Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫ – ҰЛТ МҮДДЕСІ

Кеше Аналар күніне орай аудан әкімі жанындағы әйелдер істері, отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия және Сағыз ауылдық округі аналар кеңесінің ұйымдастыруымен «Ана – ұлттың ұйытқысы» атты аудандық семинар болып өтті.

 «Шұғыла» мәдениет үйіне әр округтен жиналған ақ жаулықты аналар мен әжелері ұлттық киім киіп келіп, шараның мән-маңызын аша түсті. Алдымен жиналғандар мәдениет үйінің фойесінде ауылшаруашылық өнімдері жәрмеңкесі мен қолөнер шеберлерінің көрмесін тамашалады. Көрмеге А.Өміров атындағы өнер мектебі  оқушыларының колөнер бұйымдарымен қатар Сағыз орта мектебінің мұғалімі, қолөнер шебері Бақтыгүл Жұмағалиеваның туындылары қойылды. Бұдан бөлек «Балауса» балабақша ұжымы жүн түтіп, ұршық иіріп отырған көріністе «Нұр тамшы» әжелер ансамблімен ауылдың алты ауызын айтып, ерекше әсер қалдырды.
Одан әрі семинарды ашқан аудан әкімінің орынбасары, аудан әкімі жанындағы әйелдер істері, отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасы Гүлшара Ізімова: 

– Отбасы – адамзаттың ең асыл құндылықтарының бірі. Ол – тәрбие мен мейірімнің, сыйластық пен қамқорлықтың алтын бесігі. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын ұлттық тәрбиенің негізі де, ел болашағының іргетасы да, мықты әрі берекелі отбасында қаланатыны сөзсіз. Бүгінгі мерекеде әрбір отбасының шаңырағында шаттық орнап, ауызбіршілік пен молшылық тұрақтасын деп тілеймін. Ынтымағы жарасқан, бірлігі бекем отбасылар көбейе берсін,-деп құттықтау тілегін білдірді. 

Бұл шарадағы ерекше бір көрініс - ауыл келіндері жиналғандарға қазақы салтпен сәлем салып, дәм салынған букеттерін ұсынуы болды. Шара спикерлері Мария Ревкова,  Мәншүк Мангурова, Асыл Тегісбаева, Ақбөпе Қарабалиналар сахна төріне шақырылып, отбасындағы ауызбіршілік, ене мен келін арасындағы сыйластық  тақырыптарында ой қозғап, әдемі әңгіме өрбітті. 

Шараны қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары, аудан әкімі жанындағы әйелдер істері, отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасы Гүлшара Ізімова: 

– Бүгінгі шарадан көңілге түйгеніміз көп болды. Мән-маңызға ие осынау шара бір күндік емес,  ұрпаққа азық болар ерекше өтті. Қоғамдағы маңызды жайттар қозғалып, үлкендер өмір тәжірибесімен бөлісті. Өскелең ұрпақтың бойына ізгілік, парасаттылық, елжандылық, еңбексүйгіштік пен жасампаздық қасиеттер – отбасындағы ең жақын жандардың үлгі-өнегесі мен ықпалы арқылы қалыптасады. Өскен ұясынан алған тәрбие, түптеп келгенде, барша халқымыздың бақуатты тұрмысы, табысты тіршілігі мен баянды болашағының басты кепілі болмақ. «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген әдемі сөз отбасының ұйытқысы болып отырған аналарымызға арнап айтылғандай, -деді.

Содан соң  Айтолыш Берегенова, Зинекен Ашықбаева, Дәрігүл Басшиева, Ақзиба Қабылова. Зәмзәгүл Ерназарова, Дина Шыңбаева, Мейрамгүл Үркімбаевалар аудан әкімі жанындағы әйелдер істері, отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының Алғыс хатымен марапатталды. 
Сағыз ауылдық округінің әкімі Асхат Арыстанов шараның өтуіне атсалысқан округ әкімі жанындағы аналар кеңесіне, ауыл аналарына алғысын білдіріп, Мария Ревкова,  Мәншүк Мангурова, Асыл Тегісбаева, Ақбөпе Қарабалиналарға Алғыс хат табыстады. 
Ал, түстен кейін Мұқыр ауылдық округінде Халықаралық отбасы күніне орай аудан әкімі жанындағы әйелдер істері, отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиямен Мұқыр ауылдық округі әкімі жанындағы аналар кеңесінің ұйымдастыруымен «Отбасы-береке бастауы» атты аудандық семинармен жалғасып, жиналғандар алдымен қолөнер шеберлерінің көрмесін тамашалады. Мектеп оқушыларының төл туындылары көздің жауын алады. 
Алдымен сөз алған аудан әкімінің орынбасары, аудан әкімі жанындағы әйелдер істері, отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасы Гүлшара Ізімова құттықтау тілеген білдірді. Содан соң «Отбасы – өмір айнасы» қойылымы сахналанып, онда салт-дәстүр, отбасындағы бала тәрбиесі тақырыбы қозғалды. Одан әрі Қанзиба Бөлекбаева, Мәрзия Әбішева, Ағиба Досқали,  Айгүл Жиембаевалар өмірден көріп көңілге түйгендерін, отбасы құндылығы, ұлттық тәрбие, салт-дәстүрді сақтау сынды тақырыптарды кеңінен талқыланды.
 Семинар тақырыбын одан әрі аша түсу үшін «Менің отбасым – менің бақытым» сахналық қойылым көрермен назарына ұсынылды. Қоғамдағы өзекті тақырыпты қозғаған қойылым көпшіліктің көңілінен шықты. Кішкентай қыздың жан теберентерлік сөздері  көрерменді бей жай қалдырмаса керек. 
 – "Ағаш жапырағымен көрікті, адам отбасымен көрікті" дейді халқымыз. Шаңырақтың биіктігі мен беріктігі – сыйластықта, түсіністікте, мейірім мен татулықта жатыр. Бүгінгі басқосуымызда ананың ақ жүрегі, әкенің асыл тәжірибесі, ұрпақ тәрбиесінің маңызы туралы айтылды. Бәріміз де осы құндылықтарды сақтап, келешек ұрпаққа өнеге етуге тиіспіз.  Бір ауыз жылы сөзбен отбасын шаттыққа бөлеп, көңілді кемелдендіріп, өмірді нұрландыра аламыз. "Бірлігі бар ел озады, бірлігі жоқ ел тозады" деген тағы бір даналықты жадымызда ұстасақ, әр шаңырақтың керегесі кең, уықтары берік болары анық, - деп шараны қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Гүлшара Ізімова Қанзиба Бөлекбаева, Айгүл Жиембаева, Нұржамал Тоғызбаева, Ақшолпан Жарылғасынова, Айнұр Құлманова, Нәсіп Исамберлиева, Оңай Ахымғалиева, Айжан Байбосинова, Ағиба Досқали, Айжан Дүйсенғалиеваларды Алғыс хатпен марапаттады. 
Отбасы құндылығы, ұлттық тәрбие, отбасындағы ананың рөлі сынды тақырыптар қозғалған ауқымды семинар мән-маңызын ашқан шара болды. Отбасылық құндылықтарды сақтау мен дамытуды тек қана мемлекеттік бағдарламаларға сүйенбей, ұлттық мүддені биік қоятын әрбір отбасы, әрбір азамат өзінің парызы ретінде санауы керек. Әрбір отбасында өскен тәрбиелі, білімді ұрпағымыз еліміздің ертеңгі өмірінің қандай болатынының кепілі.


Гүлмира МАҚСОТҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT