Астананың 20 жылдық мерейтойы-на орай, елордаға айрықша сыйлық жасалып, Есіл өзенінің қос жағалауын байланыстыратын «Атырау» көпірі сыйға тартылды.
Көпірдің ашылу салтанатына ауданнан барған делегеция құрамында мен де болдым. Бұл сапар мен үшін қызықты оқиғаларымен, тарихи сәттерімен есте қалды. Өйткені, бұдан бұрын да Астанаға жолым түсті. Бірақ, бұлай ерекше сезімге бөленбеген болатынмын.
Көпірдің ашылу салтанатында Елбасының «Тәуелсіз Қазақстанның символы саналатын бас қаламыздың айтулы мерейтойы – барша қазақс-тандықтарға ортақ қуаныш. Сарыарқа төсіне қазығын қаққан еңселі елордамызды тұрғызуға бүкіл халқымыз жұмыла атсалысты. Биыл бас қаланың туған күніне орай «Өңірлердің Астанаға тартуы» жобасы аясында Атырау облысы да ерекше сый жасады. Мұнайлы өңір сыйға тартқан велосипедшілер мен жаяу жүргіншілерге арналған көпір – сәулет өнерінің бірегей туындысы» деген сөзі мені жігерлендіріп қана қоймай, бойымда мақтаныш сезімі пайда болды.
Мақтаныш сезімі мені ғана жігерлендіріп қоймағаны анық. Себебі, елордаға сапар шеккен әрбір атыраулық осымен мақтанары хақ. Көпірдің өзі біздің облыстың басты байлығы бекіре балығының пішінінде жасалған. Осыдан-ақ, Астана төрінен орын тепкен көпірдің мән-маңызын түсінуге болады. Сондай-ақ, ашылу салтанатында ашық аспан астында облыстың мәдениеті мен тарихын баяндаған театрландырылған концертті тамашалап, көрмеге қойылған тарихи жәдігерлермен таныстық. Бұдан бөлек қаланың көрікті жерлерін аралап, саяхат жасадым. Бәрі де бір-бірімен үйлесім тапқан, әдемі ғимараттар. Көз жауын алып, таңқалдырмай қоймайды.
Осылайша, Астандағы екі күн мен үшін маңызы зор, тарихи күн болып есімде сақталмақ.
Әділет ШАЙМАРДАНОВ,
Тайсойған ауылдық округінің әкімі.