Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

МЕДИЦИНАЛЫҚ ПУНКТ – ЕЛДІ МЕКЕН ИГІЛІГІНЕ

Халықтың әл-ауқатын жақсартып, тұрғындарды сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз ету жергілікті биліктің басты міндеті. Әсіресе, алыс елді мекен тұрғындарына қолайлы жағдай жасау аса маңызды. Бұл ретте Жамбыл ауылдық округіне қарасты Айдын елді мекенінде жаңа медициналық пункт салынып, кеше ашылу салтанаты өтті.

Оған аудан әкімі Қанат Әзмұханов, аудандық орталық аурухана директоры Айнұр Тілемісова, аудандық мәслихат депутаты Алтынзер Баймрұратова және ауыл ақсақалдары мен тұрғындар қатысты. Алдымен сөз сөйлеген аудан әкімі Қанат Әзмұханов:

– Баршаңызға белгілі ауданымыз жылдан жылға өркендеп, жаңа әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Соның жарқын көрінісі – бүгінгі медициналық пункт. Әдетте мұндай жаңа да, сәнді ғимараттар аудан немесе округ орталығында салынатыны белгілі. Алайда, шалғайда орналасқан елді мекен тұрғындары да елеусіз қалмасын деген ниетпен осы медицналық нысан пайдалануға беріліп отыр. Бұдан бөлек аудан медицинасына биыл 10 жедел жәрдем көлігі берілді. Оның бесеуі қараша айында берілсе, қалған бесеуі жақын арада тапсырылады. Сол сияқты келесі жылы компьютерлік-томографиялық аппарат келеді. Мұның бәрі аудан халқының денсаулығын жақсарту мақсатында жасалып жатқан іс-шаралар. Ендеше, жаңа жыл қарсаңында пайдалануға беріліп жатқан жаңа медициналық пункт ел игілігіне қызмет ете берсін, – деді.

Бұдан соң Жамбыл ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Иғали Ізтұрғанов пен аудандық орталық аурухана директоры Айнұр Тілемісова да игі тілектерін жеткізсе, артынша аудан әкімі Қанат Әзмұханов пен ауыл ақсақалы Ахмет Айшанов салтанатты түрде жаңа ғимараттың лентасын қиды.

Шағын елді мекеннің көркіне көрік қосып тұрған жаңа медициналық пункт замануи үлгіде салынған ішіне кірген сәтте байқалды. Жаңа нысанда тіркеу, егу, ем қабылдау, дәрі-дәрмекті сақтау, әйелдерді қабылдау бөлмелері мен ішкі әжетхана да бар. Аудандық орталық аурухана директоры Айнұр Тілемісованың айтуынша, мұнда алдын ала екпе жүргізу мен алғашқы медициналық көмек түрі көрсетіледі. Жаңа нысанды қосқанда ауданда 1 аурухана, 8 дәрігерлік амбулатория, 1 фельдшерлік-акушерлік және 6 медициналық пункт халыққа қызмет етуде. Өткен жылдың қазан айында құрылысы басталған бұл нысанды «Иман» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі салды. Жоба құны – 163,5 миллион теңге. Жергілікті тұрғындар бұл нысаннан бөлек ауданда ауыз су желісі тартылып жатқандығын да айтып, осындай игі істер көбейсе ауылға көшіп келуішлер саны да артады деп қуанып отыр. Қазіргі таңда ауданда барлығы 26 елді мекен болса, соның ішінде әзірге тек осы Айдын елді мекенінде ғана жаңа медицинадық пункт ашылып отыр. Демек, бұл алда жасалатын ауқымды жұмыстардың бастамасы ғана болып отыр.

Дулат МӘТЖАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521