Айына телефоныңа қанша бірлік саласың? – деп сұрадым.

Ол: – Тариф бойынша айына 2190 теңге саламын. Не болды? – деп қайта сұрақ қойды.

– Жаңа сен ғой «Аудандық газетке жазылу 1400 теңге, ол баға қымбат» дедің. Енді салыстыршы. 1400 теңге бұл газеттің алты айының бағасы. Ал, өзің бір айға ұялы телефоныңа 2190 теңге саласың. Сонда қайсысы қымбат? – десем, әлгі жігіт:

– 1400 теңгемен газетке алты айға жазыла ма? Онда қымбат емес қой. Біз вахтада жүреміз, көп білмейміз ғой, – деп ақталуға көшті. Мырс етіп күлім жібердім. Содан сол жерде қоштасып, кетіп қалдым. Бірақ, әлгі жігіттің «Осы үлкендерді түсінбеймін. Қажетті ақпараттың бәрі ұялы телефонда тұрса да, әлі күнге газетке жазылады» деген сөзі ойымнан кетпеді. Сонда оның айтып отырған «қажетті ақпараты» WhatsApp желісінен тарайтын көргенсіз бейнекөрсетілімдер мен дәлелсіз деректер ме? Әлде адамның көз жанарын суалтып, түні бойы өзіне байлап қоятын Ютуб па?

Менің ойымша қазір қанша жаңа ақпараттық технологиялар ғасыры десек те газеттің орны бөлек. Өз басым аудандық «Қызылқоға» газетінің тұрақты оқырманымын. Жаңағы жігітпен арада болған әңгімеден кейін газеттің артықшылықтары жайлы айтуды жөн санап, қолыма қалам алдым. Сөздің шыны керек қазір «Қызылқоға» газетінің форматы мүлдем өзгерген. Әсіресе, оқырманмен байланыс жақсы жолға қойылған. Газеттің әр санында оқырмандардың бірі өз ауылының мұң-мұқтажын айтып хат жазса, енді бірі газетте көтерілген мәселелерге байланысты өз ойын білдіріп жатады. Сондай-ақ, аудандық газет жаңа технологиялар дәуіріне де тез бейімделіп келеді. Оған дәлел – газеттің сайты мен әлеуметтік желілердегі парақшалары. Бұл ұялы телефоннан бас алмайтын жастар үшін өте ыңғайлы болды. Одан бөлек Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған латын әліпбиіне көшу мәселесін ауданда алғаш қолға алған осы «Қызылқоға» газеті екенін мақтана айтуға болады. Сонымен қатар, соңғы уақытта газеттің дизайны мен сыртқы келбеті де жаңарып, оқырманды өзіне тартатындай етіп жасалуда. Ал, апта сайын «Ашығын айтайық» айдарымен шығатын мақалалар аудандағы ең өзекті деген мәселелерді қаузайтын тұрақты айдарға айналды. Осы орайда, аудандық газет бұқараның қуанышы мен қайғысына ортақтасып, түрлі хабарландырулар беретін жарнама қызметін де ұсынатынын айта кеткен жөн. Қорыта айтқанда аудандық газет қазіргі таңда «халықтың көзі, құлағы һәм тілі» болып, оқырмандарға қалтқысыз қызмет етіп келеді. Осы орайда, өзім сияқты барша оқырмандарды «Баспасөз-2019» науқанына белсене ат салысуға шақырамын.

Ақылбай МҰСАЕВ,

газеттің тұрақты оқырманы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT