Сейсенбі күні «Аналар үндестігі» үкіметтік емес ұйымының жетекшісі Гүлсім Биташева Сағыз ауылында көп балалы, жалғыз басты аналарға іс тігуді үйрету мақсатында біркүндік шеберлік сағатын өткізді.
«Шұғыла» мәдениет үйінде ұйымдастырылған шараға қырыққа жуық нәзік жанды қатысты. Алдымен киім тігетін мата таңдау, киім пішу бағытында түсінік берген тәлімгер одан кейін тігін машинасымен ісмерліктің қыр-сырын үйретті. Ұйым жетекшісінің айтуынша, шеберлік сабағына қатысушылардың «іс тігуді білсем, үйренсем» деген құлшынысы басым екен. – Қазіргі уақытта дүкендерде, базарларда сатылатын киімдер, әсіресе балалар киімдерінің бағасы ұшынып тұр. Қанша қажет болса да қалаған киімін сатып алуға әсіресе көп балалы, жалғыз басты аналардың мүмкіндіктері бола бермейді. Сондықтан, соларға арнап шеберлік сағатын тегін ұйымдастыруды ұйғардым. Тігіншілік кәсіппен айналыспаса да олар ең болмаса балаларына киім тігіп берсе, отбасылық бюджетке біраз үнем болар еді. Жалпы, әйел затына тігіншілік жат нәрсе емес. Сондықтан, олардың іс тігуге деген қызығушылығы жоғары болды, – дейді Гүлсім Биташева. Айта кетсек, «Аналар үндестігі» үкіметтік емес ұйымының жетекшісі Гүлсім Биташева бұған дейін Исатай ауданының Нарын, Х.Ерғалиев ауылдарында болып, осындай шеберлік сабағын өткізген еді. Шеберлік сабағынан іс тігудің қыр-сырын үйреніп, тәжірибе жинақтаған сағыздық қыз-келіншектердің ұйым жетекшісіне айтар алғысы аз болмады.
Бауыржан САҚТАСИНОВ