Өткен көктем біздің отбасы үшін көпке дейін естен кетпейтін мезгіл болды.
1 сәуір күні жас жарымдағы қызым Айару аяқ астынан қатты ауырып қалды. Жүрегі айнып құсып, іші өтіп, әбден мазасы кетті. Мұқыр ауылының учаскелік дәрігеріне қараттым. Ол үйден ем қабылдау үшін екпе тағайындап, ішетін дәрі-дәрмек те жазып берді. Бірақ, қызыма ол ем қона қоймады.
Қызуы одан бетер көтеріліп, іші тоқтамай, құса берді. 3 сәуірде тағы дәрігерге қоңырау шалып, баламның жағдайының нашарлап бара жатқандығын хабарладым. Ол келді де, еш сөзге келместен аудандық ауруханаға жеткізу керектігін айтты. Жолдама жазып бергенімен ауылдың «Жедел жәрдем» көлігі жолға жарамайтын болып шықты. Сөйтсек көптен бұзылып жатыр екен. Амал жоқ, қызымды Миялыға жедел жеткізу үшін жекеменшік көлігімді оталдыруға тура келді. Темір тұлпарыма «қарғып» мініп, келіншегім мен ауыр халдегі сәбиімді селкілдетіп, аудан орталығына құстай ұштым. Күндізгі сағат 12:00 шамасында жеткізіп, аурухана қабылдап алып, ем-домын жасай бастады. Өкінішке орай, мұнда да дәрігердің тағайындаған ем-домының бірде бірі дарымады. Шынашақтай қызыма шырылдатып салып жатқан система мен екпеде есеп жоқ. Ешқайсысы дертіне шипа бола алмады. Соған қарамастан аға мейірбике «Еш алаңдама, балаңыз екі-үш күнде тәуір болып кетеді» деп қояды. Бірақ, бойынан ешқандай өзгеріс байқай алмадым. Байғұс қызым көз алдымда солып бара жатқандай көрінді. Қиналып жатқанына бірнеше күн болды. 4 сәуір күні түнгі сағат 12-00-де көзі ауып, денесі құрысып, әбден нашарлап кетті. Жанымды қоярға жер таппадым. Дәрігерге деген сенімім мүлдем өшті. Сонда да емдеуші дәрігер Нұрсайын Қазиевті көлігіммен үйінен өзім барып алып келдім. Ойым: қалайда бұл жерден тезірек алып кету. Шыдай алмай «қызымды Атырауға апарам, жолдама беріңіз» деп жан ұшырдым. Ол келіспеді, тіпті, қиналатын да емес. Облыс орталығына жіберуге қарсы болды. Түннің бір уақытында оқуда жүрген аурухананың директоры Самат Тайшыбайға телефон шалуға тура келді. Перзентімнің өмір мен өлімнің ортасында жатқанын хабарладым. Сонда ғана дәрігердің «жүрегі жібіп», амалсыздан құжат жасақтап, облыстық ауруханаға жолдама толтыра бастады.
Қызымның мына жағдайында көлікпен, пойызбен жеткізу қиын-ды. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» бірнеше жүздеген шақырым қашықтықтағы Атырауға жеткенше өліп кетуі де мүмкін. Сондықтан, санавиация шақыртуды талап еттім. Дәрігер оған да келіспеді. «Бала емшек еміп жатыр, демек жағдайы жақсы, шыдайды» дейді еш қиналмай. Бір жағынан бүкіл ауруханадан науқаспен бірге еріп баратын бір мейірбике таба алмай, әбден әуре-сарсаңға түстім. Амал жоқ, түннің бір уақытында аға мейірбикемен бірге медицина қызмет-керлерінің үйін жағалауға тура келді. Өңкей жап-жас қыз-келіншектер, бірде біреуі баспады-ау. Бірі «бара алмаймын, шаруам бар» десе, енді бірі «күйеуім жібермейді» деп қарап тұр. Гиппократ антына адал боламын деп ант-су ішкен дәрігерлеріміздің сықпытын қараңыз! Ересек науқас емес, періште сәби өлім аузында жатқанда бұларың қиналатын емес-ау, ешқайсысы. Мейірбикеден әбден мейірім кеткенін сонда білдім. Тіпті, басшысы саналатын аға мейірбике Гүлсара Жүгінісованың сөзін де құлағына ілетін емес. Адам өліп жатса да қиналмайды. Неткен тас жүрек, десеңізші?! Құдай бетін әрмен қылсын, егер ауданда төтенше жағдай орын алып, адамдар ауыр халге душар болса, мейірбикелеріміздің күйеуінің қас-қабағына қарап, жылы төсегін қимай, қиналмай жата беруден де жүзі жанбасы анық.
Ақыры не керек, қарамағындағы қызметкерлерді тыңдата алмаған аға мейірбикенің өзіне жолға шығуына тура келді. Облысқа жолдама ала алмай бір, мейірбикелердің «мейірімін» оята алмай екі шапқылап жүргенде сағат түнгі 3-тен кетті. Пойыздың уақыты да болып қалды. Далада жаңбыр құйып тұр. Соған қарамастан, көлігімді сағатына 180 шақырым жылдамдықпен айдап, 40 минутта Сағыз стансасына ұшып жеттім. Қызымның періштесі сақтады! Ашық тұрған бір вагонның табалдырығына табаным тигеннен кейін келіншегім екеуміз «Уһ!» деп бір дем алдық. Мақатқа дейін қызымның жанында бәйек болып, қалаға аман жетуін тіледік. Көрші ауданға ат басын тіреген соң, әрмен қарай ағамның көлігімен шұғыл түрде Атырау қаласына асықтық. Әйтеуір, Құдай сақтап 5 сәуір күні сағат 9:00-де облыстық №2 жұқпалы аурулар ауруханасына жеттік-ау. Бар болғыр, бас дәрігер Надя Ерғалиева бірден қабылдап, қызымды жедел түрде жан сақтау бөліміне салды. Сөйтсек ауданның қойған диагнозы мүлдем басқа болып шықты. Еріп келген аға мейірбикені жерден алып, жерге салып жатыр Надя апамыз. «Неге санавиация шақырмадыңыз?» деп ұрысты. Расында да, аудан дәрігерінің бұл әрекеті түсініксіз болды. Миялыдан Сағызға, одан Мақатқа, Атырауға жеткенше 5-6 сағат сәбиімнің жанын шүберекке түйіп біз келдік. Құдайдың беріп тұрған тегін санитарлық ұшағын қызымнан неге аяды екен? Абырой болғанда, облыстық ауруханадан қызымның беті бері қарады. Жедел ішек аурулары бөлімшесінен ем қабылдап, 10 күннен кейін құлан-таза айығып, біржола жазылып шықты. Сондықтан, осы аурухананың бас дәрігері Надя Ерғалиева мен мұндағы мейірімді мейірбикелерге шын жүректен ата-аналық алғысымды білдіремін. Ақ халатты абзал жан деп соларды айт! Дендеріне саулық, еңбектеріне жеміс, отбасыларына амандық тілеймін. Ал, аудан дәрігерлеріне Алла алға қарай абырой берсін деймін. Менің басыма түскен жайды дұшпаныма да тілемеймін. Өзіміз жас жанұямыз. Шырылдап перзентім үшін шапқылап жүрдім, көз алдарында. Аға буын өкілдері емес пе?! Бізді қолдап, жанашырлық танытудың орнына, керісінше, кері тартқанына қайран қалдым. Әсіресе, мейірбикелердің мейірімін ояту керек!
Аманжол ҚАЛДЫБАЕВ.
Мұқыр ауылы
Редакциядан
Мұқыр ауылының тұрғыны Аманжол Қалдыбаевтың хаты редакциямызға түскен бойда газет тілшісі Лаура Нариманова тиісті мамандарға хабарласып, оқиға туралы мән-жайды анықтауға тырысты. Нәтижесінде, тиісті мамандар өз жауаптарын берді. Осы орайда, біз бір жақтылыққа жол бермей, аталмыш хатпен бірге мамандардың жауаптарын газетке жариялағанды жөн көрдік.
Нұрсайын ҚАЗИЕВ, аудандық орталық аурухананың инфекционист дәрігері: Қызды әкелген күннің ертесіне-ақ, әкесі айқай шығарып, сабырсыздық танытып, қызын алып кетеміз деді. Алғашында Ақтөбеге, кейіннен Атырауға апарамыз деп он құбылды. Бірақ, әкелгеніне күн жарым болған баланың толық ем-домын жүргізбей жатып алып кетем дегеніне мен қарсылық таныттым. Содан олар бас директорымыз Самат Тайшыбаевқа хабарласқан соң, ол кісімен өзім сөйлескенде, «Қолхатын алып жібере бер», – деді. Алайда, ата-анасы қоймаған соң, әрі бас директорымыз Самат Тайшыбаевтың өзі рұқсатын берген соң, Атыраудағы №2 облыстық аурухананың жұқпалы аурулар бөліміне жолдама беруімізге тура келді. Анасы қолхатын сол кезде өз еркімен жазып берді. Кейін олар кеткен соң, палатадан ашылған глюкоза сұйықтығының шөлмегін тауып алдық. Анасы құсып жатқан қызына тәтті глюкоза берген екен.
Надя ЕРҒАЛИЕВА, Атыраудағы №2 облыстық ауруха-наның жұқпалы аурулар бөлімінің мең-герушісі: Баланың келген кезде жағдайы ауыр болғандықтан, біз жан сақтау бөлімшесіне салдық. Себебі, бірнеше сағат жолға қайдан шыдасын. Дереу «Жедел ішек инфекциясы» деген диагнозбен емін жүргіздік. Емдеу нәтижесінен байқағанымыздай, Қызылқоға аудандық орталық ауруханада емделген кезінде, емдеу хаттамасы бойынша емін алған. Және аудандық орталық аурухананың инфекционист дәрігері Нұрсайын Қазиев біздің дәрігерлерден кеңес алып отырған. Бірақ, ата-анасы көнбеген соң, дәрігер Нұрсайын Қазиев оларды ұстамай, қастарына медбибілерін бірге ертіп жіберген. Негізінде мұндай диагнозбен келген науқас бір-екі күнде жазыла қоймайды. Оған кем дегенде 4-5 күн уақыт керек.
Майжан СҮЙЕУОВА, Мұқыр дәрігерлік амбулаториясының жалпы тәжірибе дәрігері: 2 сәуір күні маған Эльмира Көбегенова қызы Айару Аманжолқызын алып, сағат таңертеңгі 10:00-де келіп, қызының іші өтіп, құсып және дене қызуының көтеріліп тұрғандығын айтты. Біз салқын тиген болар деп, ем-домын беріп үйіне жібердік. Ол күні кішкентай қыздың жағдайы жақсы болатын. Ал, 3 сәуір күні сағат таңғы 6-да телефон шалып, қатты ауырып тұрғандығын хабарлады. Осы кезде система салып сұйықтық құйғым келетінін айтқанымда, ол бірден Миялыдағы аудандық орталық ауруханаға алып кеткісі келетіндігін айтты. Мен қолымнан келер шарасын қолданып, жандарына медбибі Балзия Әбуді ертіп жібердім.
Балзия ӘБУ, Мұқыр дәрігерлік амбулаториясының медбибісі: Сол күні балалар медбибісі бір науқасты Атырауға алып кеткендіктен, Айару Аманжолқызының отбасымен Миялыға еріп барғанмын. Кішкентай қыз жолда лоқсыды, бірақ құсқан жоқ. Анасын еміп, суын ішті, дене қызуы болған жоқ. Таңертеңгі 11:00-де барған соң, қыздың іші өтті. Ал, бізді аудандық орталық аурухананың инфекционист дәрігері Нұрсайын Қазиев келіп қабылдап алған соң, бірден жоғарыға алып кетті.