Соңғы жылдары аудан халқын баспанамен қамту мәселесі оң шешімін тауып, ауданның әр ауылдық округінде ай сайын жаңа тұрғын үйдің кілті табысталуда. Соның бір жарқын дәлелі – жақында Миялы мен Сағыз ауылдарында өткен баспана кілтін табыстау рәсімі. Қос ауылда өткен салтанатты шараларға аудан әкімі, аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық қоғамдық кеңес мүшелері, жауапты бөлім, мекеме басшылары мен ауыл тұрғындары қатысты.
Сағыз ауылында өткен салтанатты шараны ашқан аудан әкімі Қанат Әзмұханов:
– Тұрғын үй кезегінде тұрғандарды баспанамен қамту – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауларында айтылған басым бағыттардың бірі. Соған сай, облыс әкімінің қолдауымен ауданда тұрғын үймен қамту жұмыстары жүйелі түрде қолға алынуда. Оған дәлел – 2022 жылы аудан бойынша 14 отбасы баспанамен қамтылса, биыл 150 отбасыны тұрғын үймен қамту жоспарын қойып отырмыз. Сол мақсатта жұмыстар жалғасып келе жатыр. Осыдан бірер ай бұрын ғана Сағыз ауылындағы 17 отбасы баспаналы болса, бүгін тағы бірнеше отбасы жаңа қонысқа кіреді. Ендеше, бүгін баспаналы болып тұрғындарды шын жүректен құттықтаймын, - деп сағыздық бес отбасыға су жаңа баспананың кілтін салтанатты түрде табыс етті.
Шара барысында Сағыз ауылдық бастауыш ардагелер ұйымының төрағасы Амангелді Сапаров үйлі болып жатқан ауылдастарын құттықтаса, көп балалы отбасымен санатымен баспаналы болған Гүлбаршын Өмірзақова аудан басшыларына өз алғысын жеткізді. Салтанатты шараны «Шұғыла» мәдениет үйінің өнерпаздары әнмен әрлеп, шырайын ашты.
Дәл осындай салтанатты шара сәрсенбінің сәтті күні аудан орталығында жалғасын тапты. Онда аудан әкімімен бірге аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Өтеуғали Дүйсәлі де құттықтау тілегін жолдап, аудандағы баспанамен қамту бағытындағы жұмыстарға оң бағасын берді. Содан соң аудан әкімі Қанат Әзмұханов тұрғын үй кезегінде болған көп балалы ана, І, ІІ топ мүгедектігі бар тұрғын және толық емес отбасы санатындағы 12 отбасыға су жаңа баспана кілтін табыстады. Аудан орталығындағы бұл шарада үйлі болып жатқандардың туыстары мен достары гүл шоқтары мен естелік сыйлықтарын әкеліп, мерекелік шараның шырайын одан сайын кіргізе түсті.
Қос ауылдағы бұл қуаныш тек баспаналы болып жатқандарды ғана емес, қарапайым тұрғындардың өзін риза қылғанына куә болдық. Расымен де, бұрын баспана кілтін табыстау шаралары тек мереке күндері ұйымдастырылса, қазір ай сайын ауданның әр ауылдық округінде дәстүрге айналуда. Ендеше, дәл осынау ізгі шара алдағы уақытта да жалғасын таба беруіне тілектеспіз.
Дулат БЕРІКҰЛЫ