Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

БАҚЫЛАУ НЕГЕ ЖОҚ?

Аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудандық мәслихаттың кезекті сессиясы өтті. Оған аудан әкімі, аудандық мәслихат төрағасы, аудандық мәслихат депутаттары, округ әкімдері мен жауапты бөлім, мекеме басшылары қатысты.

Сессияның күн тәртібіне сай алдымен мінебеге көтерілген аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Мәди Ташимов «2024 жылға арналған Қызылқоға аудандық бюджетінің орындалысы» және «Қызылқоға аудандық мәслихатының 2024 жылғы 26 желтоқсандағы №27-1 «2025-2027 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» баяндама жасады. Баяндамадан соң аудандық мәслихат депутаты Альберт Аққайнанов Көздіғара мен Жамбыл ауылдық округіндегі саябақтарға күрделі жөндеу жасау туралы сайлаушылар тарапынан мәселелер көтеріліп жүргендігін, бюджетті бекіткенде осы мәселе ескерілуі тиіс екендігін жеткізді. Бұған жауап берген бөлім басшысы қазіргі таңда бюджеттік сұраныстар төтенше жағдайдың алдын алу мен инфақұрылымды дамытуға ғана бағытталып жатқандығын, саябақтарға жөндеу жұмысын жасауға бюджеттен қаржы қарастырылмағандығын атап өтті.

Ал, бұдан бұрын құрылыс жұмыстары басталып кеткен саябақтарға қаржы бөлінеді. Бұдан соң сөз алған Атырау облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі Жанат Дауталиева Қызылқоға аудандық бюджетінің атқарылуы туралы баяндады. Оның мәлімдеуінше, ауданның ауылдық округтері мен коммуналдық мемлекеттік мекемелеріне бөлінген бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына аудиттік тексеру жүргізіліп, 8 аудит объектісі бойынша анықталған бұзушылықтардың жалпы сомасы 671 134,4 мың теңге болған. Оның ішінде қаржылық бұзушылықтар 93 568,7 мың теңге, тиімсіз пайдаланылған сома 122 995,8 мың теңге, тиімсіз жоспарлау сомасы 454 289,7 мың теңге, ықтимал шығын 105,7 мың теңге және бюджетке түсетін түсімдер сомасы 174,5 мың теңге. Рәсімдік сипаттағы бұзушылық 65 бірлік. Мемлекетік аудит ауылдық округтер және мекемелер тарапынан бюджет қаражатын жоспарлау мен пайдалануда, бухгалтерлік есепті жүргізуде, құрылыс қызметі саласындағы заңнаманың, мемлекеттік сатып алуда жүзеге асыру барысында қолданыстағы заңнама талаптарының сақталмайтынын көрсетті. Бұл кемшіліктер округ әкімдері мен мекеме басшылары тарапынан тиісті бақылаудың аздығынан орын алып отыр. Одан әрі сессияның күн тәртібінде балалардың жазғы демалысы кезінде олардың сауықтыру демалысын, бос уақыттары мен жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру мәселесі көтерілді.

Бұл туралы баяндама жасаған аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлфайруз Әнжанованың айтуынша, аудан бойынша 2024-2025 оқу жылында 1-10 сынып арасында 5994 оқушы білім алуда. Балалар жазғы демалысқа шыққан соң олардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында мектептер жанынан және облыстан тыс жерлерде лагерьлер ұйымдастырылады. Биылғы оқу жылында аудан бойынша 3 мектеп жанындағы интернатта 360 баланы қамтитын тамақтандыратын лагерь, 6 мектеп жанынан 240 баланы қамтитын компьютерлік сауаттандыру лагері, ұлттық салт-дәстүрімізді насихаттау мақсатында 5 мектеп жанынан 200 баланы қамтитын ұлттық лагерь, 8 мектеп жанынан 160 балаға арналған шатырлық лагерь, 15 мектеп жанынан 500 балалық бейіндік және дебаттық лагерь, 350 балаға арналған көгалдандыру және құрылыс лагері, 160 балаға арналған тілдік лагерь, «Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің 156 балаға жазғы мектебі, 15 мектеп жанынан 560 баланы қамтитын киіз үй және спорттық лагерь ұйымдастырылады деп жоспарлануда.

Сонымен қатар, облыстық білім беру басқармасының бөлген квотасына сәйкес, Алматы облысындағы «Бөбек» сауықтыру лагеріне 20 мамыр-10 маусым аралығында 4-5 сыныпта оқитын – 10 бала, Қонаев қаласындағы «Балдаурен» лагеріне 25 маусым-14 шілде аралығында 9-10 сынып оқитын – 12 бала, Ресей Федерациясының Железноводск қаласы Иноземцево поселкесінде орналасқан «Қазақстан геологі» емдеу пансионатына 7-21 маусым аралығында – 72 оқушы, 13-27 шідде аралығында – 50 бала, Махамбет ауданы Сарытоғай ауылындағы «Арай» лагеріне – 49 бала, Индер ауданы Елтай ауылындағы «Жас өркен» лагеріне 102 бала қамтылады. Жалпы жазғы демалыс лагерлерімен аудан бойынша 96,6 пайыз оқушы қамтылады деп жоспарлануда. Баяндамадан соң сөз алған аудандық мәслихат төрағасы Толқын Бейсқали: – Балалардың жазғы лагерлермен қамтылуы жан-жақты бағытта жүргізілуі тиіс. Әсіресе, жайсыз отбасының балалары ескерусіз қалмауы керек. Сонымен қатар, баяндамадағы киіз үй лагері өте құптарлық дүние. Қазіргі балалар расымен де қазақы құндылықтарды, соның ішінде киіз үй құрылымы жайлы ештеңе білмейді. Лагерде соның бәрі үйретіліп, одан бөлек Ұлы Отан соғысының батырлары мен тарихи тұлғалардың да еңбегі мен ерлігі насихатталуы тиіс, - деді. Бұдан соң аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ерсағын Құмаров ауданы әкімдігі жанынан құрылған мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй беру комиссиясы құрамына өзгерістер енгізу, аудандық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы Жанар Махметова аудандық жер комиссиясын құру туралы» қаулысын бекіту туралы баяндама жасап, шешім жобасын халық қалаулылары бір ауыздан бекітті. Күн тәртібіндегі соңғы мәселе – ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтарға «Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы» атағын беру туралы болды. Бұл туралы баяндама жасаған аудан әкімі аппаратының басшысы Асылбек Жанқуатов Серік Тұрыш, Амантай Қуанышев, Кенжебек Сейітмұхаммедов, Айтбай Қарамурзин, Айбар Ерекешовтерге «Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы» атағын беру туралы ұсынысын жеткізді. Өз кезегінде сөз алған аудандық мәслихат депутаты Сайлаубек Темірғалиев бұл азаматтарға атақ беру мәселесі тұрақты комиссия отырысында талқыланғандығын, кейбіреулеріне депутаттар сыни көзбен қарағандығын атап өтті. Дегенмен сессия соңында дауыс берген халық қалаулылары бес азаматты да «Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы» атағына лайық деп бірауыздан бекітті.

Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Қанат Әзмұханов:

– Бүгін біраз өзекті мәселе талқыланды. Өздеріңіз көргендей аудан бюджетінің басым бөлігін әлеуметтік салаларға бұрып жатырмыз. Оған депутаттар қолдау көрсетті. Одан бөлек бүгін Атырау облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі Жанат Дауталиеваның да аудиттік тексеріс нәтижесі жарияланды. Бұл ретте комиссия мүшесінің округ әкімдері мен мекеме басшылары тарапынан тиісті бақылаудың аздығы туралы айтуы орынды. Бұдан былай жауапты басшылар бюджет қаражатын тиімді жұмсау бойынша қатаң бақылау орнатуы керек. Сонымен қатар, балаларды лагермен қамту мәселесі де аса маңызды. Биыл аудан оқушыларының 96 пайызы қамтылады екен. Бұл жақсы көрсеткіш. Жазғы уақытта оқушылар мен жастардың бос уақытын тиімді пайдалану керек. Себебі, жазда ауылға студенттер жиналады. Олар бос жүрсе қылмысқа ұрынуы мүмкін. Сондықтан оларға да түрлі іс-шаралар мен жарыстар ұйымдастырылуы тиіс,- деді.

Дулат МӘТЖАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT