Бүгін «Арман» мәдениет үйінде Көздіғара, Сағыз, Миялы ауылдық округі әкімі лауазымына үміткерлердің сайлауы өтті.
Әр округ әкіміне үміткер есебінде аудандық аумақтық сайлау комиссиясына екі адамнан тіркеліп, бақтарын сынады. Сайлау барысында аудандық мәслихат депутаттары үміткерлер ішінен әкімдікке лайықтыларын таңдап, өз дауыстарын берді.
Нәтижесінде, бұған дейін Ойыл ауылдық округінің бас маманы қызметінде болған Абат Ақбалашұлы Көздіғара ауылдық округінің әкімі, Сағыз орта мектебінің директоры лауазымын атқарып келген Өтепберген Әділов Сағыз ауылдық округінің әкімі, ал аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Қайырғали Базарбаев бірауыздан Миялы ауылдық округінің әкімі қызметіне лайық деп танылды.
Халық қалаулылары таңдаған жаңа әкімдер қызметтеріне кіріскен соң Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын, мемлекеттік және салалық бағдарламаларды орындау аясында көптеген мәселелерді шешіп, ауылды көркейту жолындағы жұмыстарды және өзіне жүктелген функционалды міндеттерді мүлтіксіз атқарады деген сенімдеміз.
Өз тілшіміз