Жиырма жылды тарих қойнауына тастаған Елорда бүгінде қарыштап дамып келеді.
Оған қарсы ешкім уәж де айта алмас. Өйткені, сәні мен сәулеті келіскен ғимараттар, зәулім үйлер барлығы келушілер назарын өзіне аударып тұр.
Сан түрлі ғимаратпен күннен күнге жаңара түскен Астанада жұртшылық таңдайын қақтырған тағы бір нысан «Атырау» көпірі Елорданың 20 жылдығына арналған теңдесіз тарту болды. Мерейтой тартуы болған көпірдің салтанатты ашылуына мен де қатыстым. Оған Елбасының өзі арнайы келді. Айрықша сәулеттік дизайнымен дараланған көпірдің ел игілігі үшін талай жыл қызмет ететіндігіне сенім білдірген Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Атырау жұртшылығына арнайы алғыс жолдады. Ал, біз елорда төрінде ойып тұрып орын алған көпірге марқайып, қуаныш пен мақтаныш сезімі бойымызды биледі. Ерке Есілдің қос жағалауын жалғаған ерекше архитектуралық нысаннан Жайықтың жақұты – бекіренің бейнесі көрінеді. Қандай ғажап, десеңші! Бекіре балығы біздің басты байлығымыз емес пе?! Ал, көпір бейнесіне тамсана қараған жұртшылықты көрген біздің төбеміз көкке екі елі ғана жетпей тұрды.
Сондай-ақ, бас қалаға барған осы сапарымызда тарихи орындарға, әдемі жерлерге саяхат жасадық. Облыстың мәдениетін айшықтай түскен аспан астындағы театрландырылған көрініс, тарихи жәдігерлер қойылған көрме бәрі де жиналғандардың көңілінен шыққаны сөзсіз.
Ал, елорданың көркін арттырып тұрған «Атырау» көпірі талай тарихи оқиғалардың куәсі болып, астаналықтардың сүйікті орнына айналары сөзсіз.
Асылбек ЖАНҚУАТОВ,
аудан әкімі аппаратының басшысы.