Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ҚАУІПТІҢ АЛДЫН АЛУҒА ЖҰМЫЛУ ҚАЖЕТ

Бүгін облыс әкімі Серік Шәпкенов іссапармен ауданымзға келіп, су тасқынының алдын алу бағытында жасалып жатқан жұмыстармен танысты.

 Атқарылып жатқан жұмыстарды қысқаша түсіндірген аудан әкімі Қанат Әзмұхановтың айтуынша, 18 наурыздан бастап Миялы ауылында кезекшілік ұйымдастырылуда. Ал, 23 наурыз күні еріген қар суынан ауыл іргесіндегі «Қарасу» деп аталып кеткен сайдың суы күрт көтеріліп, жүріп жатқан көпір құрылысы су астында қалды. Аққан су айналма жолға салынған құбырлармен кедергісіз өтуде.

Қазіргі таңда Ойыл өзені арнасынан асып, жайылмаға шығып жатыр. Алдағы су тасқынынан қорғану үшін «Сағыз-Миялы-Қарабау» тас жолының Миялы ауылы тұсындағы айналма жолды жағалай топырақ төгіліп, бөгеттер тұрғызылуда. Бұдан кейін Миялы ауылының күнбатыс бетіндегі бөгеттер көтеріледі. Тасқын судың алды келгенде қатынас үшін салынған айналма жол бұзылады. Аудандық қоғамдық кеңес мүшесі, аудандық мәслихат депуаты Есенбай Нұров

«Тек Миялы ауылындағы емес, тасқын су баратын барлық елді мекендегі бөгеттерді көтеру қажет. Қазір халық аудан әкімі, округ әкімдері немесе тиісті органдар жауап береді деген оймен бейқам жүр. Олар тек әлеуметтік желі арқылы пікірлерін білдіргенімен, ортақ іске жұмылмай отыр. Сондықтан бөгеттерге кезекшілік қоюда тұрғындарды да тартқан жөн. Мүмкіндік болса облыстан да адамдар жіберіңіздер» деген пікірін білдірді.

Өз кезегінде облыс әкімі Серік Шәпкенов:

– Жоғарыдан келетін судың көлемі өте көп. Соған дайын болып, келген суды абыроймен өткізуіміз керек. Халыққа соны түсіндіріп, алып қашпа әңгімелерді таратпай, дұрыс ақпарат беру қажет. Өздеріңіз айтқандай, бөгеттерді тиісті деңгейге көтеру керек. Аудан әкімінің сұранысы бойынша облыстан техникалар бөлінді. Олар жақында ауданға жеткізіледі. Бөгеттер учаскелерге бөлініп, әр учаскеге жауапты адам тағайындалып, күні-түні кезекшілік ұйымдастырылу қажет. Бұл бағытта атқарылатын жұмыстар қадағаланып, ауызбіршіліктен атқарылуы тиіс. Тілсіз жаудың бірі – тасқын судың қатері көп. Сондықтан адамдардың да қауіпсіздігін ұмытпаңыздар , - деді.

Бұдан кейін аймақ басшысы «Бәйсеу» шағын ауданы шетіндегі тұрғызылған бөгеттерді көріп, сол бағытта жасалып жұмыстармен танысты.

Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT