Өткен аптада аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.
Оған саяси кеңес мүшелері, бөлім, мекеме басшылары мен мамандар қатысты. Онда алдымен сөз алған «Нұр Отан» партиясы аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Альберт Аққайнанов отырыстың күн тәртібін пысықтап алып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 10 тармақтан тұратын тапсырмасын таныстырды. – Сайлау науқаны кезінде «Нұр Отан» партиясынан ұсынылған кандидат Қ.Тоқаевтың 22 адамнан тұратын аудандық қоғамдық штабы құрылып жұмыс жасады. 22 сайлау учаскесінде кандидаттың 46 сенім білдірілген өкілдер бекітіліп үгіт-насихат жұмыстарымен айналысып, оларға куәліктер берілді. Сайлау күні 44 байқаушы жұмыс жасады. Желілік кестеге сай 11 мамыр - 7 маусым аралығында өткен үгіт-насихат шаралары бойынша тиісті мекемелермен келісім шарттар жасақталып, сонымен бірге шара өтетін орындардан келісім алынды. Желілік кестеде жоспарланған шаралардың барлығы өткізілді. Аудан орталығында 2 жерде баннерлер орнатылып, «Бірге» акциясы бойынша кандидаттың атына жазылған 2400 ұсыныс-тілек, аманаттар жинақталып сайтқа енгізілді, – деді Альберт Аққайнанов. Содан соң кеңес мүшесі Өтеуғали Дүйсәлі өз ойын ортаға салып, мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың он бағыттан тұратын бағдарламасы елдің тұрмысын жақсарту үшін халықтың табысын арттыруға, сыбайлас жемқорлықты жоюға, сот және құқық қорғау жүйесін реформалауға, тағы да басқа ел қажетіне бағытталғандығын айтты. Отырыс соңында Президент Қ.Тоқаевтың белгілеп берген он бағытын аудан көлемінде жүзеге асыруға шаралар жасақталып, халыққа түсіндіру мақсатында бастауыш партия ұйымдары жиналыс өткізілуге қаулы қабылданды.