Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Қуанай Ізмағанбетов - Сағыз ауылының әкімі

Өткен аптаның жұмасы күні «Арман» мәдениет үйінде «Қазақстан Республикасының аудандық маңызы бар қалалары, ауылдық округтері, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттері мен ауылдары әкімдерінің сайлауын өткізудің кейбір мәселелері туралы» ҚР Президентінің 24 сәуір 2013 жылғы №555 Жарлығына сәйкес, Қызылқоға аудандық аумақтық сайлау комиссиясы Сағыз ауылдық округі әкімін сайлады.

Сайлау жұмысы басталмастан бұрын сөз сөйлеген аудандық мәслихат хатшысы Толқын Бейсқали:

– Заңдылыққа сәйкес ауылдық округ әкімдерін сайлау аудандық мәслихат депутаттарының таңдауына берілген. Бұл депутаттарға үлкен жауапкершілік жүктейді. Сондықтан, аудандағы ең үлкен округ саналатын Сағыз ауылдық округінің әкімін сайлауға аудандық мәслихат депутаттары жүз пайыз қатысып отыр. Депутаттардың Елбасы саясатын қолдайтын, берілген тапсырмалар мен міндеттерді орындайтын, округ халқының әлеуетін арттыру жолында ізденіспен еңбек ететін үміткерді таңдауда қателеспейді деп сенемін, – деді.

Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Жолдас Ибрашев сайлау ережелерімен таныстырып өткен соң, мәслихат депутаттарының келісімімен сайлау жәшігі тексеріліп, мөрленді.

– Бұған дейін жергілікті қоғамдастық жиналысының келісімімен Сағыз ауылдық округінің әкімі қызметіне Нұралы Әбишан мен Қуанай Ізмағанбетов ұсынылған болатын. Олар Сағыз ауылында сайлаушылармен кездесіп, оларға өз бағдарламаларын таныстырды. Бүгінгі күні екі үміткердің бірі мәслихат депутаттарының таңдауы арқылы, Сағыз ауылдық округі әкімі лауазымына сайланады, – деді әлгінде айтқан аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Жолдас Ибрашев.

Бұдан кейін, аудандық мәслихат депутаттарының дауыс беруіне кезек беріліп, олар аталмыш округ әкіміне лайықты үміткерді таңдады. Нәтижесінде, бұған дейін Мақат ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы қызметін атқарған Қуанай Ізмағанбетов басым дауыс жинап, Сағыз ауылдық округінің әкімі қызметіне лайық деп танылды. Енді жаңа әкімнің алдында ауылды көркейту жолындағы жұмыстар мен өздеріне жүктелген міндеттерді мінсіз атқару талабы тұр. Бауыржан ОҚАСҰЛЫ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT