Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Ерлікке тағзым – ұрпақ парызы

Биыл Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына 73 жыл толып отыр. Бұл соғыс қазақ халқының, аға буын өкілдерінің,әкелеріміз бен аналарымыздың биік рухын, ерлігі мен қаһармандығын әлемге танытты.

 Қан майданда өшпес ерлік пен елдіктің, қаһармандық пен батырлықтың ерен үлгісін көрсеткен қазақстандықтардың сапында қызылқоғалықтар да көптеп саналады. Елімізге тұтқиылдан баса көктеп кірген немістерге тойтарыс беруге ауданымыздан аттанған 4512 сарбаздың 910 сұм соғыста қаза болса, 702 хабарсыз кетті. Бүгінгі таңда ауданымызда бір Ұлы Отан соғысы ардагері, бес соғыс ардагеріне теңестірілгендер және 228 тыл еңбеккері бар. Сондықтан, Жеңіс күні қызылқоғалықтар үшін айтулы мереке.

 Соғыс құрбандарын еске алды

Бұл күні Миялы ауылындағы аудан орталығындағы мекемелер мен ұжым қызметкерлері «Соғыстан оралмағандар» обелискісіне, «Даңқ» орденінің толық иегері Ш.Еркінов бюстсіне гүл шоқтарын қойды. Бұдан кейін Ұлы Отан соғысы ардагері Аққұл Сарбуфеев атындағы саябақта орналасқан «Белгісіз солдат» ескерткіші жанында жиналған жұртшылық майданнан оралмаған боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алып, тағзым етті. Салтанатты жиында сөз сөйлеген аудан әкімі Арман Баженов: – Бүгінгі айтулы мереке халқымыздың қажымас қайраттылығымен, елдігі мен ерлігінің символы. Өзінің қайғы-қасіреті мен зардаптары жөнінен бұл соғыс адамзат тарихындағы ең бір қанқұйлы соғыс болды. Осы Жеңіс жолында миллиондаған адам құрбан болды. Біз бұл жеңісті қимас боздақтарымыздың, әкелеріміз бен аталарымыздың өмірімен өтедік. Жауынгерлер майдан даласында әр сүйем жер үшін қасық қандары қалғанша шайқасса, елде қалған қарттар мен қыз-келіншектер, жасөспірімдер тынбай еңбек етіп, жеңісті жақындатуға зор үлес қосты. Сондықтан, бүгінгі күні бізге ашық аспан, бейбіт өмір сыйлаған ардагерлерімізді, тыл еңбеккерлерін ешуақытта ұмытпай, қастерлеп жүру борышымыз. Жеңіс күні мерекесімен баршаңызды құттықтап, шаңырақтарыңызға шаттық, өмірлеріңізде жеңісті күндер көп болсын демекпін, – деді. Бұдан кейін сөз алған аудандық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Мақсот Карин ізгі тілегін білдірді. Құттықтау тілектерінен соң аудан әкімдігі, аудандық мәслихат аппараты, мәслихат депутаттары, «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы, құқық қорғау органдары, бөлімдер мен мекеме қызметкерлері, қоғамдық ұйымдардың өкілдері «Белгісіз солдат» ескерткіші алдына салтанатты түрде гүл шоқтарын қойып, естелік суретке түсті.

Сағыздық жүйріктер дара келді

Ұлы Жеңіс күніне арналған мерекелік шара «Бәйгетөбе» алаңында тай жарысы, аламан бәйге, аударыспақ, кір тасын көтеру, арқан тарту секілді ұлттық спорт түрлерімен жалғасты. Қашанда бәйге десе ішкен асын жерге қоятын жұртшылық алдымен тай жарысын тамашалады. Төрешінің белгісімен алаңды шаңдата шаба жөнелген 12 тайдың арасынан сағыздық атбегі Асқар Тілектестің «Вулкан» атты тайы бір айналымы үш шақырым болатын қашықтықта алдына қара салмай, бәйгеге тігілген 25 мың теңгені иеленді. Жангелдиндік Аманкелді Жұмабаевтың жирен тайы мәре сызығын екінші (15 мың теңге) болып қиса, үшінші (10 мың теңге) болып Сағыз ауылдық округінен қатысушы Әділет Әметовтің жирен тайы келді. Ал, жеті айналымы 21 шақырымды құрайтын аламан бәйгеге 16 жүйрік қатысты. Жүргізуші атбегілер мен шабандоздардың аты-жөнін, аттардың жасын, түсін, атақ-даңқын таныстырып өткен соң, дүбірлі дода басталды. Аламан бәйгеде алты айналым бойы бесінші келе жатқан сағыздық Азамат Құралдың «Император» атты жирен қасқасы соңғы айналымда суырылып алға шығып, бірінші орынның жүлдесі 150 мың теңгені иеленсе, екінші болып жангелдиндік Бисенов Рашидтің күрең төбелі келіп, 120 мың теңгені еншіледі. Үшінші орынға тігілген 80 мың теңгені Жамбыл ауылдық округінен қатысқан Орынғалиев Нұрболат ұтып алды. Бұдан кейін жігіттердің ептілігін, білектерінің күштілігін сынайтын аударыспақ, арқан тарту және кір тасын көтеру сайыстарына кезек берілді. Аударыспақта жангелдиндік жігіттер Азамат Аштақаев (І орын) пен Әділет Жауынбаев (ІІ орын) ептілігімен көзге түссе, кір тасын көтеруде тайсойғандық Сәлімжан Өтеғалиев жеңіс тұғырынан көрінді. Ал, арқан тарту сайысында қарсылас шақ келтірмеген 1989 жылы дүниеге келген миялылықтар бірінші, «Жангелдин жастары» командасы екінші орынды иеленді.

Бауыржан САҚТАСИНОВ.

Cуреттерді түсірген автор

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT