Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ТАҒЫЛЫМЫ МОЛ БІР КҮНДІК ШАРА

Биыл ауданның айнасына айналған «Қызылқоға» газетінің шыға бастағанына 70 жыл толу мерекесі кең көлемде тойланғалы баршаға мәлім. Сол игі шаралар легі бүгінде тағылымы мол  іске ұласып отыр. Өйткені, қашанда газет пен баспахана егіз ұғым. Газеттің сапалы басылып шығуына күндіз-түні маңдай терлерін төгіп, майға малшынған баспахана қызметкерлерінің еңбегі зор.

Осы ретте, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында еселі еңбек сіңірген  Әлім Шудабаевтың  үлгі-өнегесі мол. Көздіғара ауылында дүниеге келген ол Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтын бітірген соң  аудандық халыққа тұрмыстық қызмет көрсету комбинатында бас инженер болып еңбек жолын бастап, ұзақ жыл бүгінде аудандық музейге айналған аудандық №3 баспахана басшысы болып, баспахананың жаңа ғимаратқа көшірілуіне, заман талабына сай қондырғылармен жасақтап, газеттің аудан орталығынан сапалы шығарылуына зор үлес қосты. Бұдан кейін Халықтық бақылау комитетінің аға инспекторы, Миялы селолық Советінің депутаты, аудандық халыққа тұрмыстық қызмет көрсету комбинатының директоры, аудандық сақтандыру инспекциясы, зейнетақы төлеу орталығы, «Миялы-Сервис» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны, «Жасыл желек» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінде басшылық қызмет атқарған Әлім Ұғыбайұлы егемен  елдің еңсесін тіктеу жолында аянбай еңбек етті. Жары Әлия апаймен ұл-қыз өсіріп, бүгінде ұл-қыздары еліміздің  әр қалаларында абыройлы қызмет атқаруда. Ендеше, еселі еңбегімен еліне елеулі, халқына қалаулы бола білген ардақты азаматтың үлгі-өнегесін жас ұрпаққа ұлағат ету мақсатында тағылымы мол шаралар ұйымдастырылса керемет емес пе?! Осыған орай, аудан орталығында білікті басшы, еңбек ардагері Әлім Шудабаевты еске алуға арналған бір күндік шара болып өтті.

Шын мықтыны анықтаған шахмат сайысы

Алдымен, Миялы спорт кешенінде кейінгі жас ұрпаққа үлгі-өнеге бола білген Әлім Шудабаевты еске алуға арналған шахматтан аудандық турнир өтті.  Әнұранмен басталған ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Ерболат Иғали, аудандық мәслихат төрағасы Толқын Бейсқали, еңбек ардагері Хамидолла Әбдірахманов және ұрпақтары атынан Абдолхамит Әлімұлы сөз сөйлеп, білікті басшы, баспагер Әлім Шудабай туралы естеліктермен бөлісіп, спортшыларға сәттілік тіледі.

Миялы, Жангелдин, Көздіғара, Тасшағыл, Сағыз ауылдық округтерінен барлығы 16 шахматшы қатысқан додада Сағыз ауылынан келген Серік Сағынов І орынды иеленсе, жангелдиндік Гүлнұр Төлеуова ІІ орынды, миялылық Талғат Тәжіғалиев ІІІ орынды еншіледі. Досан Кимаденов пен Асылбек Сүйеков (екеуі де Сағыз ауылы) "Үздік ойыншы атанса, Амангелді Сақтағанов (Көздіғара ауылы) ынталандыру сыйлығына ие болды.

Жарыстың жеңімпаз-жүлдегерлеріне аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі мен Әлім Шудабаевтың ұрпақтары атынан медаль, диплом, ақшалай сыйлықтар табыс етілді.

    Бұдан соң  «Бақыт» мейрамханасында  Әлім Ұғыбайұлының өмірден өткеніне 10 жыл толуына арнап ұрпақтары ас беріп, әкелерінің рухына құран бағыштады. Оған Әліммен жұмыстас болған әріптестері, достары, ағайындары, құда-жекжаттары  қатысып,абзал азамат туралы естеліктерімен бөлісті.  

 

Мемориалдық тақта орнатылды

Түстен кейін тағылымды шара аудандық музейдің бұрышына Әлім Шудабевтың есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында, орнатылған мемориалдық тақтаның ашылу салтанатына жалғасты.  Көңілге көрікті ой ұялататын ансамбльдің күмбірлеген күйімен көмкерілген игі шарада алдымен аудан әкімінің орынбасары Ерболат Иғали сөз сөйлеп, игі істің өтуіне атсалысқан марқұмның ұрпақтарына алғысын білдірді. Одан кейін әріптестері атынан сөз алған Қазақстанның Құрметті Журналисті Жолдас Жанқуат:

– Баспахана – газеттің құрсағы іспеттес. Қазіргі ұрпақ мұны біле бермеуі күмәнсіз. Ал, баяғы баспахананың ауыр бейнетін айтсақ, еріксіз таңданып, таңырқайсың. Аудандық газет аптасына үш рет жарық көрді. Демалыс дегенді білмей күні-түні, таңға дейін газет шыққанша жұмыс жасадық. Сол газет шығатын уақытта Әлім басы-қасында жүретін еді. Техника болған соң аракідік бұзылып, ақаулығы білініп жататын. Әлекеңнің  қарапайымдылығы сол, сондай сәттерде білекті түрініп, жөндеуге өзі кірісіп кететін. Сол кездегі газеттің машақатын бірге қызмет жасаған әріптестерім жақсы біледі. Әлекеңнің ұрпақтарының құрметтеп,  белгі орнатып жатқаны оқырмандарды сыйлау деп білемін.

    Өкінішке орай 90-шы жылдардың аяғына қарай аудандық газет жабылды. Әсем ғимараттың тас-талқаны шықты. Тоналып, иесіз қалды. Ауданға сән берген әсем ғимарат баспахана еді. Қазір қасынан өтсем жаным тебіренеді. Осы баспаханада біраз жыл қызмет жасадым. Қазірде өзім еңбек еткен ғимараттың қасында қиналып тұрмын. Оқырманы көп газетті қадірлеу қажет. Көптеген әріптестерімнің қолтаңбасы, ізі қалды. Бұдан былай ақпаратқа шабуыл жасалмаса игі. Аудан айнасы – газет оқырман сауатын ашатын шежіре. Газеттегі шежіре ол – тарих. Аудан газетін бір де бір оқымайтын оқырман болмасын деп тілеймін. Барша аудан халқы газетке жазылады деп сенім артамыз. Әкені сыйлайтын ұрпақтар сендердей болсын, - деген тілегін жеткізсе, Әлім Ұғыбайұлының жиені Нұрболат Намазғалиев нағашысының жарқын бейнесін еске алып,  жиендері атынан «Қызылқоға» газеті мен аудандық музей ұжымына  ноутбук сыйға тартты.

Мемориалдық тақтаның ақ  матасын «Атырау-Ақпарат» медиахолдингі бас директорының орынбасары Исатай Балмағанбетов пен Абдолхамит Әлімұлы  ашып,  қазақы көйлектері өздеріне жарасқан қыздар  шашу шашты. Сөйтіп, елдің дамуы жолында еселі еңбек еткен Әлім Шудабаевты еске алуға арналған тағылымды шара өз мәресіне жетті.   

Кәмшат ӘБІШ

Суреттерді түсірген автор

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT