Еліміздің түкпір-түкпірінде тойланып жатқан Наурыз мерекесін тойлауды Қызылқоға ауданының тұрғындары да ұмыт қалдырмады. Күн мен түн теңескен жыл басы Наурыз мерекесін көпшілікпен бірге тойлау үлкен мəртебе.
Мерекеге орай Миялы ауылының орталық көшесіне мекемелер алты киіз үй тігіп, оларға «Бөкен», «Халел», «Мұрат», «Исатай», «Ғабдол», «Шернияз» ауылдары деген ат берілді. Қазақы нақышпен безендірілген әр үйдің сыртында келушілерге бауырсақ пен наурыз көже таратылды. Киіз үй маңында бірін-бірі құшақтай көрісе амандасқан ағайынның қуанышы – күллі елдің қуанышы деуге болады.
«Наурызым – дәстүрлі ізгілігім» атты мерекелік шараның ашылу салтанатында құттықтау тілегін білдірген аудан әкімі Қанат Әзмұханов:
– Құрметті аудан тұрғындары, қадірлі қонақтар! Баршаңызды Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесімен құттықтаймын! Көктемнің алғашқы күні Алғыс айту мерекесімен басталған болса, одан кейін аналар мерекесімен, Амал мерекесімен жалғасып, бүгін әз Наурызымыз келіп отыр. Мерекелеріміз құтты болсын. Қазыналы қарттарымыз, жарқын болашаққа жетелейтін жастарымыз аман болсын. Елімізге келіп жатқан көп су халқымыздың ырысы болсын! - деді.
Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ