Даңқты батыр, жазушы, әскери қолбасшы, стратег және тактик Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толуына орай «Елсана» Қызылқоға аудандық руханият-патриоттық қауымдастығының ұйымдастыруымен оқушылар арасында әскери-қолданбалы спорт жарысы өтті. Миялы спорт кешенінде өткен сайысқа аудан бойынша 13 мектептің оқушылары қатысып, барлығы 4 кезең бойынша сынға түсті.
Аталған шараны аудан әкімінің орынбасары Гүлшара Ізімова ашып:
- Ел үшін жасалған ерлік ешқашан ұмытылмайды, ұлт жадында мәңгі сақталады. Талай боздақ ел үшін жанын қиды. Кешегі кескілескен қан майданда бірі өз өмірін пида етсе, енді бірі елге аман-есен оралып, сол бір тарихи оқиғаны бүгінгі ұрпаққа жеткізді. Соның бірі – даңқты батыр Бауыржан Момышұлы. Оның естеліктері мен есті әңгімелері өскелең ұрпақтың жадында ұдайы сақталуы тиіс. Патриоттық сезімді шыңдау үшін біз жас өрендерге даңқты тұлғаларымыздың өмір жолын насихаттауымыз керек. Айта кетейік, даңқты Бауыржанды өмірге тәрбиелеген, 1885 жылы Қарабау ауылындағы №8 ауылда дүниеге келіп, құқық қорғау саласында, партия және кеңес органдарында қызмет еткен жерлесіміз Дүйсенғали Бурабаевтың ұлағатты істері барша жерлеске өрісті өнеге, тамаша үлгі. Қасиетті Қызылқоға топырағынан талай тұлға дүниеге келген. Бұл өңірден әлі де білімді, дарынды ұл мен қыз шығарына сенеміз. Міне, оның бір қатары біздің алдымызда сап түзеп тұр. Ендеше, жас өрендер, бүгінгі сайыста сіздерге сәттілік тілейміз, - деді.


Жарысқа қатысушылар әскери қорғаныс киімін кию, оқжатарды шашып-жинау, қолмен көтерілу, автоматты жартылай бөлшектеп-жинақтау бойынша сынға түсті. Әр мектептен 15-17 жас аралығындағы төрт оқушыдан құралған командалар сайыстың көрігін қыздырды.
Алғашқы сайыс әскери қорғаныс киімін кию бойынша өтті. Онда бірінші орынды Ы. Шөреков атындағы мектеп-гимназиясының оқушысы Нұрәли Жексенғали иеленсе, екінші орынға Х. Досмұхамедұлы атындағы орта мектептің шәкірті Азат Сағытжан қол жеткізді. Ал үздік үштікті Жангелдин ауылдық округінен келген Миялы орта мектебінің оқушысы Аян Махам түйіндеді. Екінші кезең – оқжатарды шашып-жинау шапшаңдыққа негізделген сайыс болды. Бұл сында Ығылман Шөреков атындағы мектеп-гимназиясының оқушысы Медет Есенбай жеңімпаз атанса, Қарабау орта мектебінің оқушысы Өмірзақ Бейбарыс екінші орынға ие болды. Ал үшінші орын Жаңашаруа орта мектебінің оқушысы Берқайыр Жәйшыбайға бұйырды. Жерден қолмен көтерілу сайысында 30 секунд ішінде жаттығуды ең жылдам әрі көп орындаған Х. Досмұхамедұлы атындағы орта мектептің оқушысы Самғат Шариф оқ бойы озық шықса, Ы. Шөреков атындағы мектеп-гимназиясының шәкірті Абдулхасан Жолдығали екінші орынды еншіледі. Үшінші орынды Мұқыр ауылындағы №2 орта мектептің оқушысы Жолжан Жасұлан иемденді. Доданың соңғы кезеңі – автоматты жартылай бөлшектеп-жинақтау сайысы бойынша Миялы орта мектебінің шәкірті Бақтыбек Жұмабергенұлы жеңімпаз атанды. Екінші орынға Ы. Шөреков атындағы мектеп-гимназиясының оқушысы Әділбек Серік жайғасса, Х. Досмұхамедұлы атындағы орта мектептің шәкірті Бекзат Махат үшінші орынды қанағат тұтты.

Жарыс өз мәресіне жетіп, жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды. Осындай сайыстар өскелең ұрпақтың патриоттық рухын көтеріп, әскери дағдыларын шыңдауға үлкен септігін тигізері сөзсіз. Байқау барысында оқушылар шапшаңдықтарын ғана емес, командалық рух пен жеңіске деген жігерлерін де көрсетті. Мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады деп сенеміз.
Самғат ҚАЙРАТҰЛЫ
Сіз не дейсіз?
ЕРЕКШЕ ӘСЕР ҚАЛДЫРДЫ
Бүгінгі сайыс бізге ерекше әсер қалдырды. Бұл жарыста ептілігіміз бен шеберлігімізді шыңдай отырып, көптеген батырымыздың өмір жолымен таныстық, олардың ерлігін үлгі еттік. Нағыз патриоттық сезімді сезіндік. Осындай жарыстар жиі ұйымдастырылса, біз үшін үлкен қуаныш болар еді. Бұл тек спорттық бәсеке ғана емес, рухымызды көтеретін, елге деген сүйіспеншілігімізді арттыратын маңызды шара деп білеміз.
Диас ЖАСҚАНАТҰЛЫ,
Қарабау орта мектебінің 11 сынып оқушысы