Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ҚАУІПСІЗДІК ҚАЙТСЕ АЗАЯДЫ?

Қылмыс – заңға қайшы жасалған әрекет, қоғам тыныштығы мен тәртібін бұзатын ауыр құбылыс. Оның түрлері әртүрлі: ұрлық, алаяқтық, зорлық-зомбылық, сыбайлас жемқорлық және адам өміріне қастандық. Бұл тек жеке адамның тағдырына ғана емес, тұтас қоғамға өмірін ластайды..

Қоғам тыныштығын сақтау және тәртіпті қамтамасыз ету – полицияның басты міндеті. Осы орайда аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аудандық полиция бөлімінің ұйымдастыруымен жиын өтті. Оған аудандық полиция бөлімінің бастығы міндетін атқарушы, полиция полковнигі Ертас Бисенғалиев төрағалық етті. Басқосуға аудандық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, ауыл тұрғындары, бөлім және мекеме басшылары қатысты. Жиынның басты тақырыбы ретінде алаяқтық пен есірткі қылмысы талқыланды. Аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Әлихан Жауынбаевтың мәліметінше,  елімізде кеңінен таралып жатқан қылмыстың бірі – интернет алаяқтық. Соңғы кездері интернет желісін пайдалана отырып жасалатын құқық бұзушылық фактілері Instagram, Facebook, WhatsApp, Telegram сынды әлеуметтік желілерде жиі тіркеліп отыр. Интернет алаяқтықтың кең тараған түрі – сауда алаңдарындағы жалған хабарландырулар. Алаяқтар тұтынушыларды арзан баға немесе жедел жеткізу арқылы қызықтырып, алдын ала немесе жартылай төлем жасауды сұрап көп көлемде ақша жымқырып отырған. Мысалы, былтырғы тамыз айында Сағыз ауылында интернет алаяқтық дерегі тіркелді. Алаяқтар тұрғындарға “Зейнетақы қорындағы жинақтарыңызды шешіп береміз” деп ұсыныс жасап, сенімге кірген. Алайда, зейнетақы қорындағы ақшаны тек екі жағдайда: тұрғын үй сатып алу немесе ем-дом жұмсау үшін ғана алуға болатынын ескерту қажет. Алаяқтардың арбауына түскен кейбір тұрғындар алдын ала 150 мыңнан 230 мың теңгеге дейін ақша төлеп, сан соғып қалған. Қазіргі уақытта бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп, күдікті тұлғалар анықталып, іс сотқа жолданды.

- Қазіргі таңда адамдар қарапайым нәрселерге алданып, үлкен қаржылық шығынға ұшырап жатыр. Мысалы, кейбір азаматтар 3 миллион, 4 миллион теңге тіпті одан да жоғары қомақты ақшаларын бір-ақ күнде жоғалтуда. Мұндай жағдай күні кеше тіркелді.  Аудан тұрғындарына алаяқтықтың құрбаны болған жағдайда дереу жергілікті полиция бөліміне хабарласу керектігін ескертеміз. Ешқашан бейтаныс адамдарға жеке мәліметтер мен банк картасының нөмірін, SMS арқылы келген кодтарды жібермеу керек. Әлеуметтік желідегі күмәнді жарнамалар мен ұсыныстарға сенбей, алаяқтардың құрбаны болған жағдайда дереу жергілікті полиция бөліміне хабарласқан жөн,- дейді аудандық полиция бөлімінің бастығы міндетін атқарушы Ертас Бейсенғалиев.

Есірткімен күрес қалай жүруде?

Аудандық полиция бөлімі қызметкерлерінің мәліметіне сүйенсек құрамында есірткі бар өсімдіктерді заңсыз өсірудің жолын кесу мақсатында 2024 жылдың 1 маусымынан 31 қазанына дейін «Қарасора-2024» арнайы жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Іс-шара нәтижесінде 1012 түп жабайы қарасора есірткі заты жойылды.
Соңғы жылдары есірткі жарнамасына қатысты жауапкершілік күшейтілді. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 299-бабы 1-бөлігіне сәйкес, есірткі туралы хабарламаларды тарату, плакаттар мен парақшаларды ілу фактілері үшін 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, есірткіге байланысты ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілікке 14 жастан бастап тартылады. Есірткі қылмысына қатысты тағы бір дерек былтырғы желтоқсан айында Жамансор елді мекенінде тіркелді. Тексеру барысында жергілікті тұрғынның тұрғылықты мекенжайынан 9 келі кептірілген марихуана есірткісі тәркіленді. Қазіргі таңда бұл оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Сонымен қатар, жастардың есірткі қылмысына араласуы қоғамды алаңдатып отыр. Кейбір жасөспірімдер жеңіл ақша табу мақсатында Telegram арқылы арнайы чаттарға қосылып, тапсырма алып, есірткі тасымалдау сияқты заңсыз әрекеттерге барып жатады. Осыған орай, полиция өкілдері ата-аналарға:“Балаларыңыздың, әсіресе әртүрлі қалаларда білім алып жүрген студент жастардың іс-әрекеттеріне жіті назар аударып, болашағына алаңдаушылық білдіруіңізді сұраймыз” – деп үндеу жасады.

Қасапшыларды тұсау қажет

Жиынға қатысушылар бұдан бөлек аудандағы күрмеуі қиын, күн тәртібінен түспей тұрған тақырыптарды талқылады. Көкейде жүрген өткір мәселемен сын, пікірлерін полиция басшыларына ашық айтты. Айталық, кәсіпкер Сүйеуғали Дүйсәлі:

- Мал сою орталықтары халыққа қажет болғандықтан ашылды. Бірақ мен орталықты жауып тастайын ба деп ойланып жүрмін. Неге? Өйткені халықтан мал тұрақты түрде келмейді — көбіне үйінде немесе жасырын сойылады. Ауылда арнайы мал соятын адамдар бар. Олар малды үйден сойып, шек-қарынын өздері тазалап, дайын күйінде тапсырады. Осы жағдайлар орталықтың жұмысына кедергі келтіріп тұр. Бұрын мейрамхана, тойхана, асханалар тұрақты түрде тексерілетін. “Бұл мал қайдан сойылды? Тиісті орыннан ба?”деп сұралатын. Қазір, өкінішке қарай, мұның бәрі ұмыт болды. Заңсыз жұмыс жасайтындарды тәртіпке салу керек,- деген пікір білдірді.

Бұған жауап берген аудандық полиция бөлімінің бастығы міндетін атқарушы, полиция полковнигі Ертас Бисенғалиев:

- Үйде сойылатын малдар бойынша тапсырма алдық, бұл бағытта жұмыстар жүргіземіз. Халықымызда “Ауруын жасырған өледі” деген сөз бар. Бұл жағдайда көбіне тұрғындар «Білеміз» деп айтады да, бірақ есімдерін ашық айтпай, жасырады. Ашық айтса, біз тиісті шараларды қабылдаймыз. Бөлімге келіп, арыз жазуға болады. Полиция бөлімі тәулік бойы жұмыс істейді, біз ешкімге шектеу қоймаймыз,- деді.

Тексерісті күшейту керек

    Барды бар деп айту керек аудандық полиция бөлімінің жұмысында ілгерушілік бар. Формаларыңызды біз сыйлаймыз, бірақ  форма қандай болса ішіндегі адамның ой тазалығы, іс тазалығы сол үстіндегі киімге сай болуы керек деп есептеймін. Сәтбаев көшесінің екі жағында жол түсіп тұр, сол жерде ешқандай белгі жоқ, кім қалай  бұрылады өзі біледі. Балабақшадан балалар,мектептен шығатын  оқушылар  бар сол жерді қаратуыңызды сұраймыз.Сол көшеге белгі керек. Жалпы ауданымыздағы жол белгілерін көбейтіп, ескілерін жаңарту қажет. Бұл іске біреу жазым болмай тұрғанда ерте қамданайық.
Екінші мәселе ұрлық. Жан-жақтан келіп үлкен жүк көліктерімен мал тиеп жатыр. Сол машиналардың бәрі бір-екі мал тиеп жатқан жоқ қой. Жоқ дегенде 25-30 бастан тиеп жатыр. Солардың бәріне полиция бөлімінің қызметкерлері барып тоқтатып, ескертіп, құжаттарын тексеріп, мал қандай ауылдан шығып тұр, сол ауылдың учаскелік полициясы мен бірге жұмыс жасау қажет. Сол көлікке қанша мал тиелген? Малдың барлығын тексеріп, құжаттарын қарап, керек болса, жеке-жеке суретке түсіру қажет. Қаншама ақ адал мал дұрыс тексерілмей, жіті бақыланбағанның кесірінен қолды болып кетті. 30 бас мал тиелген болса соның ішінде бесеуінде құжаттары болмайды. Сондықтан тексерісті күшейту керек деп ойлаймын.  

 Айжан ІЗІМОВА,
аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі

   Алқалы жиында жан-жақты пікірлер сараланып, полиция бөлімінің алдағы жұмыс жоспарлары талқыланды. Мәселен, ауданға 100 бейнекамера орнату жоспарланып отыр. Жылдың ортасына дейін оларды орнатып, іске қосамыз деп уәде берілді. Оның ішінде бесеуі — жылдамдықты өлшеуге арналған камералар. Мамандардың айтуынша, жылдамдықты өлшейтін камералар бір жерде тұрақты тұрмайды, оларды уақыт өте ауыстырып отыру көзделген. Сонымен қатар, мал ұрлығын болдырмау мақсатында арнайы қоралар салу жоспарда бар. Жол жиегіне салынған қораларға мал тиелген көліктер тоқтатылып, ішіндегі төрт түлік тексерілмек. Бұл қоралар салынғанан кейін, онда арнайы қарауылшылар мен жем-шөп беруші қызметкерлер жұмыс істейтін болады.
   Қылмыстың алдын алу — қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты шарты. Полиция бөлімінің бастамалары аудан тұрғындарының тыныштығы мен мүлкін қорғауға бағытталған. Халық пен полицияның өзара ынтымағы тәртіп пен қауіпсіздіктің кепілі болмақ.

    Самғат ҚУАНЫШҚАЛИ
суретті түсірген автор

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT