Тасшағыл ауылында «Бала fest» фестивалі болып өтті. Шараны ашқан Тасшағыл орта мектебінің директоры Ләззат Ақтажиева мерекелік лебізін білдірсе, бастауыш сынып оқушылары «Ай будет круто» әнін хормен орындады. Әр сынып өздеріне берілген түсте әдемі киініп, фестивальдің шырайын кіргізді.
Одан соң, Бейбіт Әзидолла «Қазақ елі осындай», Айзере Қазыбек «Маленкая страна», Нұрғасыр Қази «Школа распахни двери», 11-сынып «Құдаша қыз» және «Бір үйдің баласындай» әндерін тамылжыта орындады. Сондай-ақ, «Айгөлек» бишілері «Айс на крыше» биін билеп, әнін орындаса, 5-сынып оқушылары «Өзбек», 7-сынып оқушылары «Корей» биін мың бұрала биледі. Фестиваль барысында, оқушылармен қатар, ата-ана Анар Таңатарова «Үрбибі» әнін орындап ерекше әсер қалдырды. Сонымен қатар, аталмыш мектептің белсенді 5-11 сынып бойынша үздік оқушылар марапатталды.
Шарада аниматорларда бой көрсетіп, балаларға түрлі тәттілер мен балмұздақтар таратып, балалар ашық алаңда түрлі ойындармен бірге асфальт бетіне сурет салып, бірге тик-ток биледі. Бұл шараға демеушілік көрсеткен кәсіпкерлер мен ауыл жастарына аталмыш мектеп ұжымы атынан алғыс хат тарту етілді. Фестиваль соңы жастардың көңілді кешіне ұласты.
Мөлдір ЖАҢҒАБЫЛҚЫЗЫ,
Х.Досмұхамедов атындағы
Атырау университетінің
1-курс студенті