Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Ұсыныс ескерусіз қалмасын!

Жақында аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аудандық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Кеңес отырысына қоғамдық кеңес мүшелерімен қоса аудан әкімі, аудандық мәслихат хатшысы, аудан әкімінің орынбасарлары мен бөлім, мекеме басшылары қатысты.

Жиынды ашқан кеңес төрағасы Жәния Ізбасқан қатысушыларды күн тәртібімен таныстырып, кеңес мүшелерінің келісімімен бекітілді. Содан кейін мінбеге көтерілген аудан әкімі Нұрсұлтан Бисембиев «Қызылқоға ауданының 2020 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және 2021 жылға арналған жоспары туралы» баяндамасын жасады. Баяндамада ауданда атқарылған ауқымды жұмыстарғе кеңірек тоқталған аудан басшысы болашақ жоспарларымен де бөлісті. Баяндама аяқталған соң қоғамдық кеңес мүшелері сөз алып, Миялы ауылындағы «Бәйсеу» ықшам ауданына асфальт жол тарту, ауданда спорт алаңдарының аздығы, қысқы спортты дамыту және ауданда дәрігер жетіспейтіндігін айтып, аудан әкіміне бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Ұсыныстарды мұқият тыңдаған аудан әкімі өз жауабында «Бәйсеу» ықшам ауданына асфальт тарту алдағы бес жылдың еншісінде екендігін, алайда мердігер компания арқылы жолдарын тегістеп беруге болатындығын, ал ауылдық округтерден спорт алаңдарын салу, қысқы спортты дамыту үшін жоспар жасақталып, алдағы жылдарда қаражат қаралатындығын тілге тиек етті. Ал, «Аудандағы дәрігер мәселесін шешу үшін жергілікті жастарды оқуға түсіріп, ауылға келтіру керек.

Егер ауданға тұрақтайтын дәрігер болса баспана мен жоғары жалақы төлеу жағын ұйымдастырамыз» деп жауап берді. Бұдан әрі сөз алған аудандық мәслихат хатшысы Альберт Аққайнанов аудандық мәслихаттың өткен жылы атқарған жұмысына тоқталды. Баяндамадан білгеніміздей, былтырғы жылғы аудандық мәслихаттың 4 кезекті, 10 кезектен тыс сессиясы өтіп, мәслихат құзіретіне жататын мәселелерге байланысты 57 шешім қабылданған. Сондай-ақ, жыл ішінде Тайсойған, Тасшағыл, Миялы, Жангелдин, Жамбыл, Сағыз ауылдық округтері әкімдерінің сайлауы өтіп, мәслихат депутаттарының басым дауысын алған үміткерлер әкім болып сайланған. Депутаттардың қоғамдық қабылдауына барлығы 20 тұрғын келіп, олардың мәселесі бойынша жауапты мекемелерге 13 депутаттық сауал жолданған. Сондай-ақ, ол өз баяндамасында биылғы жылы жаңадан сайланған мәслихат депутаттарымен таныстырып, олардың атқаратын міндеттеріне де тоқталып өтті.

Баяндама аяқталғаннан кейін пікір білдірген қоғамдық кеңес мүшесі Айжан Ізімова:

– Аудан әкімінің де, мәслихат хатшысының есебін мақұлдаймыз. Өткен жылы бірқатар жұмыстар атқарылды. Десе де, алда жасайтын жұмыстар жетерлік. Соның ішінде округ әкімдері халықпен тығыз байланыста болу керек. Мәселені жұмыс бөлмесінде телефонмен емес, халық ортасына барып шешкен жөн. Сондай-ақ, мәслихат депутаттары да белсенді болғаны абзал. Әлеуметтік желіде де, саяси өмірде де халықтың мұң-мұқтажын ескеріп, мәселесін көтеріп жүруі қажет. Сөздің шыны керек, кейбір тұрғындар депутаттарды танымайды. Енді жаңа сайланған мәслихат депутаттары сенімнен шығу үшін жұмыс жасағаны дұрыс, - деді.

Жиынның күн тәртібіне орай келесі болып сөз алған аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Жәния Ізбасқан өткен жылы атқарылған жұмыстарға тоқталып, 2021 жылғы жұмыс жоспарымен бөлісті. Жиын соңында қоғамдық кеңес мүшелері барлық есептік баяндамаларды бірауыздан мақұлдап, қарар жобасы қабылданды.

Дулат БЕРІК

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT