Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Елдің еңсесі ерлерімен тік

Бесінші мамыр күні «Арман» мәдениет үйінде ұйымдастырылған мерекелік жиын Отан қорғаушылар күніне арналды.

Мәслихат депутаттары, мекеме басшылары мен қызметкерлері, тыл және ауған соғысы ардагерлері, ауыл тұрғындары қатысқан салтанатты шарада алдымен мемлекеттік Әнұран ойнатылып, аудан әкімі Арман Баженов құттықтау сөз сөйлеп:

– Құрметті қызылқоғалықтар! Баршаңызды Қазақстан Республикасы Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл күн – Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында еліміздің дербес саяси-экономикалық дағдарған тұстағы Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың ең алғашқы қолға алған келелі істерінің бірін айғақтайтын күн. Мемлекет басшысының басшылығымен Қазақстан Қарулы Күштері соңғы әскери техникалармен, қару-жарақпен қамтамасыз етілуде. Елімізде әскерилерге барлық әлеуметтік-тұрмыс жағдайлары туғызылған. Жыл сайын әскер қатарына мыңдаған жас шақырылып, олар әскери машыққа үйреніп, ел қорғауға дайын азаматтардың қатарына қосылып жатыр. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында ел үшін жасалған ерен еңбек пен жасампаз ерлікті өшпес өнеге ретінде насихаттау туралы нақты айтылған. Өйткені, елжандылық, шынайы патриоттық сезім, өнегелі өткенімізге адалдық, ұлттық кодымыздың нығаюы осы мәселелерден нәр алмақ. Сондықтан, ауданымызда ата-баба, аға ұрпақтың ерлік дәстүрін ардақ тұтып, жас ұрпақ пен жастары елін қорғауға дайын болуы үшін оларды жан-жақты білімді, жігерлі, салауатты етіп тәрбиелейік, – деді.

Бұдан кейін аудан басшысы запастағы майор Есенбай Нұровты «Жергілікті әскери басқару органдарына – 100 жыл» мерекелік медалімен марапаттап, ауған соғысына қатысқан ардагерлерге облыстық архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен шыққан «Ауған соғысы ардагерлеріне мәңгілік тағзым» атты кітаптар мен естелік сыйлықтар табысталды. Мерекелік жиында аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы, майор Нысаналы Нәсіпқалиев, ауған соғысының ардагері Абай Мұғалімов мерекелік құттықтау тілектерін жеткізген соң, көрермендер «Арман» мәдениет үйі жанындағы «Халық театры» ұжымы сахналаған Т.Ахтановтың екі бөлімнен тұратын «Күтпеген кездесу» қойылымын тамашалады. Қойылым желісі бойынша соғыс кезіндегі қазақ жауынгерлерінің ерлігі, «қара қағаз» келсе де аяулы жарын күткен ана, батыр әкесінің ерлігін мақтан тұтып, оның махаббатын аңсаған қыздың образдары сомдалады. Сахна шымылдығы соғыстан кейінгі жылдары майдангер Маңғас Нұржанов командирі Мырзахмет Естемесовтің қызы Ғалиямен кездесуімен ашылады. Шайқас алдында ел туралы, отбасы жайлы жаңалықтарымен бөлісіп отырғанда қатардағы жауынгер Маңғасқа командирі соғысқа аттанғанда елде жары Ғайни мен үш жасар Ғалия есімді қызы қалғанын айтады. Елге деген сағыныштарын лейтенант М.Естемесовтің сүйікті әні «Әйкен-айды» айтып басатын олар, неміс басқыншыларын өз ордаларында талқандап, жеңіске жеткен соң болашақта не істейтіндері жайлы да сөз қозғайды. Бірақ, бұл армандары орындалмай екеуіне кезекті бір тапсырма кезінде айырылысуға тура келеді. Жау тылына барып құнды мәлімет әкелу үшін аттанған барлаушылар тобы немістердің бекінісін картаға түсіріп, деректерді алған соң алғы шепке өту қиынға соғады. Сол кезде лейтенант М.Естемесов Ғалиевтің бөлімшесін жауды алдандыру үшін ұрысқа жіберіп, өздері басқа жерден алғы шепке өтуге әрекет жасайды. Бірақ, бұл жерде де жау тосқауылына тап болады. Командирлері аяғынан жараланған соң жауынгер Спивак қаша соғыса жүріп немістерді өзіне ілестіріп әкетеді. Жаралы аяқпен жүре алмаған соң Маңғасқа жау бекінісі түсірілген карта мен анықтамаларды берген лейтенант М.Естемесов қайтсе де алғы шептен өтіп, полк командиріне тапсыруды бұйырады. Командирін жау тылына қалдырғысы келмеген Маңғасқа лейтенант М.Естемесов:

– Мына планшеттің ішіндегі сызықтар үшін менің қанша адамды құрбан еткенімді білесің бе? Жаңағы жауды соңына салып әкеткен Спивак, шабуылға шығып қаза тапқан Ғалиевтің бөлімшесін ұмыттың ба? Осының бәрі мына планшеттегі сызықтың құны. Егер бұл мәлімет ертең таңда командованиенің қолына тимесе... онда мұның құны бес тиын, – дейді. Осы сөзден соң амалсыз кеткен Маңғас бұдан кейін командирін көре алмайды. Бейбіт өмірде ауатком председателінің орынбасары лауазымындағы Маңғас командирінің қызы Ғалиямен кездесіп, оның анасы Ғайнимен танысқан соң, олармен жақын араласып кетеді. Тұрмыстық жағдайына көмектесіп, өз үйінің қасынан пәтер де әпереді. Уақыт өтіп, Ғалия да мектеп бітіреді. Қалаған оқуына түсіп студент атанады. Бір күні қаладағы қызына келген Ғайни ауатком шофері Бабатаймен асханада тамақтанып отырғанда артынан «қара қағаз» келген жары Мырзахметті көріп:

– «Мырзаш», «Мырзаш», – деп айқайлап есінен танады. Келген жанды танымай күйеуін айта берген соң, Ғалия Маңғас ағасына: «Мамамның папамды көруі мүмкін бе? Мамам бұрын да көрінген адамнан папама ұқсастық тауып отыратын ылғи. Бұл жолғысы тіптен ерекше. Сондықтан, қалаға барып, әлгі адамды іздеп көрсеңіз қайтеді?, – деп қолқа салады. Сөйтіп, көрмеген адамын іздеуге шыққан Маңғас қаладағы қонақ үйлердің бірінен бұрынғы командирі Мырзахметті кездестіреді. Бір-бірін таныған соң құшақтаса амандасқан олар әңгімелесе отырып, жағдайларымен танысады. Сол жолы жау тылында қалған Мырзахметті басқа бөлімнің жауынгерлері тауып алып, госпитальге жібереді. Жарасы асқынып, гангрена басталуға аз қалған аяғын кестірмей, ұзақ емделіп шығады. Отбасына оралмау себебін түсіндірген Мырзахмет:

– Мен моральдық жағынан тұрақсыз болып шықтым. Госпитальде өзімді емдеген қызбен көңіл жарастырып, соған үйлендім. Ғайниға мен жайлы «қара қағаз» келгенін біліп, бәрібір кететін болған соң бір түңілген адамды қайта тірілтіп алып, қайтадан түңілткім келмеді, – деп қызы Ғалиямен жүздестіруді өтінеді. – Ғалияш дейсің, талайды көрген менің өзім тоналып қалғандай ойсырап, құлазып тұрмын. Қызыңның өзі мақтан ететін, майданда қаза тапқан аяулы әкесі бар. Ол сол батыр әкесін ардақтап жүре берсін, – деп оның өтінішіне жауап берген Маңғас бөлмеден шығып кетеді. Қойылымды көрермендерге ұсынып, қошаметтеріне бөленген «Арман» мәдениет үйі жанындағы «Халық театры» ұжымының актерлері Азамат Қабылов (Мырзахмет Естемесов), Сағдат Мұратұлы (Маңғас Нұржанов), Жанар Айдарбаева (Ғайни), Жарқын Нәбиева (Ғалия), Бисұлтан Мұқтаров (Бабатай) өз рөлдерін асқан шеберлікпен орындап шықты. Мұның барлығы да қойылымды дайындап, сахналаған Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, режиссер Сағидолла Яқыптың еңбегі екені даусыз.

Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT