Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов жұмыс сапарымен Қызылқоға ауданына барып, төтенше жағдай кезіндегі жұмыс барысымен танысты, деп хабарлайды Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Аймақ басшысы алдымен Ойыл өзенінің бойымен Ақтөбе облысы аумағындағы «Тамдыкөл» су торабына барып, су деңгейін көрді. Мамандардың айтуынша, су қорының деңгейі екі апта ішінде Қызылқоға ауданына мол су келетінін көрсетеді.
Содан соң ол тасқын су қауіп төндірген Миялы ауылына ат басын тіреді және облыстық маңызы бар «Миялы – Қарабау - Индер» тасжолының жырылған бөлігіне барып, жағдаймен танысты.
Қызылқоға ауданының әкімі Нұрсұлтан Бисембиев атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, «Ералы» су торабын жаңғырту жобасын таныстырды. Егер жоба сәтті жүзеге асырылса, алдағы уақытта Тайсойған және Қарабау ауылдарына Жарыпшыққан арқылы жылдам су жеткізуге мүмкіндік болады.
Сапар қорытындысы бойынша өңір басшысы жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырма жүктеді.
Айта кетейік, Қызылқоға ауданында су тасқынына байланысты төтенше жағдай жарияланып, жедел іс-шаралар қолға алынған болатын. Қазіргі уақытта жағдай тұрақты, қауіптің беті қайта бастады.