Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 8 сәуірде еліміз бойынша «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы басталған болатын. Ауқымды экологиялық науқан «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ», «Мөлдір бұлақ» тақырыптарымен жүзеге асты. Акция аясында ауыл көшелері, өзен жағалаулары тазартылып, елді-мекендерді көгалдандыру, ағаш отырғызу жұмыстары жүргізілді. Осы ретте, «Арман» мәдениет үйінде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық тазалық акциясы аясында аудан әкімінің қолдауымен аудандық ішкі саясат бөлімі және «Миялы» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Таза ауыл – өзіңнен басталады» тақырыбында көктемгі және күзгі тазалық айлығын қорытындылау шарасы болып өтті.

– Мемлекет басшысының тапсырмасымен бастау алған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында ауданымыздағы елді мекендерді көгалдандыру және санитарлық тазалаудың көктемгі және күзгі айлықтарын ұйымдастырудың нақты іс-шаралар жоспары бекітіліп, ұйымшылдықпен өткізілді. Оған аудандағы барлық мекеме, тұрғындар ұйымшылдықпен қатысып, елді мекендердің келбетін көтеруде көптеген жұмыс атқарды. Сол үшін баршаңызға алғыс айтамын, - деген тілегін білдіріп, «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында тазалық жұмыстарындағы белсендігі үшін бір топ азаматқа аудан әкімінің Алғыс хаты мен қаржылай сыйлық табыс етті.

Шара барысында «Арман» мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашып, мың бұрала биледі. Осылайша, ауданның тазалығын сақтап, көркейтуде тынымсыз еңбек еткен жандарға құрмет көрсетіліп, олардың адал еңбектері лайықты ұлықталды.
Бауыржан САҚТАСЫНОВ