Қазақстан Ассамблеясының 30 жылдығына орай Қызылқоға аграрлы –техникалық колледжінде ұзақ жыл шәкірт тәрбиелеуде еңбек еткен, ардагер ұстаз Лариса Аллетдинқызы аталмыш колледж директоры Шалқар Қасымов арнайы мерекесімен құттықтады.
Ұлағаты мол ұстаз Лариса Аллетдинқызы бұрынгы Куйбышев облысында қарапайым татар отбасында дүниеге келген.Жастайынан көзі қарақты, ойы асқақ, жаңалыққа жаны құштар қыз, мектеп бітірісімен Ақтөбе қаласындағы индустриалды-педагогикалық техникумына оқуға құжат тапсырады.Студенттік кезеңде сабақ орысша жүрсе де қазақтың балалары, қыздарымен бір топта сабақ оқиды. Осылайша оның қазақ жерінде, қазақ балаларымен бірге оқуы екінші тынысын ашады. "Тағдыр табыстырған"дегендей өзінің группаласы Сағыз ауылының азаматы Бақтыкерей Ермекбаевпен көңіл жарастырып, отбасын құрады. 1977 жылдан бастап, екі жас маман жоғарыда айтқан колледжге өндірістік оқу шебері болып, жұмыска тұрады.
Өзі өткенді еске ала отырып,
"Алғашқы кезде өте қиын болды.Татар тілі қазақ тіліне ұқсас болғанымен, өзіндік қиыншылықтары бар. Жайлап тілді үйренуіме жолдасымның үлкен әжесі, енем, атамның еңбегі зор. Білмеген жерлеріме түсіністікпен қарап, кешірімділік таныта білді.Екінші жағынан қазақша оқу орны, қазақша оқыған балалармен бетпе-бет сөйлесуім менің тез үйренуіме себеп болды.Қаймағы бұзылмаған, әдет-ғұрпын, дәстүрлермен дәріптеп, тілін қастерлеп, бүгініміз бен келешек ұрпағымыз үшін бірлігімізді сақтау мен үшін басты міндет деп есептеймін" дейді апай.
Кейіпкеріміз өзінің біліктілігі мен білімділігін шыңдай отырып, техникалык пәндер бойынша арнайы пән мұғаліміне дейін көтеріліп, білім алушыларға түрлі техникалык сайыстар мен ашық сабақтар, апталықтарды заманауи үлгіде өткізіп тынымсыз еңбек етті. Кейде әріптестеріне "Білгенім тоғыз, білмегенім токсан тоғыз"деп әзілдеп қояды. Осы шараларды таза қазақ тілінде жүргізіп отырды. Білім алушыға кәсіптік білім беру және тағылымы мол тәрбиелік шараларды өткізуде жетістіктерге жетіп, өз кезегінде марапатталып отырды. Бірнеше рет облыстық деңгейдегі құттықтаулар мен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хатымен марапатталды.
Зейнеткерлікке шыққанға дейін жас мамандарға өзінің ұстаздық жолындағы мол тәжірибесін, педагогикадан, әдістемелік тәсілдерін үйретуден жалықпады. Бүгінде ардагер ұстаз: "Қазақ тілін еркін меңгеріп сөйлесуім, бүгінде менің қажеттілігіме үлкен көмегін тигізуде. Еліміздің тыныштығы, ұлтымыздың бірлігі, қазақ халқының дархан мінезі, өзара түсіністігі, одан арі жалғасып, ұлтаралық татулық әрдайым берік болсын. Қашанда ынтымақ,бірлігі мәңгі жасасын" деп тілейді.
Нұргүл ЕЛЕМЕСОВА,
Қызылқоға аграрлы-техникалық колледжі
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы