Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында VІІІ шақырылған аудандық мәслихатының кезекті І сессиясы өтті. Оған аудан әкімі Қанат Әзмұханов, VІІ шақырылған аудандық мәслихаттың депутаттары мен жаңадан сайланған мәслихат депутаттары, аудан әкімінің орынбасарлары, қоғамдық кеңес төрағасы мен дербес бөлім басшылары қатысты.
Сессия отырысын ашқан аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Мақсот Мұқанов сайлаудың қорытындысы туралы қысқаша хабарлама жасады. Оның айтуынша, аудандық мәслихаттың 12 мандатына түскен 36 кандидаттың 16-сын саяси партиялар ұсынса, 20-сы өзін-өзі ұсынды. Сайлау қорытындысымен сайланған 12 депутаттың 11-і саяси партиялардың, біреуі өзін-өзі ұсынғандар. Кәсіп түрлері бойынша сайланған депутаттардың алтауы бюджеттік мекеме қызметкерлері, екеуі коммерциялық емес ұйымдардың, ал төртеуі қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялардың өкілдері. Олар аудандық аумақтық сайлау комиссиясының 27.03.2023 жылғы №5 шешімімен Қызылқоға аудандық мәслихат депутатты болып тіркеліп, депутаттық куәлік мен төсбелгілер тапсырылды.
Бұдан кейін аудан әкімі Қанат Әзмұханов Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін VII шақырылған Қызылқоға аудандық мәслихат депутаты Қуаныш Айтуғанов, Айдана Жетібаева, Нұрбол Бижановтарға облыс әкімінің алғыс хатын табыс етті.
Сессияның күн тәртібі бойынша мәслихат депутаты Сайлаубек Темірғалиевтің ұсынысына орай мәслихат депутаты Толқын Бейсқали ашық дауыспен бірауыздан аудандық мәслихатының төрағалығына сайланды.
Сессия отырысында аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларын құру және төрағалары мен құрамдарын сайлау мәселесі қаралды. Мәслихат депутаттарының дауыс беруімен бюджет, экономика және кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы болып мәслихат депутаты Алтынзер Баймұратова, ауыл шаруашылығы, жер қатынастары, экология, әлеуметтік және қоғамдық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы болып мәслихат депутаты Жәнібек Кенжин, ал заңдылықты сақтау, депутаттық этика және құқық қорғау мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы болып мәслихат депутаты Айбар Алтыбаев сайланды.
Жиын соңында сөз сөйлеген аудан әкімі Қанат Әзмұханов.
– Алдымен бүгінгі сессияда жұмысына кірісіп жатқан жаңадан сайланған аудандық мәслихат депутаттарына сәттілік тілеймін. Бұл сайлау бірмандаттық жүйемен өткендіктен бұрынғы сайлаудан өзгеше өтті. Халық өз таңдауын жасады. Сондықтан, халық сенімінен шығу үшін әр депутат өз білімін, күш-жігерін салып, өңіріміздің дамуына зор үлес қосады деген сенімдемін. Алдағы бірлескен жұмысымызға сәттілік тілеймін, - деді.
Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ