Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Қызылқоғалық 8 кәсіпкер 24,4 миллион теңгенің грантын иеленді

Аудан әкімдігінде аудан әкімі Қанат Әзмұханов аудандағы кәсіпкерлермен кездесті. Оған аудан әкімінің орынбасары Марат Әбуов, бөлім-мекеме басшылары, округ әкімдері қатысты. Ең алдымен, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Зинеш Сарбуфеева хабарлама жасады.

- Биылғы қаңтар-шілде айларында ауданда тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік өкілдерінің саны 1713-ті құрап, былтырғы жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда 104,3 пайызға өсті. Есепті мерзімде осы тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік өкілдерінің ішінен белсендісі 107,3 пайызға артты. Жалпы биылғы жылдың I тоқсанында шағын және орта кәсіпкерлік саласы бойынша жұмыспен қамтылғандар саны 2450, ал өнім шығарылымы 951,0 миллион теңге болып отыр.
Шағын және орта кәсіпкерлермен мәжіліс, семинар-кеңестер мен дөңгелек үстелдер өткізілді. Ал, шағын және орта кәсіпкерлікті қаржыландыру бойынша 8 айда аудан бойынша 42 шағын кәсіпкерлік өкілдері жергілікті және мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде несие қаражаты арқылы 464,56 миллион теңгеге қаржылық қолдау алды. 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде 8 кәсіпкер 24,4 миллион теңгенің грант қаражатына ие болды. Оның ішінде Миялыдан - 3 кәсіпкер 10,0 миллион теңге, Сағыздан - 4 кәсіпкер 12,4 миллион теңге, Көздіғарадан - 1 кәсіпкер 3,0 миллион теңгеге грант иегерлері атанды. Аталған грант беру конкурсына Сағыз ауылдық округінің кәсіпкерлері жылма-жыл белсенді қатысуда. Биыл 3 кәсіпкерлік нысан іске қосылса, оның біреуі «Ауылдық жердегі шағын және орта бизнесті дамыту» бағдарламасымен несие алу арқылы. Екеуі өз қаражаты есебінен ашылды. Осындай қолдаулардың арқасында аудан халқына 198 сауда объектілері, 1 базар, 50 қоғамдық тамақтандыру орындары, 95 халыққа қызмет көрсету орындары және 30 өндіріс орындары қызмет көрсетуде. Алға қарай да ауданның кәсіпкерлік саласын дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасын табады, - дейді аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Зинеш Сарбуфеева.

Бұдан кейін сөз алған «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Атырау облысы бойынша аймақтық филиалының директоры орынбасары Есенжан Мұсағалиевтың айтуынша, қазіргі таңда «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ ұлттық бағдарламалардың операторлары болып табылады. 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жоба аясында кәсіпкерлер субсидия және кепілдендіру бағыты бойынша қолдау ала алады. Қарапайым тілмен айтқанда, субсидия дегеніміз кәсіпкерлер екінші деңгейлі банктерден алған несиелері бойынша пайыздық мөлшерлемені түсіріп беру. Яғни, кәсіпкер екінші деңгейлі банкке барып, несие алғысы келсе, оны алу тиімсіз болады. Сол үшін 20 пайызбен алған несиені «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ 15 пайызын өз тарапына субсидиялап, 5 пайызын түсіріп бере алады. Бұл жерде өзінің ережелері бар. Соған сәйкес келу керек. Сондай-ақ, қалада кәсіпкер жұмыс жасайтын болса, 63 сала бар. Яғни, сол сала тек қалада ғана жүзеге асады. Мәселен, өндеу, өндіру, дене шынықтыру, денсаулық болса, ауылдық жерде бұл шектеулер жоқ. Әрбір бизнесті айналдыруға жеңілдік қарастырылған. Осы тақырып аясында Сағыз ауылдық округінен келген жеке кәсіпкер Ләззат Құлбаеваның:

«Ментальді арифметикаға арналған оқу орталығы үйінің жанындағы ғимаратта жұмыс жасап отырмын. Осы ғимаратты жөндеуден өткізуге қаржы қажет. «Даму» қорынан несие ала аламын ба?» деген сұрағына «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Атырау облысы бойынша аймақтық филиалының директоры орынбасары Есенжан Мұсағалиев:

" Көп жағдайда екінші деңгейлі банкке барған уақытта 6 ай мерзімді айналым, яғни табыс мөлшері көрсетілуі міндетті. Осы жағын ескерген жөн. Ал, егер 6 ай мерзімі көрсетілмесе несие алу мүмкіндігі азаяды.

b174bb56-601d-4b48-9ef4-fe335d583dc4

Сонымен қатар, миялылық жеке кәсіпкер Айжан Ізімованың:

««Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ арқылы Қызылқоға ауданынан қаражат алушы кәсіпкерлер неліктен жоқ? Және екінші деңгейлі банктерге барған жағдайда, ешқандай шаруамыз бітпейді." деген сауалына әлгі банк өкілі: «Екінші деңгейлі банктерден «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ арқылы берілетін кепілін пайдаланып несие алғысы келетін кәсіпкерлерге түсінік жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әрине, бұрын Қызылқоға ауданына мейлінше, берілмейтін болды. Қазіргі таңда бұл бағытта үлкен жұмыстар жүргізіліп кедергілер біртіндеп шешілуде» деп жауап берді.

Кездесуде тиісінше, мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсіпкерлерге берілетін қолдаулар туралы облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының кәсіпкерлікті қолдау бөлімінің басшысы Сәттіғұл Сабыров баяндама жасады. Оған жангелдиндік жеке кәсіпкер Жаннұр Бузова: «Автоматты түрде» көлік жуу орталығын ашуға құрал-жабдық алғым келеді. Ол үшін мен мемлекеттік грант ала аламын ба?» деп сұрақ қойды. Оған «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы» шеңберінде мемлекеттік қолдау алуға қатысу үшін бизнес жоспарын жасақтау керек. Яғни, бизнес жоспары дұрыс болса еш кедергісіз ала алады" деген жауап берілді. Ал, сағыздық кәсіпкер Айдана Құбашеваның: «Сағыз ауылдық округінен 2 қатарлы тұрғын үйдің төменгі қабатын сатып алғанмын. Енді соның құжатын жасауға және де жылу қазандығын сыртқа шығаруға болама?» деген сұрағына жауапты мамандар:

«Көршілерден келісім алып, жылу қазандығын сыртқа шығарған дұрыс. Нысанды кәсіпкерлік мақсатқа айналдыру керек» деп жауап берілді. Сол сияқты, кәсіпкер Айнагүл Нұрова: «Кәсіпкерлерге енгізілетін тарифке жеңілдіктер енгізілген дұрыс болар еді. Өйткені, қазіргі таңда, 150 мың теңгені жарыққа төлеп отырмын. Бұның өзі үлкен шығын» деген ұсынысын жеткізсе, Санабай Боранқұлов: «Кәсіпкерлік мақсатта салып жатқан Ақтөбе жол бойындағы «Кемпинг» ғимаратына бұрылатын жол жүргізіп беруге ықпал етуіңізді сұраймын » деген өтінішін айтты.

Бұл өтінішке аудан әкімі Қанат Әзмұханов:

«Тарифты арзандату бойынша «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы Қызылқоға аудандық филиалы облыстық палатаға ұсыныс берді. Бұл тарифтың қымбаттауы республикалық мәселе болып отыр. Сондықтан, кішкене түсіністік танытсаныздар. Ал, жол жүргізу үшін осы мәселе туралы менің атыма толық хат жазуыңызды сұраймын." деді.

Ал, миялылық жеке кәсіпкер Бауыржан Сабытаевтың: "Дизельдік отын алу мәселесі қиындады. Тіпті, ақшасына да таба алмай отырмыз. Былтыр да, биыл да осылай болып отыр. Сол мәселені шешіп берсеңіздер» деген пікіріне аудан әкімі:«Керек тоннаны айтыңыз. Облыс көлемінде бұл мәселені шешуге жұмыстанайық" деді. Сол сияқты көптің көкейінде жүрген, халықтың мұң-мұқтажын жеткізіп отырған миялылық Айжан Ізімова:

«Қазіргі таңда мал сою цехында көптеген мәселелер бар. Ең алдымен, ИСЖ жұмыс жасамайды. Демек, біраз ауыл тұрғындары малдарын не соя алмай, не сата алмай әбігерге түсіп отыр деген сөз. Ал, екінші мәселе әр сойылатын малға №1 анықтама алынады. Сойылған малға №2 анықтама беріледі. Бір анықтаманы алу құны 1200 теңге. Оны жеке кәсіпкердің өзі төлейді. Ал, сол №2 анықтаманы бір малға деп алғанымызбен, мен бір малдың етін аудан басындағы үш балабақшаға бөлетін болсам №2 анықтаманың 3 түпнұсқасын алуым керек. Сонда бір малға 3 анықтамаға 3600 теңге төлеуім керек. Бұл қаншалықты дұрыс. Ендігі мәселе, бір малға бір түпнұсқа анықтама алып, қалған екі мекемеге көшірмесін беру тиімділігін ұсынамын» деді.

Ол мәселенің ақ-қарасын ажыратуға толыққанды дайын аудан әкімі осы мәселені толықтай хат ретінде жолдауын сұрады.

Кездесу соңында аудандық «Мүгедектер» қоғамының төрағасы Бақтығұл Тәжіғали: «Осындай елдің дамуына үлес қосып жүрген кәсіпкер азаматтармен жолыққанда тұста, сіздерге алғысымды білдіре отырып, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған шараларға демеуші болуды сұраймын. Әрине, үнемі байланыста болып, атсалысып жүрген жеке кәсіпкерлер бар. Десек те алда көптеген мереке келе жатыр. Сол себепті де сіздерден демеуші болуға атсалысуларыңызды сұраймын» деді.
Кездесуді қорытындылаған аудан әкімі Қанат Әзмұханов:

- Айтылған ұсыныс-пікірлеріңіз аяқсыз қалмайды. Баршамыз бірігіп жұмыс жасасақ аудан экономикасы дами түсетіні сөзсіз. Сондықтан, жұдырықтай жұмыла білейік. Менің есігім әркез ашық. Ұсыныс-пікір, сауалдарыңыз болса жауап беруге дайынмын. Бүгінде бағаны тұрақтандыруға бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білгеніміз дұрыс. Керек болса, арнайы азық-түлік бағасын тұрақтандыруға байланысты ақпарат алып отыру арнайы чат алайық,- деді.

Нұрсәуле ЖАУЫНБАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT