Сенбінің сәтті күні Миялы спорт кешенінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосқан еңбек ардагері Әлім Шудабайды еске алуға арналған шахматтан аудандық турнир өтті.
Әнұранмен басталған ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Ерболат Иғали, аудандық мәслихат төрағасы Толқын Бейсқали, еңбек ардагері Хамидолла Әбдірахманов және ұрпақтары атынан ұлы Абдолхамит Әлімұлы сөз сөйлеп, білікті басшы, баспагер Әлім Шудабай туралы естеліктермен бөлісіп, спортшыларға сәттілік тіледі.
Миялы, Жангелдин, Көздіғара, Тасшағыл, Сағыз ауылдық округтерінен барлығы 16 шахматшы қатысқан додада Сағыз ауылынан келген Серік Сағынов І орынды иеленсе, жангелдиндік Гүлнұр Төлеуова ІІ орынды, миялылық Талғат Тәжіғалиев ІІІ орынды еншіледі. Досан Кимаденов пен Асылбек Сүйеков (екеуі де Сағыз ауылы) "Үздік ойыншы атанса, Амангелді Сақтағанов (Көздіғара ауылы) ынталандыру сыйлығына ие болды.
Жарыстың жеңімпаз-жүлдегерлеріне аудандық мәдениет,тілдерді дамыту,дене шынықтыру және спорт бөлімі мен Әлім Шудабайдың ұрпақтары атынан медаль, диплом,ақшалай сыйлықтар берілді.
Кәмшат ӘБІШ
Суреттерді түсірген автор