Сейсенбі күні аудан әкімі Қанат Әзмұханов ауыл ардагерлерімен кездесті. Сондай-ақ, кездесуге аудандағы құқық қорғау органдары мен коммуналдық қызмет басшылары қатысты.
Онда алдымен сөз алған аудан әкімі Қанат Әзмұханов:
– Биыл күн ерте жылынуына байланысты өр суы мезгілінен бұрын тасуда. Тұрғындар тарапынан түрлі пікірлер айтылуда. Осы орайда, Сіздердің ақыл-кеңестеріңізді тыңдау үшін бас қосып отырмыз. «Миялы-Қарабау» тас жолының өткен жылы жырылған жері қайта бұзылды. Өйткені, өзен бойына жиналған сең судың өтуіне кедергі жасап, жолдың күншығыс бетіне көп мөлшерде су жиналып қалған болатын.
Алайда, бір ауылдың тұрғыны осы көпірді: "Біздер, яғни белсенділер бұздыртпасақ аудан басшылары бұзбай Миялыны суға кетіретін еді. Сонымен қатар, айналма жол бюджет қаражатын жеу мақсатында салынып жатыр" деп жалған ақпарат таратқан. "Миялы ауылының қауіпті жерлеріне дамба неге соғылмайды?" деп те әлеуметтік желіге бірнеше рет жариялады. Әрине, ауылды судан аман сақтап қалуға деген жанашырлығын құптаймын. Бірақ, жалған ақпарат таратып, халықтың арасында дүрбелең туғызатын әрекетті өз-өзін жарнамалаудың әрекеті деп ойлаймын. Себебі, көпір бұзу туралы шешімді 10 наурыз күні сағат 20:00 шамасында қоғамдық кеңес мүшесі Айжан апамыз маған хабарласқан кезде айттым. Сәйкесінше, апамыз қоғамдық кеңес мүшесі ретінде тұрғындарға бұзылады деп нақты ақпарат жеткізді. Сол үшін рахмет айтамын. Ойыл бойындағы округтердің тұрғындары өз елді мекендеріне, ал жүкті әйелдер болса емханаға жетіп алсын деген мақсатта жолды дәл айтылған уақытта емес, таңға қарай бұздық.
Ал, су «Сақал ата» қорымы бағытындағы айналма жолға тірелгендіктен ол жерлерге бөгет салу жұмыстары 10 наурыз күні басталып, әлі жүргізілуде. Сондықтан, бұндай сәтте жалған немесе қате ақпарат беруге болмайды. Себебі, әкімдік өкілдері аудан чатына ресми түрде хабарлап отырды және отырады.
Бүгінгі таңда Ойыл ауданындағы «Тамдыкөл» мен біздегі «Ералы» су қоймаларының барлық есіктері ашық тұр. Күні кеше облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев, төтенше жағдай департамент басшысы, су саласының ардагері Хамидолла ағамыз және өзім бар тікұшақпен Ноғайты, Сағыз, Қиыл және Ойыл өзендерінің бойын араладық. Ноғайты өзенінде су жоқ болса, Сағыз өзенінде де судың мөлшері айтарлықтай көп емес. Ал, Ойыл өзені жайлы Хамидолла ағамыз түсіндіріп өтеді, - деді.
Су саласының ардагері Хамидолла Әбдірахмановтың түсіндіруінше, Қиыл өзені қатты тасып жатпағанмен Ойыл өзені жақсы көтерілуде. Ащы Ойылдан да су мол келуде. Бес-алты күнде бұл сулар бізге жетеді. Тек Қиыл мен Ойыл өзені бірінен соң бірі келсе қауіпті ештеңе жоқ. Ал, екеуі бірдей келсе қиындық тудыруы ықтимал. Қазір көпірдің аузында сең тұруы салдарынан су 20 сантиметрдей көтерілген. Жалпы, келе жатқан судың мөлшері өткен жылы келген судың деңгейімен бірдей болмаса, көп емес сияқты.
– Ескере кетер жайт, көршілес Ойыл ауданындағы «Тамдыкөл» есіктерінің су өткізгіші секундына он тоғыз текше метр болса, біздің аудандағы «Ералы» су қоймасының есіктерінің бір секундта үш жүз текше метр су өткізуге мүмкіндігі бар. Осыны да есептей отырып, жоғарыдан келген судан қауіп жоқ деуге толық негіз бар. Дегенмен «Сақтықта қорлық жоқ» дегендей бөгет тұрғызу жұмыстары жалғаса беруі керек, - деді Хамидолла Әбдірахманов.
Осы тұста аудан басшысы ардагерлерден "Ауыл тұрғыны Есенбай Нұровтан: "Қазір көпірдің Жангелдин ауылы бетіндегі жолды да бұзу керек" деген пікір түсті. Бұған қалай қарайсыздар?» деп сұрады. Бұл сұраққа денсаулық саласының ардагері Жауқаш Тұрдағалиев: «Жолдың бұзылғанын тұрғындардың барлығы «дұрыс» деп айта алмайды. Келіп жатқан су елдің ырыздығы. Судың жағдайын жақсы білетін Хамидолла өр суынан ауылға келетін ешқандай қауіп жоқ екендігін айтты. Кешегі күні де ауылға ешқандай қауіп болмаған еді. Жолды бұзбай, әлі де күту керек еді. Білмейтін адамдардың сөзіне еріп кеттіңіздер деп ойлаймын. Ендігі жерде көпірдің арғы жағын бұзу қате деп есептеймін. Су өткізгіш суды жіберіп тұр. Нағыз болған жағдайда су асфальт үстіменде кете береді. Жолды бұзу оңай, ал асфальт салу тағы бір жылға созылады. Жалпы, алды ашық болса Миялы ауылына ешқандай тасқын су қауіп төндірмейді» деді.
Аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Жәния Ізбасқанның айтуынша, қазір әлеуметтік желілерде әркім су тасқыны туралы өз пікірлерін білдіруде. Ол дұрыс. Алайда, мәселенің байыбына бармай біреудің айтқанын қоштай кететіндер көп. Сондықтан, дәлелмен, нақты фактілерге сүйене отырып жазған жөн. Қанша дегенмен өтірік ақпараттар ел арасына іріткі тудырады. Бұған жол бермеу үшін халықты бірлік жағына шақыру бағытында ардагерлер де өздерінің салиқалы кеңестерімен бөліскен жөн.
Жиында Миялы ауылдық бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Жаубасар Мұқанбетов аудан басшысынан:
– Жырылған жолдың тұсынан көліктер үшін айналма жолды шәйіп кетеді дегесін, су өткізгіш кольцо жоқ деп ойлап жүрміз. Бұл қалай болады екен? Бюджеттің қаржысын босқа шашып жатыр» деген алып-қашпа әңгімелер айтылуда. Шындығында айналма жол салуға ерте емес пе? – деп сұрады.
Бұл сауалға аудан басшысы: «Тасқын судың қашан келіп, қашан аяқталары әзірге белгісіз. Сондықтан Ойыл бойындағы ауылдық округ тұрғындарына аудан орталығына қатынасуы үшін айналма жол салынып жатыр. Себебі алдыңғы жылы тек мамыр айында жол қалпына келтірілді, ұзақ уақытқа жол қатынасы болмайды деген сөз. Қазір бұл жұмыс «АтырауИнжСтрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің көмегімен салынуда, ал шәйіп кетсе бюджеттен ешқандай қаржы шықпайды. Су өткізу үшін әзірге бес құбыр (кольцо) салынды. Көрші Мақат ауданынан тағы үш құбыр келе жатыр. Сонда Келген су 10 кольцо арқылы өте береді. Су мол келіп, жолды шайып кетеді ма, жоқ па ешкім нақты айта алмайды. Сондықтан, тұрғындардың аудан орталығына қатынасуға мүмкіндігі мол болу үшін жасап қоямыз. Сондай-ақ, жолды бұзғанымыз дұрыс болды деп есептеймін. Бұл біздің жоспарымызда бар болатын. Өйткені, бұл асфальт емес тек топырақ болды. Алдымен айналма жолды салып алып, жолды бұзсақ су өткізгіш құбырлар нөпір суды өткізе алмай, жол шайылып кететін еді. Ал біз жиналған суды ағызып жібердік те айналма жол салуға мүмкіндік жасадық» деп жауап берді.
Кездесуде еңбек ардагерлері Жаубасар Мұқанбетов, Сүйеуғали Дүйсалиев, Қайырғали Базарбаевтар сөз сөйлеп, пікірлерін білдірді. Олардың айтуынша, судан болатын қауіп-қатердің алдын ала отырып, келген суды тиімді пайдалану қажет. Бұл бағытта нақты жұмыс жоспары жасалып, алып-қашпа әңгімелерге жол берілмеуі тиіс. Кезінде өзеннің «Құмөткел» деген тұсынан канал қазу жұмыстары жүрген. Сол жерді мықтап бітеген абзал. Тайсойған ауылы негізінде су арнасына салынған. Болашақта мол су келсе ауыл су астында қалуы мүмкін. Осыны зерделеп, бір шарасын алған дұрыс. Бұған дейін де айтылып келе жатқан «Жаңқабай» шлюзін кеңейтіп, Жарыпшыққан арнасын тазалауды да ұмытпаған жөн.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Қанат Әзмұханов:
– Тұрғындар «Өткен жылы бұзылған «Миялы-Қарабау-Индер» тас жолы әлі күнге дейін неге жасалмайды?» деген пікір айтуда. Бұған түсінік бере кетсем. Әрине аудан әкімдігі арқылы өтсе тездетуге мүмкіндік болар ма еді, бірақ облыстық маңызы бар жол болғандықтан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының теңгерімінде. Сондықтан, жобалық құжаттаманы, келісім шартты және құрылыс жұмыстары аталған облыстық басқарма жүргізді. Құжаттарын мемлекеттік сараптамадан қараша айында аяқталғандықтан қыста жұмыс жүргізуге тыйым салынатыны белгілі. Сондықтан, қазіргі уақытта бұл жерді қалыпқа келтіру үшін аталмыш басқарма мен «АтырауИнжСтрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасында келісімшарт жасақталып, жұмыстарды наурыз айында бастау жоспарланған. Алайда, өр суының ерте келуі жол құрылысын жүргізуге кедергі болып, басталған жұмыс уақытша тоқтатылды. Жаңағы сіздер айтқандай көпірдің Жангелдин ауылы бетіндегі жолды бұзбаймыз. Бұған әзірге қажеттілік жоқ деген ойдамын. Ал, елді мекенге кіру қаупі туындап жатса, сіздермен, су саласының мамандарымен кеңесе отырып, бір шешімін аламыз. Сондай-ақ, ертеңнен бастап Тайсойған және басқа да ауылдық округтерді судан қорғау мақсатында техникалар жіберіліп, бөгет салу жұмыстары жүргізілетін болады, - деді.
Кездесуден соң аудан басшысы ардагерлермен бірге тасқын судың жүрісін бақылап, жасалып жатқан айналма жолдың жұмысымен таныстырды. Ардагерлер жасалып жатқан жұмысына оң бағасын беріп, ақ баталарын жаудырды.
Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ