Ауданда тұрмыс тіршіліктің ажырамас бөлігіне айналған электр энергиясымен қамтамасыз етудің маңызы зор.
Бұл ретте, ауданға қарасты Сағыз ауылының 1-2 ауылдары және 3 ауыл бөліктерінде шамамен 1970 жылдары салынған қазіргі «Қазақстан темір жолы» АҚ-ның ескі ЭЧ электр желілері бар.
Тозығы жеткен электр желілері электр энергиясына қажеттілікті толық орындай алмай, тұрмыстық техникалардың жиі істен шығуына себепкер болып, ауыл тұрғындарының ренішін туғызып, талай жиналыстар да айтылып жүр еді.
Осыған байланысты Қызылқоға ауданы әкімдігі тарапынан 2019 жылы Сағыз ауылындағы 3 ауыл бөлігіндегі ескі электр желілерін жаңартуға жоба жасақталып, жүзеге асырыла бастады.
Бүгінгі осы уақыта дейін тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз ете алмай, қыстың қытымыр аязында, жаздың аптап ыстығында қиындықтар туындатып келген ескі желілерді ауыстырудың биыл құрылыс жұмыстары аяқталып, ел игілігіне пайдалануға берілгелі ауыл тұрғындары бек риза.
Жоба бойынша жалпы ұзындығы 28,7 километр ескі электр желілері қазіргі жаңа технологиямен жасалған СИП кабелді желілеріге ауыстырылып, 9 дана жаңа талапқа сай КТП трансформаторлар орнатылды. Бұл өз кезегінде электр энергиясын тұрақты беріп, тұрмыстық техникалардың бірқалыпты жұмыс жасауына септігін тигізуде.
Сонымен қатар, жобада көше жарықтарын орнату жұмыстары да қамтылып, іске қосылды. Жарық беру қуаттылығы жоғары, қазіргі уақытта жиі қолданылатын соңғы үлгідегі «Philips» маркалы жарық шамдар орнатылып, Сағыз ауылында түнгі уақыттарда жарқырай жанған жарықшамдар көше сәнін келтіруде.
Бір ғажабы, осынау игі іс күз, қыс мезгілінде қараңғы уақытта мектептен қайтатын оқушылардың қауіпсіздігіне алаңдайтын ата-аналар үшін қуанышты жаңалық болды. Көше жарықшамдарын орнату тұрғындардың түнгі уақыттарда қауіпсіз жүріп тұруына, әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алуда маңызы орасан зор.
Еске сала кетейік, бұдан бөлек Сағыз ауылының жаяу жүргіншілер жолымен қоса кірме жолды жарықтандыру жобасы жүзеге асырыла бастаса, Сағыз ауылының 1-2 ауылдарын электр желілерін ауыстыру жобасы жасақталып, құрылыс жұмыстарына қажетті қаражатқа сұраныс берілді.