Дүйсенбі күні аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру-бақылау, құқықтық, жұмылдыру дайындығы және төтенше жұмыстар жөніндегі бөлімнің басшысы Азамат Жақсиевтің төрағалығымен жиналыс болып өтті.
Оған округ әкімдері, дербес бөлім, мекеме басшылары қатысты.
Алдымен жыл басынан бері жасалған жұмыстар бойынша аталмыш бөлімнің бас маманы Назира Қаламғалиева баяндама жасады. Баяндамашының айтуынша, мемлекеттік қызмет көрсету бойынша биылғы жылдың жеті айында 10 900 қызмет көрсетілген.
– Жыл басында аудан әкімі Арман Баженовтің әкімдікке қарасты мемлекеттік органдарда «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді алу мүмкіндігі туралы тиісті заңдылықтарын халыққа түсіндіру мақсатында ақпараттандырылу деңгейін арттыру жөніндегі медиа-жоспар бекітілді. Осыған сәйкес, мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері жөніндегі жылдық есеп облыс әкімдігінің ресми интернет-ресурсына және аудандық «Қызылқоға» газетіне жариялануы қажет. Биылғы жылдың наурыз айында «Ауданның жергілікті атқарушы органдарының мемлекеттік көрсетілетін қызметтерінің өткен жылдың қорытындысы» облыс әкімінің ресми интернет ресурсында жарияланды. Ал, бекітілген жоспарға сәйкес аудандық «Қызылқоға» газетіне ақпараттар уақытында жарияланып отырған жоқ. Сонымен қатар, көрсетілетін қызметті берушілер ғимараттарының көрнекі жерлерінде мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттары мен регламенттері дербес бөлімдерінде орналастырылса, округтерде стандарттар мен регламенттерін тиісті деңгейде қамтамасыз етілмей отыр, – деді.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру-бақылау, құқықтық, жұмылдыру дайындығы және төтенше жұмыстар жөніндегі бөлімнің басшысы Азамат Жақсиев: – Қазіргі таңда «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы енгізіліп, осы бағытта жұмысты жандандыру керектігі тапсырылып отыр. «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының басты мақсаты – қызмет көрсету сапасын арттырып, уақытты үнемдеу. Өткен жылы барлық округке маман алынып, халыққа түсіндіру, ақпараттандыру, сауаттандыру мақсатында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Десекте, жасалған жұмыс қорытындысы көңіл көншітпейді. Жыл басында осы мәселемен округтерді аралап халықпен кездескенде түсінік жұмыстарының аздығына көзіміз жетті. Сондай-ақ, кейбір тиісті бөлімдерде электронды түрде көрсетілетін қызмет түрлері халыққа ұсынылмаған. Сонда, қалай бірде-бір ауыл тұрғынынан өтініш түспегені ме? Тиісті сала мамандары осы бағытта жұмысты қолға алу керек. Әлі де жұмысты жандандырған абзал, – деді.
Гүлмира МАҚСОТҚЫЗЫ.