Ел экономикасына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан “Қайнармұнайгаз” мұнай-газ өндіру басқармасының мұнайшылары да бүгінгі референдумнан қалыс қалмай, Мұқыр орта мектебінде орналасқан 160 учаскелік референдум комиссиясына келіп, таңдауларын жасады.
Учаскелік референдум комиссиясының төрағасы Серік Едігеевтің айтуынша аталмыш кен орнының 288 мұнайшысы алдын ала өтініш беру арқылы учаскеге тіркелген. Мұнайшылардың учаскеге келіп, дауыс беруі үшін арнайы вахталық автобустар шығарылды. Осы орайда, мұнайшы Аманжан Арыстанғалиев:
“Бүгін Мұқыр ауылына келіп, ұжымдастармен бірге таңдауымды жасадым. Бұл референдум елімізді жарқын болашаққа бастайтын қадам деп білемін” деген пікір білдірді.
Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН