Әрдайым, «Қарты бар үйдің, қазынасы мол» деп білетін аудан әкімі Арман Баженов таяуда ардагерлерді толғандырып жүрген мәселелер мен ұсыныс-пікірлерін тыңдап, оны шешудің жолдарын қарастырды.
Аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, тиісті бөлім, мекеме басшылары мен бір топ ардагерлер қатысқан жиында алдымен сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Карин:
– Жақында өткен ардагерлер кеңесінің кезекті отырысында сіздер толғандырып жүрген мәселелеріңізді айтқан болатынсыздар. Бүгін соған орай сауалдар тізбесін жасап осы басқосуға алып келдім. Оған тиісті сала басшылары өз жауаптарын береді деп ойлаймын, – деді.
Зейнетақы қалай өседі?
Биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап зейнетақы еңбек өтіліміне байланысты қалай өседі?– деген алғашқы сауалға жауап берген аудандық зейнетақы төлеу бөлімшесінің бастығы Жанар Асанғалиева:
– Бүгінде базалық зейнетақы төлемдері еңбек өтілі есепке алынбай барлығына бірдей беріліп келсе, 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап еңбек өтіліне қарай есептелінетін болады. Жинақтаушы зейнетақы қорына жиналған зейнетақы жарнасын ескере отырып, 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі және 1998 жылдың 1 қаңтарынан кейінгі еңбек өтілі есепке алынады. «Мысалы, егер азамат келер жылы зейнеткерлікке шығады делік. Оның 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі ынтымақты зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтілі 20 жыл болып, 15 жыл бойы зейнетақы жинақтау қорына үзіліссіз зейнетақы жарнасын төлеп келді. Осылайша, оның жиынтық еңбек өтілі 35 жылға тең болады. Жаңа жүйе әдісіне сай, егер еңбек өтілі 10 жылдан кем болған жағдайда, ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызы тағайындалады. Еңбек өтілі 10 жылдан асатын болса, әр жыл үшін 2 пайыз үстеме қосылады. Егер, жалпы еңбек өтілі 35 жыл болатын болса, базалық зейнетақы мөлшері ең төменгі өмір сүру деңгейінің 100 пайыз көлемінде, егер еңбек өтілі 20 жыл болатын болса, ең төменгі өмір сүру деңгейінің 74 пайыз көлемінде тағайындалады, – деп жауап берді.
Қауіптің алдын алу – өз қолымызда
Ал, «104» авариялық құтқару көлігін кезекшілікке қоюға мүмкіндік бар ма? – деген екінші сауалға «ҚазТрансГазАймақ» Атырау өндірістік филиалы Қызылқоға аудандық газ учаскесінің бастығы Бауыржан Кереев:
– Табиғи газ ауданға 2010 жылы қосылғанымен апаттық жағдайдың алдын алу қарастырылмаған. Бірақ, қызметкерлердің келісімімен кезекшілік қойып, алдын алып келдік. Биылғы жылы бұл мәселені шешу жолы қолға алынып жатыр. Сұраныс та берілді. Алдағы уақытта 104 көлігін кезекшілікке қойып жұмыс жасайтын боламыз. Жаңадан штат ашылып, жаңа көліктер де алынады, – деді. Осы тұста, ауыл тұрғыны Аманжан Жанжолов:
– Қазіргі кезде үй-үйді аралап газ мекемесіненбіз, келісімшартқа отырып, газ құрылғыларын тексерістен өткіземіз дегендер көбейіп кетті. Бірақ, олар газ құрылғыларын тексермей, бір жапырақ қағаздарын шығарып: «Келісімшартқа отырыңыз. Бағасы мынадай теңге», – деп қарап отырады. Сонда бұлардың жұмысы қаншалықты дұрыс, әлде тек ақша жинау үшін жүргендер ме? Ал, газ апаттық жағдайға түссе кімге жүгінеміз? Олардың облыстан келгенін күтіп отыруымыз керек пе? – деп сұрады.
– Аралап жүргендердің рұқсат қағаздары бар облыстан келген арнайы мекеме мамандары. Оларға тексерту өз құзыреттеріңізде. Негізі қауіпсіздігіңіз үшін қажет. Қазіргі уақытта ауданда екі мекеме жүр. Бірі мұржаларды тексерістен өткізсе, екіншісі жылу қазандықтарын тексереді. Жылына бір рет келіп тексеріс жұмыстарын жүргізеді. Бірақ, халық арасында осындай шу шыққан соң аудандық прокуратураға жүгініп, олар әлі уақыттың бар екендігін алға тартып, тексеріс жүргізуді мамыр айына қалдырды. Ал, біздің мекеменің мұндай тексерісті жүргізуге лицензиясы жоқ. Бірақ, апаттық жағдай орын алса, біздің команда барады, – деп жауап берді учаске бастығы.
Бұл орайда, өз пікірін білдірген аудан әкімі Арман Сырымұлы:
– Облыстан келген мамандардың қасына жергілікті мамандарды қосу қажет. Оларды ауыл халқы жақсы таниды. Сондықтан, жұмысқа күмән келтіре қоймас. Сондай-ақ, мамандар тұрғындарға тариф жоспарын нақтылап, қауіпсіздік үшін жасалып жатқан жұмыс екендігін түсіндіру керек. Сонда ғана ортақ шешімге келуге болады, – деді.
Жазда ауызсу неге жетпейді?
Жиында айтылған мәселенің бірі ауызсу жайы болды. Яғни, ауызсудың күні бүгінге дейін тұщытылмауы және қыс айында жерасты су құбырлары жиі қатып қалады. Соның салдарынан көше бойындағы құдықтардың ішіндегі су желілері істен шығуда. Ал, оны жөндеуге келген мамандардың айтуынша, қосалқы бөлшектерді тұрғындардың өзі сатып алуы керек. Өйткені, бұл мақсаттағы жұмыстарға қаржы қарастырылмаған. Сонда бұзылған су желісін жөндеуге кім жауапты? Қосалқы бөлшектерді халық өзі сатып алуы дұрыс па? Сондай-ақ, кәріз жүйесіне дейінгі құбырды тазалау, оны қондыру жұмыстарын атқаратын құрылым бар ма?
Бұл сауалдарға жауап берген аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Роман Кәдірғалиев:
– Күн жылынған мезгілде сағатына 60 текше метр су тұщытатын қондырғы іске қосылады. Ал, көшедегі су құбырлары ауылдық округтің теңгерімінде. Сондықтан, оны жөндеу де сол мекемеге тиесілі. Халық өз қаржысына жөндеуге құқылы емес. Ал, кәріз жүйесін тазалау, оны қондырту жұмыстарын атқаратын құрылым ауданда жоқ. Ол үшін қолынан іс келетін әрбір адам жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, бұл жұмыстарды атқара алады, – деп жауап берді.
Ардагер Мұрат Тасжановтың айтуынша, жаз мезгілінде ауызсу шектеумен берілетіндіктен кейде жетпей қалады. Неге? Тұтынушы керегінше пайдаланғаны жөн емес пе? Себебі, бәрібір ақшасын қанша болса да төлеп отыр ғой. Осы орайда, аудандық «Қазсушар» мекемесінің басшысы Сайлаубек Темірғалиевтің түсіндіруінше, жаз айларында тұрғындар ауыз суды бау-бақша суарып, көлік жуып, құрылысқа пайдаланып ысырап ететіндіктен су жетпей қалады. Бұл орайда, ардагерлер ауызсудан бөлек тұрғындар үшін шаруашылыққа пайдаланылатын су жүйесі тартылғаны жөн деген ұсыныстарын айтты.
Жол жиектеріне белгілер орнатылады
Зейнеткер Демеуғали Ықсанғалиев:
– Аудандық «Қызылқоға» газетінде «Жолдың жайы жанға батады» тақырыбында мақала жарық көрді. Бірақ, басшылықтың берілген жауабына қанағаттанбадым. Сіздер құзырлы органға ұсыныс беріп, оның шешімін күтіп отырғанда жол жарамсыз болып қалары анық. Сондықтан, басқа да жолдарды қарастырып, бір шарасын алу қажет, – деп өз пікірін білдірді.
Бұған аудан басшысы Арман Баженов:
– Өздеріңіз білесіздер тасжолдар республикалық, облыстық, аудандық маңызы бар жолдар болып бөлінеді. Айтып отырған «Сағыз-Миялы-Қарабау-Индер» тасжолы облыстық маңызы бар жолдардың қатарында. Бірақ, бұл мәселе назарымыздан тыс қалған емес. Облыс әкіміне ұсынысымызды білдіріп, аумақтық инспекция қарамағына беру үшін жұмыстанып жатырмыз. Бұл үлкен шаруа. Сондай-ақ, алдағы уақытта жол жиектеріне белгілер орнатылады, – деп жауап берді.
Қиыршық тастың сатылуы заңды
Осыған дейін де халық арасында жиі айтылып, шешімін таппай жүрген мәселенің бірі жерден алынатын құрылыс материалының, яғни қиыршық тастың (ПГС) сатылуы болатын. Бұл мәселе бойынша аудан басшысы ардагерлер пікірін біліп, заңдылығын түсіндіріп өтті.
Ауыл ардагері Садақ Досымбаевтың пікірінше, қиыршық тас әр тұрғынның қажеттілігіне қарай сатылуы керек.
– Қазақстан Республикасының «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Заңы бар. Осы заңда атап көрсетілгендей, қиыршық тас кең таралған пайдалы қазбалар қатарына жатады. Ал, оны кез келген адам өз еркімен пайдаланса жеріміз тозаңданып, бүлінеді. Сондықтан, ол арнайы мамандандырылған мекеме арқылы пайдаланылады. Біз айтып отырған қиыршық тасты пайдалану үшін «Жаңа Арна» ЖШС-не сенімгерлікпен берілген. Ол Заңсыз жұмыс жасайды деп айта алмаймын. Өйткені, оның жұмысын қадағалап, бақылап отыратын арнайы құзырлы органдар бар. Сол мекемеге есеп беріп, бір жылға атқарар жұмысын жоспарлап, міндеттерін белгілейді. Оны атқару үшін мекеме көп шығынданып, қыруар жұмыстар жасайды. Десек те, кәсіпкер өзінің шығынын өтеу үшін жұмыс жасайтыны белгілі. Бірақ, өзі баға қойып, оны халыққа ұсынып отырған жоқ. Бағаның да мөлшерлемесі арнайы басшылық арқылы бекітіледі. Сіздер айтып отырған ұсынысты шешу үшін «Жаңа Арна» ЖШС директорымен сөйлесемін, – деді аудан әкімі Арман Сырымұлы.
Жиналыс барысында, ардагерлер:
– Қазіргі уақытта ауыл тұғындарының көбісі үй ішіне жуынатын бөлме, әжетхананы орнатып алған. Бірақ, қалдық суды соратын машина ауылда тапшы. Халыққа осы жағы қиындық келтіріп тұр, – деген уәж айтты. Ал, жазушы, журналист Қалидолла Ізекен:
– Септиктен, моншаның кір, лас сулары төгілген жер мен қоқыс үйілген жерлер мұқият қоршалу керек. Себебі, жаз мезгілінде аңқасы кеуіп шөлдеген сиыр, қойлар сол лас суды ішіп, қоқыстағы шіріген тамақ қалдықтарын жеп уланып өлу фактілері кездесуде, – деген пікір білдірді.
Айтылған мәселе бойынша жауап берген Арман Сырымұлы:
– Бұл пікіріңізге қосылмаймын. Мен өзім қоқыс алаңының маңын, су төгетін орынды аяқтай барып қарадым. Айналасы қоршалған, қалдық су төгетін орын қазылған үлкен шұңқыр. Ол жерден мал су ішеді деген жаңсақ пікір. Десе де алдағы уақытта өзім тағы да мұқият қадағалаймын, – деді.
Мал жаятын жер жоқ
Ауданның Құрметті азаматы Сайпол Мұқанов:
– Қазіргі таңда ауданда жануарлар арасында бруцеллез ауры белең алып отыр. Ауру неден болады? Төрт түліктің қорасын сайлап, жем-суын дұрыс бермеуден. Және көршілес облыстардан келіп жатқан малдардан жұғып отырғаны белгілі. Менің айтарым, осы тұста мал сою пунктінде сойылатын малға қатаң бақылау керек. Ол жерден сойылған мал етін ауыл тұрғындары алады. Оның қандай малдың еті екендігіне мән бермей жатады. Содан ауру малдың етін жеген адам да бруцеллезге шалдығып отыр. Бұл жақсы емес, – деп өз ойын білдірді.
Ардагерлерді толғандырған мәселенің бірі – Миялы ауылында мал жаятын жер жоқ. Ауылға жақын жерлер жеке қожалықтардың иелігінде. Бұрын жеке адамдар өз еріктерімен Ералы, Жаға, Дача шабындықтарынан шөп шауып алатын. Ал, қазір жер жекеге өткен соң қожалық иелері оны өздері шауып, халыққа сатуда. Сонымен қатар, мал жайылысы да шаруа қожалық иеліктеріне өтіп кеткен. Мал жаюға да мүмкіндік жоқ.
Сондай-ақ, жазғы мезгілде қой малын бағуды даладан ұйымдастыру керектігі де осы басқосуда айтылды. Өйткені, мал өрістен келгенде ауыл іші шаңға көміліп, ауыл тазалығы да бүлініп жатыр. Бұл ретте, жеке кәсіпкер Сүйеуғали Дүйсәлиевтің пікірінше, ауыл тұрғындары ұсақ малды кооперативке біріктіріп баққаны дұрыс. Себебі, мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктер көп. Малға жайылыс та, жем-шөбі де болар еді. Ал, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Талғат Базарбаев: –
Қой-ешкіні бақташы сайлап, бойдақ мал сияқты даладан бағу керек. Бұл ретте, халық ақысын төлеп мал баққызса, жұмыссызбын деп жатқандар жұмыс табар еді, – дейді.
Аудан орталығынан «ҚазМұнайГаз» жанар-жағар май бекетін ашу бірнеше жылдан бері айтылып келеді. Бірақ, шешімі табылмай отыр. Ауылдағы бензин бағасы қымбат. Сапасыз. Осы мәселе болашақта ескеріліп, тиісті шешімі алынса игі.
Бұл сұрақтарға жауап берген аудан басшысы:
– «Бірігіп пішкен тон келте болмас» деген емес пе дана халқымыз. Бұл мәселелер бойынша ақылдаса отырып жұмыс жасау керек. Ал, жанармай бекетін ашу көптен ойда бар іс. Алдағы уақытта шешімі табылады, – деді.
Қойылған басқа да сұрақтарға аудан әкімі және тиісті сала басшылары заңдылықтарға сай жауаптарын берді. Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Арман Баженов:
– Алдағы уақытта да Кеңес отырыстарында қозғалатын мәселелерге қатысты сала басшыларының қатынасып, бірлескен жұмыстар ұйымдастырылады. Кейде бізге өмірлік тәжірибе жетіспей жатады. Сол себепті, сіздермен бас қосып осындай жиын өткізуді дәстүрге айналдырамыз. Қазір ауылда қозғалыс бар. Ендігі жерде ауызбіршілікте жұмыс жасайық, – деді.
Гүлмира ТІЛЕГЕНОВА.