Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Індет қайтадан белең алуда

Коронавирус пандемиясы бойынша ахуалдың тұрақтылығын сақтау мақсатында аудандық мобильді топ мүшелері Миялы ауылындағы кәсіпкерлік нысандарды аралап, рейд жүргізді.

Аудан әкімінің орынбасары Жәнібек Тұрдағалиев жетекшілік еткен, құрамында аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің, аудандық ішкі саясат бөлімі, аудандық полиция бөлімі, аудандық кәсіпкерлік палатасының басшылары мен мамандары бар мобильді топ өткен аптаның бейсенбісі күні азық-түлік, құрылыс дүкендері мен қоғамдық тамақтану орындарының иелеріне барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтап, келген тұтынушыларды бетпердесіз кіргізбеу керектігін ескертті.

Барлық ғимараттардың есіктерінде «Бетпердесіз кіруге тыйым салынады!» деген ескертулер тұрғанымен, кейбір дүкендердің ішіне кіргенде бетпердесіз жүрген адамдарды кездестірдік. Сатушылар да оларды көрсе көрмегендей болады. Мобильді топ мүшелерінің «Бетпердесіз неге кіресіздер?» деген сауалдарына «Бар ғой» деп қалталарынан немесе сөмкелерінен алып жатты. Сатушылар да «Айтып жатырмыз» деп ақталады.

Сонда, індеттің қауіпті екенін әлі түсінбей келеміз бе?

Оларға аудан әкімінің орынбасары Жәнібек Тұрдағалиев пандемия қаупі қайта күшейіп келе жатқандығын, соның салдарынан Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары «қызыл аймаққа» енгенін, індетті жұқтырған адамдардың көбеюінен көршілес Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстары «сары аймақта» екендігін түсіндірді.

Санитарлық талаптарды сақтамаудың салдарынан сәл саябырсыған індет қайта белең алып келеді. Денсаулық өзіңізге, жақындарыңызға керек. Ауру айтып келмейтінін түсініңіздер, - деді аудан әкімінің орынбасары Жәнібек Тұрдағалиев.

Айта кетсек, аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мәліметіне сүйенсек, бүгінгі күні коронавирус пандемиясының белгісі табылған бір аудан тұрғыны үй жағдайында ем алуда.

Бауыржан САҚТАСИНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521