«Арман» мәдениет үйінде жастар күніне орай аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Жастық жігер – жарқын көңіл» атты көшбасшылар лагері болып өтті.
Оған аудандағы барлық ауылдық округтен ең белсенді деген жастар қатысты. Бір күндік лагерь барысында қатысушы жастар төрт топқа бөлініп түрлі логикалық ойындар ойнап, өзара пікір алмасып лагерді қызықты қылып өткізді. Соның ішінде жастарға ерекше әсер еткені аудан әкімі Арман Баженовтың жастармен кездесуі болды. Еркін форматта өткен кездесуде жастар аудан басшысына көкейдегі сауалдарын қойып, түрлі ұсыныстар айтып, тұщымды жауаптар алды. Осы орайда, жастар мен аудан басшысының салихалы сұхбатын оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.
Ерқанат Мақсот, Көздіғара ауылдық округі:
– Арман Сырымұлы, қазіргі жастарды белсенді, озат деп мақтағанымызбен кемшіліктер де жоқ емес. Соның бірі – жат қылық, жаман әдеттер. Жалпы жастарды қылмыс пен жаман әдеттерден қалай тиюға болады?
– Өте жақсы әрі күрделі сұрақ екен. Менің ойымша, жастар арасында болатын қылмыс, төбелес басқа да жаман әдеттердің барлығы тәрбиеден. Жалпы адам өмірге келгенде қылмыскер, басбұзар, бұзақы болып келмейді ғой. Адамды өзгертетін өзінің ортасы. Оның ішінде отбасы, мектебі, достары бәрі кіреді. Әрине, ең бірінші жауапкершілік ата-анаға артылады. Біздің қазақ бала тәрбиелегенде «Ұят болады, жаман болады, обал болады» деп өсірген. Міне, бізге сол жетіспейтін сияқты. Сондықтан ұрпағы ұғынықты, ұлағатты болсын дейтін ата-аналар бала тәрбиесіне аса көңіл бөлгені абзал.
Нұрәділ Еламан, Миялы ауылдық округі:
– Кезінде Абай атамыз «Қорқамын кейін жас балалардан» десе, Мағжан Жұмабаев «Мен жастарға сенемін» деген. Ал, Сіз ше? Қазіргі жастарға көңіліңіз тола ма?
– Кез-келген алдыңғы буынның айтатын «Қазіргі жастар бұзылған» деген бір тұрақты сөзі бар. Ол бізден бұрын да айтылды, бізге де айтылды, Сіздерге де айтылып жатқан болар. Яғни, қай-қай заманда да үлкендерде жастарға көңілі толмаушылық болады. Бірақ, мен олай ойламаймын. Қайта қазіргі жастарға қызығамын. Сіздерде не керектің бәрі бар. Қазіргі жастарға ең бастысы еркіндік берілген. Соның нәтижесінде елімізде белсенді, азат ойлы жастар өсіп келеді. Шетелде білім алып, кәсіпкерлікпен айналысып, жаңаша тың идеяларды жүзеге асырып жатқан жастарды көргенде көңіл тасиды. Яғни, қазіргі жастардың білімі, біліктілігі бұрынғы жастарға қарағанда артығырақ деп ойлаймын. Алайда, бес саусақ бірдей емес қой. Осынау жастарға жасалған материалдық құндылықтарды теріс бағытта пайдаланып, жаман жолға түсіп жатқандар да жоқ емес. Осы орайда, қосымша айта кетерім – жастар белсенді болуы керек. «Алмас қылыш қап түбінде жатпайды»,- дейді ғой. Сол сияқты белсенді адам кез-келген жерде жарқ етіп көріне алады. Бір сөзбен айтқанда белсенді жасқа бөгет жоқ.
Ержан Әбуов, Мұқыр ауылдық округі:
– Қызылқоға небір мықты спортшыларды шығарған аудан. Алайда, сондай мықтылар көп еленбей қалады. Осы орайда, барлық ауылдық округтердегі аудан спортына еңбегі сіңген, толағай табысы бар спортшылардың басын қосып, солардың ерлігі мен еңбегі жастар арасына насихатталса деген ұсынысым бар.
– Өте жақсы ұсыныс. Мен қолдаймын. Еңбегі мен ерлігі бар тұлғаларды неге насихаттамасқа? Қазір жастар кім болсын соған еліктеп кетті ғой. Еліктейтін болса өзіңіз айтқандай бізде де тұлғалар жеткілікті. Солардың басын қосып спортшылар форумы қыламыз ба, мүмкін басқа бағытта атап өтеміз бе? Ортақ ой қосып, ақылдасып жүзеге асырайық.
Айсәуле Ардаққызы, Миялы ауылдық округі.
– Қазіргі жастарға үлгі болатын, солар еліктеп өсетіндей қандай тұлғаларды айта аласыз?
– Жеке өзімнің құрметтейтін, жастар осылардай болса ғой дейтін үш тұлға бар. Соның біріншісі – Бауыржан Момышұлы. Оның ерлігі, ұлтжандылығы, шыншылдығы, батырлығы қазіргі жастарға керек-ақ. Жастарға үлгі болатын екінші тұлға – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев. Еліміздің сонау тоқсаныншы жылдардағы тоқырау заманынан аман өтіп, бүгінгі жарқын өмірге аяқ басуы президенттің еңбегі екенін ешкім жоққа шығармас. Ол кісінің саясаткерлігі, шешендігі, қайраткерлігі тек жастарға емес кез-келген адамға үлгі боларлықтай. Меніңше жастарға жаңашылдығымен үлгі болар тағы бір адам – «Фейсбукты» ойлап шығарған Марк Цукерберг. Ол 1984 жылы туған сіздердің замандастарыңыз. Жастық шағын қызық пен думанға емес, ғылым мен білімге арнаған ол бүгінде әлемге танымал тұлға, миллиардер. Нағыз Сіздер еліктейтін адам. Оның тағы бір қасиеті – қарапайымдылығы. Интернеттен қарайтын болсаңыздар үнемі жасыл футболка, көк шалбармен жүреді. Баймын деп тасып жатқанын көрмейсің. Үлкенге де, кішіге де күліп жүреді. Қорыта айтқанда, жас буын осы үш тұлғаны өзіне үлгі етсе адаспайды деп ойлаймын.
Әйгерім Серік, Ойыл ауылдық округі.
– Қазіргі өмірді әлеуметтік желісіз елестету мүмкін емес. Сіз өзіңіз әлеуметтік желі қолданасыз ба, осы тақырыпта жастарға айтар ақыл-кеңесіңіз бар ма?
– Әрине, қолданамын. Фейсбук пен инстаграмда парақшаларым бар. Бірақ, белсенді қолданушылар қатарынан емеспін. Мемлекеттік қызметте жүргесін өзімізге ортақ ереже, тәртіп болады. Соның шеңберінде қолданамыз. Бұл әлеуметтік желінің пайдасы ұшан-теңіз, бірақ, зияны да жоқ емес. Осы орайда, жастарға айтарым – қолданғанда сауатты болған абзал. Кейде фейсбукқа кіргенде пікірталастар болып жатады. Бір-бірін жерден алып, жерге салып, боқтап жататындарды көріп жатамыз. Ұялы телефонның аржағында отырып алып, нешетүрлі пікірлер жазады. Соларды оқып отырып, кейде ұяласың. Мысалы, фейсбукты әлем оқиды. Шет елде тұратындар оқып «Қазақтар не деген мәдениетсіз, бір-бірін сыйламайды» деп айтып жатуы да мүмкін ғой. Сондықтан әлеуметтік желіге әрқайсысымыз сауатты жазып, әдеппен қолданған абзал.
Жазып алған, Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН