Әр халықтың бала тәрбиесіндегі өзіндік ерекшеліктері арқылы мәдени құндылықтары қалыптасады. Ата-бабамыз ұл баланы ертеңгі абыройлы әке, қадірлі отағасы, елді қорғайтын ер, батыр, би, ақын, ұлттың намысты азаматы ретінде әділдікке, қайсарлыққа, кешірімді болуға, өнерге, білімге, салт-дәстүрімізді сақтауға тәрбиелеген.
Ұл бала – қазақта шаңырақ иесі, ер азамат – ата-ананың отын тұтатушы болып саналады. Ендеше, әке өнегесін жас ұрпаққа ұлағат етсе керемет емес пе?! Осыған орай, Б.Аманшин атындағы орта мектебінің ұйымдастыруымен «Әкенің орны - төр!» атты әкелерге арналған шара болып өтті. Оны аталмыш мектеп директоры Зада Жаңабаева ашып, әз Наурыз мерекесімен құттықтады. Одан соң, Кенжебек Бисенов пен Раяна Нұрлан " Әке тілегі" әнін тамылжыта шырқаса, салт-дәстүрімізді айқындай түсетін «Дастархан батасы» көрінісі қойылды. «Әке көрген оқ жонар» дегендей, әкеден балаға қолөнер болып қалатын бұйымдарды даярлау үшін ортаға жас әкелер шақырылып, құстың ұясымен қамшы жасады. Ал, садақ ату мен мергендік өнерді жастар арасында насихаттап жүрген аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Ризабек Амантай бұл өнерді кеңінен түсіріп, әкелер арасында екі топқа бөліп сайыс ұйымдастырса, Б.Аманшин атындағы орта мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Есболат Лұқпанов оқушысы Еспай Қоныспен атқа міну мәдениетін таныстырды. Шара одан әрі ұлттық спорттың бір түрі арқан тартысқа ұласты.
Осылайша, әдемі шарада «Алғыс» әнін Трио орындаса, Құрманғазының күйі «Балбырауынды» мектеп оқушыларынан құралған ансамбль ерекше жеткізді. Ал, 6-сынып оқушысы Жігер Алмас-Болат әкесі Есет екеуі «Әке мен бала» әнін орындап берді. Кеш соңында, аталмыш мектеп директоры Зада Жаңабаева шараға белсенділікпен қатысқан барлық әкеге рахмет айтып, алғыс хат табыс етті.
Нұрсәуле ЖАУЫНБАЕВА