Бүгінде " Өр суының көтерілуі салдарынан Көздіғара ауылдық округін су басу қаупі басым" деген ауыл тұрғындарының үрейі пайда болғаны жасырын емес. Бұл ретте, Көздіғара ауылдық округінің әкімі Ернар Ізімовтың айтуынша, тұрғындардың алаңдауына негіз жоқ.
Себебі, тасқын су кешегіден бүгін 10 сантиметрге түсіп отыр. Ал, тасқын судан ауылды, елді мекендерді қорғау бағытындағы жұмыстар 21 наурыздан бастап Жангелдин ауылдық округінен арнайы Ыбырай Уақитов келіп, бөгет соғу жұмыстарын жүргізді. Одан бұрын шаруа қожалық иелерінің тракторымен бұрынғы соғылған бөгеттерді көтеру жұмыстары жүргізілген болатын. Бұдан басқа, жүздеген адам ауылды судан қорғау жұмыстарына жұмылдырылды. Қазіргі таңда, Көздіғара ауылдық округінде 4 километрден астам, Қосқұлақ елді мекенінде 2 километрден астам бөгет соғылды. Бір сөзбен айтқанда, Көздіғара ауылдық округінде су басу қаупі жоқ.