Өткен аптаның жұмасы күні қоғам қайраткері Аташ Досалиевтің туғанына 90 жыл толуына орай, ауқымды шаралар ұйымдастырылды.
МУЗЕЙДЕГІ ТАНЫМДЫҚ КӨРМЕ
Онда алдымен аудан қонақтары мен тұрғындары Қызылқоға тарихи-өлкетану музейінде «Жақсының аты өшпейді» тақырыбындағы көрменің ашылуына куә болды. Шарада алғаш болып сөз алған аудан әкімі Арман Баженов: – Ауданның дамуына өлшеусіз үлес қосқан, аудан тұрғындарына етене таныс, жақсы көретін азаматы, тарихи тұлғасы – Досалиев Аташ Мерәліұлының елге сіңірген еңбегін кейінгі ұрпаққа ұлағаттау мақсатында аудандық тарихи-өлкетану музейінде көрме ашылып отыр. Бұл көрме арқылы қонақтар ағамыздың еңбегімен, қызметтес болған ел ағаларымен, отбасылық өмірімен таныса алады, – деді. Көрменің ашылу лентасы қиылған соң қонақтар көрмеге қойылған жәдігерлермен танысты.
ӨТКЕНДІ ЕСКЕРУ ӨСКЕНДІКТІҢ БЕЛГІСІ
Ал түстен кейін маңызды шара «Арман» мәдениет үйінде жалғасты. Жиналған жұртшылық мәдениет үйінің фойесінде жасақталған «Тау алыстан асқақтайды» тақырыбындағы көрмені аралап, «Адалдықтан ай-нымаған адам» тақырыбындағы еске алу кешіне қатысты. Аташ Досалиевті бір минут үнсіздікпен еске алудан басталған шарада ұрпақтары дайындаған бейнебаян арқылы оның өмірдеректері көрсетілді.
Еске алу кешін ашқан аудан әкімі Арман Баженов: – Тәуелсіз Қазақстанның өсіп келе жатқан жас буыны үлгі етерліктей өнегелі іске толы Аташ ағамыздың ғұмыры тұнып тұрған ғибрат. Өткенді ескеру өскендіктің белгісі, ал, өткенді ұмыту өшкендіктің белгісі екендігін ұмытпауымыз керек. Сондықтан, осы өлкенің абызы, тарихи тұлғасы болып табылатын Аташ Мерәліұлының өмірі кейінгі ұрпаққа өнеге болары анық, – деп, Зәуреш апай мен бүгінде Румыния елінде қызмет жасап жүрген үлкен ұлы Сәдуақас екеуіне Қызылқоға өңірінің табиғаты бейнеленген сурет пен естелік фотосуреттерге толы фотоальбомды сыйға тартты.
Зәуреш апай: «26 жыл ғұмырымыз өткен бұл өңірден адал достар, ағайындай араласатын көршілер таптық. Келін түсіріп, қыз ұзатып құдандалы болдық. Сондықтан, Қызылқоға ауданының әр ағашы, әр тасы, халқы бізге аса қымбат. Атекеңнің жасаған еңбегін бағалап, ұрпақтарына көрсетіп жатқан құрметтеріңізге алғысым шексіз», – деп ризашылығын білдірді. Адам баласының артында атқарған ісі, ол жайлы естеліктер, аялы сағыныш сезімдері қалады. Бұл тұрғыда Аташ ағамен үзеңгілес еңбек еткен, көзкөрген жолдасы, ауданның Құрметті азаматы Сайпол Мұқанов, қызметтес болған іні-қарындастары Жасан Есқайыров, Жәния Ізбасқан, Рзағали Қосыбектер сөз сөйлеп, естеліктерін айтса, ауыл тұрғыны Сергей Күзембаев Миялы спорт кешеніне Аташ Досалиевтің есімін беру туралы ұсынысын білдірді.
АЛТЫ ОҚУШЫҒА ГРАНТ БЕРІЛДІ
Еске алу шарасында сөз сөйлеген ұлы Махмуд Мералиев: –Осындай еске алу шараларында бірі ат шаптырса, бірі балуан күрестіріп, енді бірі концерт ұйымдастырып жатады. Ал, біз отбасымызбен ақылдаса келе биылғы оқу жылында мектеп бітіретін алты оқушыға әкеміздің атынан грант бөлуді ұйғардық. Грант гуманитарлық бағытта емес, жаратылыстану бағытында оқитындарға беріледі. Олар мектепті жақсы бағамен бітіріп, Назарбаев университеті, Қазақстан-Британ техникалық университеті, Еуразия ұлттық университеті секілді Қазақстандағы жетекші оқу орындарында оқуы тиіс. Осы алты оқушының ішінен екеуін өзіміз конкурс арқылы шетелге оқуға жібереміз, – деп, Х.Досмұхамедұлы атындағы орта мектебінің оқушылары Іңкәр Алмазқызы мен Аида Сағынбайқызына, Б.Аманшин атындағы орта мектебінің оқушысы Жаннұр Кәрімге грант сертификатын табыс етті. Қалған үш сертификат аудан әкімдігі арқылы анықталған үш оқушыға тапсырылатын болды. Сондай-ақ, Махмуд Аташұлы бүгінгі күні жоғары оқу орындарында оқып жатқан миялылық үш студентке бір жылдық оқу ақысын төлеуге көмек қолын созды.
Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ.
Суретті түсірген автор.