Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

АНТЫНА АДАЛ АЗАМАТТАР

Миялы спорт кешенінде аудан әкімдігінің қолдауымен, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен 15 ақпан – Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына орай мекеме қызметкерлері арасында шағын футболдан жарыс өтті.

Шараның ашылу салтанатына қатысып, құттықтау тілегін білдірген аудан әкімінің орынбасары Жарас Есенғалиев:

– Бүгін ерекше маңызды тарихи күн. Өйткені осыдан 37 жыл бұрын Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылып, төзімділіктің, сабырлылықтың, парасаттың салтанат құрған күні. Өзге мемлекет жерінде он жылға созыған соғыста қазақ сарбаздары өшпес ерліктің үлгісін көрсетсе, бүгінгі күні олар аудан, облыс, республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосып келеді. Осы атаулы күнге орай интернационал жауынгерлердің ізгі жолдарын кейінгі ұрпаққа үлгі ету мақсатында бүгінгі жарыс ұйымдастырылып отыр. Ендеше, бүгінгі шағын футбол жарысына қатысушы командаларға сәттілік тілеймін, - деді.

Бұдан кейін аудандық мәслихат төрағасы Толқын Бейсқали мен Ауған соғысының ардагері Нұрлан Бекешов құттықтау сөз сөйлеп, тарихи күннің маңыздылығына тоқталса, «Арман» мәдениет үйінің әншісі Хайролла Мәдиев «Ауғанстан» әнін тамылжыта орындады. Салтанатты шарадан кейін мекеме қызметкерлерінен құралған жеті команда өзара кездесіп, бақтарын сынады. Нәтижесінде, Қызылқоға балалар-жасөспірім спорт мектебі қызметкерлерінен құралған «Намыс» командасы (жүлде қоры – 60 мың теңге) бірінші орынды жеңіп алса, аудандық полиция бөлімі, аудандық прокуратура, аудандық сот, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімі, «Нұр-Шуақ» балабақшасы, «Қызылқоға» газеті, аудандық тіркеу және жер кадастры мекемесі, Б.Аманшин атындағы орта мектеп қызметкерлерінен құралған «Барыс» командасы (жүлде қоры – 40 мың теңге) екінші орынды, «Қазпошта» байланыс торабы, Қызылқоға желілік техникалық учаскесі, аудандық газ шаруашылығы мекемесі, «Балдырған» балабақшасы, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы, аудандық кәсіпкерлік палатасы қызметкерлерінен құралған «Қайрат» командасы (жүлде қоры – 30 мың теңге) үшінші орынды иеленді. Ал, тартысты бәсекенің үздігі деп танылған «Қайрат» командасының қақпашысы Дастан Закарияев «Үздік қақпашы», «Барыс» командасының шабуылшысы Бауыржан Жауқаш «Үздік шабуылшы» және «Намыс» командасының ойыншысы Бекзат Өтешов «Үздік ойыншы» атағымен мадақталды. Бұдан кейін мерекелік шара «Ақсәуле» мейрамханасында «Батырлық пен борыш жолында» атты тақырыбындағығы салтанатты отырыспен жалғасты. Оған қатысқан аудан әкімінің орынбасары Жарас Есенғалиев, аудандық мәслихат төрағасы Толқын Бейсқали, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағидолла Яқып, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Өтеуғали Дүйсәлілер жастар тәрбиесі, патриотизм, Отан қорғау бағытында келелі әңгіме қозғаса, ауған соғысының ардагерлері және тәжік-ауған шекарасында әскери борышын өтеген жерлестер жауынгерлік жолдарындағы естеліктерімен бөлісіп, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді. Шара барысында «Арман» мәдениет үйінің өнерпаздары әскери-патриоттық тұрғыда әндер шырқап, шара шырайын кіргізді.

Бауыржан САҚТАСЫНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT