«Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов атыраулық оқушыларды соңғы қоңырау мерекесімен құттықтады.
Бұл туралы аймақ басшысы «Фейсбук» желісіндегі парақшасында жазды» деп хабарлайды Aтырау облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі. «Пандемияға байланысты биылғы оқу жылы күрделі болды. Елімізде білім алу үшін қиындықтарға қарамастан, барлық мүмкіндіктер жасалды. Пандемия кезеңінде білім алуда оқушылар мен мұғалімдер, сондай-ақ ата – аналар үлкен төзімділік танытты. Қашықтықтан оқуға қарамастан бұл жыл оқушыларымыз үшін олжалы болды. Атап айтқанда, республикалық «Алтын сақа» математикалық сайысында облыстық команда «Бас Жүлдені» еншіледі. Ал, жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадада 42 оқушымыз жеңімпаз атанды. Ел көлемінде Атырау облысы «Ең Үздік олимпиадалық команда» деп танылып, ІІ орынды иеленді. Облысымыз қоғамдық – гуманитарлық бағыт бойынша да жалпы есепте І орыннан көрінді. Ал «Білім-Инновация» лицейі өңірлік «Білім-Инновация» лицейлері арасында І орын алды. Бұл бір жағы, қажырлы еңбек пен зор талпыныстың жемісі.
Біздің міндет — сіздердің алаңсыз білім алып, үнемі жоғары жетістіктерге қол жеткізулеріңізге жағдай жасау. Былтыр Білім беру басқармасы жанынан «Таланттарды анықтау және қолдау» орталығын аштық. Сондай-ақ, балаларды қосымша білім беру бағдарламаларымен қамтамасыз ететін «Абай атындағы оқушылар және жастар сарайы» пайдалануға берілді. Биыл оқушылар орталықтарындағы, техниктер мен туристер станцияларындағы, музыкалық және көркемдік мектептердегі шығармашылық бағыттарды дамыту жоспарлануда. Келер жылы төрт мектеп ел игілігіне беріліп, өңірдегі апаттық мектептер мәселесі толық шешіледі.
Биылдан бастап 28 ауылдық мектепте жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Өңірдің білім беру саласындағы проблемаларын шешу бағытында «Назарбаев Зияткерлік мектебімен» бірлесе жан-жақты зерделеу жұмыстары жүргізілді. Білім беру сапасын арттыру үшін 2021-2023 жылдарға арналған жол картасы әзірленіп, жұмыстар істелуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «қала мен ауыл мектептері білім алушылары арасындағы алшақтықты жоюды» айрықша атап өткенін білесіздер. Бұл тапсырманы аталған жоба аясында іске асырып, өңірімізде қалалық және облыстық деңгейде екі «Мүмкіндіктер мектебін» ашу көзделіп отыр. Білім саласын жақсарту жұмыстарын бір сәт те тоқтатпаймыз. Облысымызда биылғы оқу жылын 134 838 оқушы аяқтады, олардың 5778-і мектеп бітіреді. Түлектердің 288-і «Алтын белгіге», ал 218-і «Үздік аттестатқа» үміткер.
Құрметті түлектер! Алдағы жауапты сынақ – қорытынды аттестация мен Ұлттық бірыңғай тестілеуден ойдағыдай өтіп, жоғарғы деңгейде тапсыруларыңызға тілектеспін.Сіздердің үлкен өмірге аяқ басуларыңыз Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келді. Жақсы білім алып, білікті маман болып, өз болашақтарыңыз үшін, егемен еліміздің гүлденуі жолында табысты еңбек етерлеріңізге сенімдімін. Қадамдарыңыз сәтті болсын! Құрметті ұстаздар! Білімді ұрпақ тәрбиелеп, қоғамның дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген еңбектеріңізді әрқашан жоғары бағалаймыз. Түлектеріңіз лайықты азамат болып, жетістіктерімен қуантқай. Сіздерге мықты денсаулық, шығармашылық табыс, бақ-береке тілеймін!» деп жазды облыс әкімі.